«Кейбір адамдарды күллі қазаққа таныс, есімі алты алашқа белгілі деп таныстырып жатқанда ол адам туралы бұрын-соңды естімегенім үшін қатты ұялып кетем. Біз әлемде аналогы жоқ асыра мақтаудың үлгісін ойлап тапқан халықпыз».
«Дөп сөз» айдарының кейіпкері Қайнар Тоқынұлы, Қарағандыда оқытушы.
Саламат Омаш: Армысыздар, құрметті көрермен! Адамның көзі жетпеген жерге сөзі жетеді. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қайнар Толқынұлы. «Жастарға неге ренжисіздер? Тәрбиелеген өздеріңіз ғой»,- деген Қайнар жоғары оқу орнында заң саласы бойынша оқытушы.
Кейбір адамдарды күллі қазаққа таныс, есімі алты алашқа белгілі деп таныстырып жатқанда ол адам туралы бұрын-соңды естімегенім үшін қатты ұялып кетем. Біз әлемде аналогы жоқ асыра мақтаудың үлгісін ойлап тапқан халықпыз.
Саламат Омаш: Иә, біз мақтасақ көкке көтеріп, жамандасақ жерге кіргіземіз. Біз өз жарамызды ұмытып, өзгенің қотырын қасуға әуес болғаннан соң ба, әйтеуір ішкі проблемадан гөрі әлемдік деңгейді ойлап бас қатыратынымыз да бар.
«Мəңгілік бала бейнеде» бір мастың бағананы айналып жүріп: "Бәйбіше, ауылға жеттік пе?" дейтіні бар еді ғой. Отыз елдің қатарына жеттік пе, өзі?
Саламат Омаш: Қан тамырымыз қаңсыса да қыңқ етпей жата беретін кез өткен сияқты. Экономикалық, саяси өзгерістер жүріп жатқан шақта қазақ болып қалу үшін не істеу керек?
«Ана кітапты оқымасаң қазақ емессің», «мынаны істемесең қазақ емессің», «қазақша білмесең қазақ емессің»... Ештеңе істемей-ақ қазақ бола беруге болмай ма?
Қайнар Толқынұлы: Менің екі арманым бар. Біреуі әлемнің елдерін аралап шығу, екіншісі - бір мектеп ашқым келеді. Ол мектепте оқушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік берер едім.
Саламат Омаш: Біздер жұмыста отырып «жұмысым бар еді» деп кете беретін халықпыз ғой. Бірақ «жаным арымның садағасы» дейтін де біздер. Анау күні -қазақ қыздарынан қалыңдық іздеп қара қытай қаптағалы жатыр екен,- дегенді естігенде өре түрегелдік. Қызық үшін айта кетейін, 2016 жылы Қытайда 17 миллион адам, яғни бір «Қазақстан» дүниеге келіпті.
Қытайға қазақ қыздары көптеп тие берсін. Қытайда қазақ жиендер көбейгенде ол елді басып алу оңай болады.
Саламат Омаш: Қалжың ретінде жазылған, әрине. Таяқтың екі ұшы бар демекші, кез-келген дүниеге екі түрлі көзқараспен қарауға болады. Мысалы, кезінде Үндінің киносы қазақ ғана емес, бүкіл Одақта сәнге айналды. Ал қазіргі үндінің сериалдары ше? Қайнар сол сериалдардан «сиырдан бата алдыңыздар ма?» дегенді естіп, сорпама шашалып қала жаздадым дейді.
Не іздесең, соны табасың. Үндістан туралы екі пікір бар. Бірі үнділердің мəйіттерін теріп шығып, олар құрып жатыр деді. Екіншісі үнділердің ғылымын теріп шығып, оларды дамып жатыр деді. Шыбын боққа, ара гүлге ұмтылады деген осы.
Саламат Омаш: Біздегі проблеманы тізе берсең бүгін бітпейді. Біз де гүл іздеген араның кейпін жамылайық десек, «пәтер жағалаған қазақ» деген ұғым еске түсіп кете береді.
Жалға пəтер іздегенде үй иелері жүректі ауыртатын бір талап қояды екен. Балаң мен итің болмасын деген. Талап емес, қарғыс сияқты естіледі.
Саламат Омаш: «Баламды мектепке бермеймін деп шештім. Бұндай жүйеде оқығаннан оқымаған жақсы. Интернет бар, мұғалімді өзім таңдап, үйде оқытамын. Есесіне көңілің орнында». Бұны Қайнар жазған. Иә, қазір Білім және ғылым министрі ата-аналар мен мұғалімдердің арасында көп әңгіменің себепкері болып отыр.
Бұрынғы молдалар есіме түсіп отыр. Қолында шыбық, алдында бір қора бала, барлығы шулап өздері түсінбесе де бір нәрсені қайталап айтып жатыр. Қиқайғандарды молданың шыбығы қайта түзеп қояды. Егер пәндер бірігетін болса, мұғалімнің қолына да шыбық беру керек. Себебі өзі білмейтін сұрақты оқушысы сұрап масқарасын шығаруы мүмкін.
Саламат Омаш: Біз біреуді ұнатсақ та, жек көріп тұрсақ та ешкімде жоқ бір сөзді қолданамыз. «Айналайын» деген. Қандай реңк қосатынын қайдам, бірақ қарапайым жұрт сөз басын «айналайын үкімет» деп бастайтын болған.
Айналайын үкімет, елді пропискамен үйге байлағанша, сол үйдің фундаментін цементпен жақсылап «байлаңдаршы». Бұлай құлай берсе, қазақ түбінде киіз үйге қайта көшіп кетуі ғажап емес қой.
Саламат Омаш: Ұлықбек Есдәулеттің өлеңінде «Шіркін, оның бабасы бақытты ғой, Бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген» деген жолдар бар еді. Сол айтпақшы тіркеудің не екенін білмей, еркін өскен бабам қандай бақытты еді. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!