Русский Сайттың толық нұсқасы

Qazkom мен Халық банкі бірігу туралы өзара келіссөздер жүргізе бастады

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2017
  • 2103

Qazkom мен Халық банкі бірігуі мүмкін. Аталған екі банк өзара келіссөздер жүргізуді бастады. Бұл туралы ақпарат екі банктің ресми сайтында жарияланды. «Қазкоммерцбанк» таратқан ақпаратта, банк пен негізгі акционер Кеңес Рақышев әлеуетті мәміле жөнінде «Халық Банкпен» алдын ала келіссөздер жүргізе бастағаны жазылған. Ал «Халық Банк» таратқан баспасөз парағында "келісім өткен жағдайдың өзінде әлеуетті мәміленің шарттары жайлы айту әлі ерте" делінген.

Қос қаржы институты бірігуі мүмкін деген ақпар өткен жылдың қараша айында шықты. Алайда, ол кезде Qazkom тарапы "өзге қаржы институтымен бірігу жөнінде ақпар жоқ" деп мұны жоққа шығарған. Ал халық банкінің өкілдері бірігу тақырыбы жайлы мүлде жақ ашпады.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы банк жүйесі активтерінің 37% осы екі банкке тиесілі. Халық банктің нарықтық капиталы 1,7 млрд доллар. «Қазкоммерцбанктің» ішкі нарықтағы қаржысы 542 миллион долларды құрайды.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА