Алматы теміржол вокзалдарында жолаушылар мен жүктерді жіті тексеру басталды. Бұл елдегі лаңкестік қауіп-қатердің алдын алу бағытында ұйымдастырылып отыр. Бүкіл республика бойнша жүргізілетін шара тәжірибе ретінде алдымен Алматы вокзалдарына енгізілген.
Жолаушылар нөпірі қалың орындарда жарылғыш заттар мен суық қаруды анықтайтын 4 құрылғы орнатылған. Оны «әскери темір жол күзетінің» қызметкерлері басқарады. Қауіпті заттарды алып өтпек болған күдіктілер ұсталған жағдайда вокзал іргесіндегі арнайы бөлмеде тексерілетін болады. «Алматы -2» вокзалы тәулігіне 3 мыңға жуық жолаушыны діттеген жеріне шығарып салып, қонаққа келген жолаушыларды күтіп алады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі маңызды, дейді вокзал ұжымы. Түрлі қауіптен қорғануға бағытталған іс -шара бірінші сәуірден бастап Астана вокзалында жалғасын табады. Ал өзге аймақтардағы теміржол бекеттерінде мұндай тексеріс бірінші маусымнан бастап жүргізілмек.
Айжамал Жақсылықова, «Алматы -2» теміржол вокзалының басшысы:
Таңертең біз сағат 10-да бастадық, содан ешқандай жаңағы қауіп төндіретін ешқандай әрекет болған жоқ. Бұрын бұл аппарат болмаған кезде металлодетектор болды. Қолмен тексеретін өздерінің жаңағы апараттары. Сонымен тексеріп өткізетін. Поезд бізден 2-ші Алматыдан 50 минут бұрын қойылады жүруге. Сондықтан да жолаушылар ертерек келіп, өткендері жақсы бізге.
Ақерке Ашилова, жолаушы:
Вокзалға келдім. Шымкентке кетіп бара жатырмын. Тексеруден өткізді. Бір жағынан дұрыс деп ойлаймын, бір жағынан уақытты да алады ғой. Әсіресе, енді асығып келе жатқан кезде баламен қиын.
Айгүл ЕРМАХАН