Универсиаданы еліміз командалық есеп бойынша 2-орында аяқтады. Әрине, құрамаға кімдердің іріктелгені – спортшы - студент пе, студент – спортшы ма, деген сияқты кекесінге толы әңгімелер бар. Дегенмен бұл әңгіменің өзі студенттік спортты дамытумен шындап айналысуға түрткі болса, жаман емес. Сонымен бірге универсиаданың өте жақсы ұйымдастырылғанын скептиктер де мойындады. Ал инфрақұрылымының болашақта да дивидендтер әкелу коэффициенті өте жоғары. Танымал қысқы спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар өткізу дәстүрін енгізсе, сәйкесінше, туризмді дамытуға, шағын кәсіпкерлікті дамытуға ықпалы зор.
Универсиада кезінде мыңдаған тамаша суреттер түсірілген. Жылап қалған жанкүйер ұлдың суретін көріп пе едіңіздер? Қараңызшы, жүректі елжірететін фото. Айгүл Ермахан «Универсиада: сөз соңын» жазып көрді.
Халықаралық жарыстың арқасында Алматыдағы қысқы спорт бірер сатыға көтерілді. Шаңғы мен конькиге деген қазақ баласының қызығушылығы артты деп үміттенеміз. Мегаполисте салынған ірі-ірі спорт нысандары қазір қалаға реңк беріп тұр. Шымбұлақ пен Медеуге ағылғандардың қатары артпаса, кеміген жоқ. Трамплин кешенін жағалап, Алатаудың таза ауасымен тыныстаймын деушілер де көбейді.
28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. 57 елден келген 2000 мыңға жуық спортшының ішінде біздің жастар 11 алтын, 8 күміс және 17 қола жеңіп алды. Жалпы командалық есепте екінші тұғырдан көріндік. Көрші Ресей көш бастады. Үздік үштікті Оңтүстік Корея түйіндеді. Саңлақтарымызды қолдау үшін 230 мың адам 8 спорт кешенінде өткен 117 жарыс түріне қатысты. 21 мемлекеттен келген 3 мың еріктілер де тік тұрып қызмет етті.
Владислав Флоринский, ерікті:
Шындығында ерікті болып жұмыс істеген өзіме ұнады. Дүбірлі дода болған соң, көптеген адамдарға көмектесу керек болады. Келген спортшылардың барлығы еріктілерге өте жақсы қарайды. Жұмыла жұмыс істедік.
Елдің үмітін отандастарымыз ақтады. Әсіресе, бұл жолы биатлоншы, шаңғышылар мен фристайлшылар үздік нәтиже көрсетті. Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Галина Вишневская мен Анна Шевченколар қос-қостан медаль тағынып, жанкүйерлерді желпінтіп тастады.Жарыс кезіндегі ең елеулі сәттер мына кадрларда. Осыған қарап, шыдамдылық пен еңбектің жеңіске жетелейтініне тағы бір көзіміз жетті.
Галина Вишневская, 28-Универсиаданың алтын жүлдегері:
Мен осы жеңіске жету үшін бар күш-жігерімді салдым. Өзімнің бар шеберлігімді көрсеттім. Алтын соның дәлелі. Айтар алғысым шексіз.
Жабылу салтанатына бар ынтамызбен дайындалдық. Келген қонақтар елдеріне еліміз туралы үлкен әсермен қайтсын деген ниетпен. Келесі қысқы ойындарды қабылдайтын Красноярск қаласы болғандықтан думанды мерекеде Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) туы сол елдің өкілдеріне табысталды. Ар мен абыройды жоғары қоятын қазақ үшін бұл бір жауапты кезең болды. Доданың өту деңгейін Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин жоғары бағалады. Ағылшын тіліндегі алғысқа біздің тараптан да тиісті жауап қайтарылды. Елдің Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Алматының әкімі Бауыржан Бәйбек ағылшынша акцентсіз сөйлеп, заман ағысында екендерін көрсетті.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
Расымен де, халық пен халықты, тілегі бір, мақсаты бір жастарды біріктірген Универсиада, ең әуелі, шуақты бас қосу болды. Мен әлемдік бәсекеде лайықты өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының ойынын ерекше атап өткім келеді. Жарыс қорытындысы бойынша, біздің еліміз 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальға қол жеткізіп, жалпы саны 36 медальмен командалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл – біз үшін зор мақтаныш және баршаңызды жарқын жеңістеріңізбен құттықтаймыз!
Ойынға келген спортшылар Қазақ еліне тамсанды, таңданды. Санаулы күндер ішінде салт-дәстүрді танып, ұлттық астан дәм татты. Сонымен бірге икемді екенімізді көрсеттік. Мысалы, Жапониядан келген спортшылар жапон асы дайындалатын мейрамханада тағам тура өздеріндегідей дайындалатынын айтып, ырза болды.
Дода болған соң, жеңіс те, жеңіліс те болатыны анық. Спортшыларымыз бастысы тәжірибе жинады. Кем-кетікпен жұмыс істеу керектігін ұғынды. Жаңа әріптес достар тапты. Тіпті қимай қоштасты.
Яна Бондарь, 28-Универсиаданың күміс жүлдегері, (Украина):
Қазақстан маған өте ұнады. Табиғаты қандай керемет. Біз жайғасқан атлеттер қалашығындағы бөлмелеріміз сондай кең. Бастысы жаныңа қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Ал, тағамды айтатын болсам, дәмді. Қызмет көрсеткен мамандар қандай кішіпейіл, қонақжай адамдар десеңізші. Барлық жерде ғаламторға кіруге мүмкіндік бар. Еуропаның өзінде қонақ үй ішінде адам көп болатын болса, тума-туыстарыңмен хабарласу қиынға соғады. Сіздердің елдеріңізде барлығы ойластырылған.
Мұндай мәртебелі ойындарға бірнеше кезеңнен тұратын сынақтар мен арнайы байқаудан сүрінбей өткен ел ғана лайық деп танылады. Сондай мүмкіндікке ие болғанымыз қуантады. Десек те көрші ел шыққан алтын тұғырға неге жете алмай қалдық деген аз ғана өкініш бар.
Дамир Шыныбеков, Студенттер ұлттық лигасының президенті:
Біздің студент спортшылар тырмысып жақсы ойын көрсетті. Солардың арқасында біздің елге біраз көз тігетін болды. Бірақ бізде шешімін таппай жатқан мәселелер көп. Спортшыларымыздың құрамы өте аз. Санаулы болғаны соншалық алмастыруға мүмкіндік жоқ. Қала берді бапкерлік құрам жетіспейді. Бұл проблеманы шешу үшін бізге ауқымды спорттық бірлестіктер мен қауымдастықтар қажет. Қолжетімді инфрақұрылым керек. Ол дегеніңіз –қаржылай көмек, арнайы алаңдар, жаттықтырушылар. Бұны айтпағанның өзінде қазір жоғары оқу орындарының көбінің іргесінде студенттер шыңдалатын спорттық база жоқ. Оны дамытудың бүгінгі күні маңызды екенін ешкім ұғынып жатқан жоқ.
Ғалым Құсайынов, сарапшы:
Универсиадаға салынған нысандар елге келешекте де үлкен кіріс әкелуге мүмкіндік береді. Енді туристердің нөпірін ағылтатын Еуропадағыдай жекелеген қысқы спорт түрлерінен жарыс өткізуді қолға алу керек. Мысалы, біз енді биатлон, тұғырдан секіру, тау шаңғысынан кезек-кезегімен әлем кубоктарын ұйымдастыруға тиіспіз. Ал, әлем чемпионатын өткізуге қадам жасасақ тіптен керемет. Бұл елге тек кіріс әкеліп ғана қоймай, еліміздің атын шығарады.
Әлемге Қазақстанды тағы бір жаңаша қырынан танытқан саңлақтардың еңбегі еш кетпейді. Бірнеше медаль таққандардың қанша алатынын есептеп қойған ақпарат құралдары бар. Мысалы, Тенгриньюстің жазуына қарағанда универсиададан ең көп табыс тапқан спортшылардың көшін Галина Вишневская бастап тұр. Екі алтын және екі күміс алған ол 16 миллион төрт жүз мың теңге сыйақы алады. Ал бір өзі бес медаль тағынған шаңғышы Анна Шевченкоға 13 миллион теңге тиесілі. Одан кейін қос-қостан алтын алған фристайлшылар Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышевалар 9 миллион 800 мың теңгеден алады. Студенттерін аламанға қосқан бапкерлер де құр қол қалмайды.
Айгүл Ермахан, «Біздің уақыт».