Русский Сайттың толық нұсқасы

Студенттер спортты жек көрмейді. Бірақ фаст-фудты да «ұнатады»...

  • AstanaTV
  • 28 қаңтар 2017
  • 3361

Универсиада алдында мынадай сюжет.Студенттердің көбінің асқазан дертімен ауыратыны шын. Себебі ыстық су құйып жей салатын лапша, өмірі төгілмейтін майға қуырылатын самса, оның фаршының да құрамын «құдай біледі», газдалған сулар және уақытында тамақтанбау «темірді үгітетін» диета. Оған шылым мен ішімдік қосса...

«Азаттық» «Қоғамдық экспертиза» бірлестігінің жүргізген зерттеуін келтіреді: Алматы университеттері мен колледждерінде оқитын студенттердің 74 пайызы фаст-фуд жейді. Студенттердің 32 пайызы бұл тағамдарды тұрақты түрде пайдаланады. Әлеуметтік сауалнамаға жауап берген студенттердің шамамен 34 пайызы – шылым, 38 пайызы кальян шегетінін, 32 пайызы алкоголь ішіп, 20 пайызы насыбай ататынын айтқан. Студенттердің 70 пайызы түрлі газдалған, энергетикалық, қанты мөлшерден көп, бояғыштары бар сусындар ішеді. Сауалнама жүргізгендер  «студенттердің 30 пайызы – асқазан, ішек, қант диабеті, ал 30 пайызы – қан тамырлары, ішкі органдар аурулары сияқты қауіп алдында тұр» деген...Студенттердің спорт, денешынықтырумен үштен екісі айналыспайды. Ал айналысса... Бірінші кезекте өзі үшін. Өз денсаулығы үшін. Сосын. Сосын елдің спорттық әлеуеті де артар еді. Америкада спорттың керемет дамығанының бір себебі – студенттік спорт күшті дамыған. Сонымен бірге мемлекет ғана емес, ірі бизнес үшін де мықты потенциал – ойлы, белсенді, елгезек адамдар экономикалық жағынан тиімді. Әлеуметтік жауапкершілікті айтпай-ақ түсінеді. Тақырыпты оралдық студенттер мысалында Еркін Карин жалғастырады.

Бес минутта дайын асқа айналатын қытай кеспесі - 20 жылдан бері студенттердің басты тағамы болып келеді. Өйткені әзірлеуге көп уақыт кетпейді, әрі арзан. Ал роллтонның дәмімен бала кезден ауызданған қазіргі студенттер үшін бұл өте қолайлы.

 Ас - адамның арқауы. Сондықтан дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі екенін дәрігерлер уақыты жоқ, жұмысы көп қазіргінің адамдарына әлі түсіндіре алмай келеді. Өйткені шикілі-пісілі тамақ денсаулыққа зиян екенін көпшілік мойындай бермейді. Бір ғана мысал - 65 жасқа дейінгі өлім-жітімнің 50 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болады екен.

Венера Мерғалиева, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы: 

- Адам күніне 1500 калориялы тамақ ішу керек. Ал қазіргі бір гамбургер немесе бір чисбургердің құрамында 1500 калориялы тамақ бар. Ал адам бір күнде бұл мөлшермен шектеліп қоймайды. Сондықтан мұның адам үшін тигізер зияны өте көп.

Студенттердің өз саулығына салғырт қарайтынын айтқан мамандар енді 20-30 жылда елдегі сырқаттар санын қазіргі жастар көбейтуі мүмкін дейді. Мысалы, «Қоғамдық экспертиза» бірлестігінің дерегінше, бір ғана алматылық студенттердің 74 пайызы - фастфудқұмар. Оның 32 пайызының басты қорегі - осы көше тағамы. Ал газдалған тәтті сусындар, шылым мен ішімдікке үйірсектердің жайы бір бөлек. Демек, студенттерге төнген қауіп асқазан-ішек жолдары аурулары, қант диабеті және гастритпен шектелмейді. Бір өкініштісі, нәрсіз астан зиян шеккендердің есебін алуға ешкім асығар емес.

Нәдір Зайлағиев, студент: 

Жақын бір таныстарымыз бар. Солар асқазан қыжылы ауруына ұшырады. Майонезде уксус көп болады ғой. Сол себепті асқазаны ауырып шағым түсіретін. Сондай жағдайларда кейде ойланып та қаласың. Бірақ аш қалмау үшін жаңағыдай тамақ жеуге тура келеді.

Тұрсынай Қажығали, студент: 

Бізде оңтүстіктің қыздары көп жатақханада. Палау пісіреміз оңтүстікше. Арасында осылай ет асып та қоямыз. Сұйық тамақтар да жасаймыз көбіне. Жатақханада білесіздер макарон көп дайындалады. Өйткені тез дайындалады. Себебі қарны ашып келген адамның екі-үш сағат бойы ет қайнатып отыратын уақыты болмайды.

Әлбетте күн сайын ет асып жеуге тірлігі жұпыны жатақхана тұрғындарының жағдайы жоқ. Бірақ мұндағы өмір тәртіпке бейімделген. Студенттердің жүріс-тұрысы қатаң бақылауда. Кешкі астан кейін жастар ән шырқап, бой сергітеді. Ал оқу залында кітапқа шұқшиғандардың көңілін көтеруге тырысқандары балалық шақты еске түсіріп асық та ойнайды.

Үкіметтік емес ұйымдардың дерегінше, спортпен айналысатын студенттердің саны 20 пайыздан әрең асады. Спортқа зауқы жоқтарды былай қойғанның өзінде жастар дәрігерге уақытылы қаралып, денсаулығын тексертуге де құлықты емес. Сондықтан жастар тәрбиесімен айналысатын мамандар оқу орындарында студенттік спорт түрін дамыту керек дейді. Сонда ғана олардың сабақ пен спорттан басқа зиянды әдетке бос уақыты қалмайды.

Мұхит Шектібаев, Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің жастар комитеті төрағасының орынбасары: 

Студенттік спортқа баса көңіл бөлініп, жолға қойылса ғана дені сау жаңа буын қалыптасады. Әрине бес саусақ бірдей емес. Олардың арасында да спортпен айналысуға ерік-жігері жетпейтін, еріншектер де болады. Жастардың қызығушылығын ояту үшін спортпен мақсатты түрде айналысатын замандастарының жеңісін үлгі қып, мотивация жасауымыз керек.Сонда әлгі еріншектер мен қырсықтар ұялады, әлде көптен қалғысы келмей спортпен айналысуға кіріседі.

Қазір үшінші курста оқитын Серікбай Нығметов үлгілі спортшы студент ретінде мысал қылуға сұранып-ақ тұр. Самбо күресінен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы атанған ол әлем чемпионатының қола жүлдесін екі рет иеленіп, спорт шебері атанды. Күні кеше Қазақстанның әр аймағында тұтанған Универсиада алауын абыроймен алып жүру де осы ел мақтаған жігітке сеніп тапсырылды.

Серікбай Нығметов, студент: 

Спорт ең алдымен адамның өзі үшін қажет. Бұған дұрыс тамақтанудан бастап, өзінің күн режимін де қосуға болады. Мысалы мұны адамның денесін өзі киетін киіммен салыстыруға болады. Мысалы, киімді кірлетпей ұқыппен киесіз ғой. Мұнда да сол сияқты. Құдай берген денеңді бүлдірмей, күтіп ұстап жүргенге не жетсін?

Нәдір Зайлағиев, студент: 

Жалпы спортпен айналысу үшін тиімді уақытың болуы керек. Ондай уақыт студенттерде көп бола бермейді. Қазіргі кезде жекешеленген фитнес-орталықтар, спортпен айналысатын орталықтары ақылы түрде болып кетті де, оған баруға кейбір адамдардың жағдайы жетпеуі мүмкі, кейбіреулерінің ниеті болғанымен қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондай жағдаймен өзіміз де спорттан қалыс қалып жатамыз.

Еркін Карин, тілші: 

Бірақ мамандар зиянды деп таныған тағамдарға, темекі мен араққа үзілді-кесілді тыйым салу мүмкін емес. Егер темекіге тыйым салынса, шылымқұмарлар құштарлығын насыбаймен басады. Ал арақ сатылмаса неден жасалғаны белгісіз басқа спирттік ішімдіктерге сұраныс көбейеді. Фастфуд та солай. Бұл елдің өткен тарихынан белгілі нәрсе.

Сондықтан сіз бен біздің санамыз сілкінбесе, жағдайдың өзгеруі мүмкін емес. Демек Нәдір мен оның замандастары үшін, бәлкім олардың ізін басар іні-қарындастары үшін фастфуд бәз-баяғыша басты тамақ болып қала беруі мүмкін.

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».