«Қара генерал» ұйымдасқан қылмыстық тобына үкім шықты. Құрмет, Даңқ ордендерін иемденген қаржы полициясының экс-басшысы Әмірхан Аманбаев атақтарын қайтарып, 14 жылын түрмеде өткізетін болды. Сыбайластары да жазасыз қалмады. 3 жылдан 16 жылға дейін жаза арқалады. Бірақ соттың шешімімен айыпталушылардың адвокаттары келіспеді. Айгүл Ермахан толығырақ.
Айгүл Ермахан, тілші:
2015 жылдың наурызында «Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген күдікпен қаржы полициясының экс-басшысы Әмірхан Аманбаев тұтқындалған болатын. Тергеу материалдарына сүйенсек, ауыз жаласқан топ жалған кәсіпорындар құру арқылы бюджетке түсуі тиіс ондаған миллиард теңгені қалталарына басқан. Заңды белден басқандарға «Ұрлық түбі - қорлық» екенін бүгін Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты түсіндірді. 14 жылға бас бостандығынан айырып, атындағы тікұшақ, пәтерлер мен миллиондаған ақшаларды тәркіледі.
Кеңшілік Әбделдинов, Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
1959 жылғы Әмірхан Аманбаев алты бап бойынша айыпталып отыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 28 бабы 5 тармағы, 215 баптың 3 бөлімі, 263 бап, 4 бөлімі, 218 баптың 3 тармағы, 304 және 311 баптың 5 бөліміне сәйкес сот оны 14 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазаны өтеу уақыты 2016 жылдың 28 қарашасынан бастап есептеледі. Жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейді.
Ұйымдасқан қылмыстық топқа байланысы бар деген күдікке ілінген 33 фигуранттың тек біреуінің жолы болды. Евгениий Бронниковтың кінәсіз екені дәлелденіп, сот залынан босатылды. Қалған 32 адам 3 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ сот басым бөлігін өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Бірақ «ұйымдасқан қылмыстық топтың» тума-туыстары мен адвокаттары сот үкімімен келіспеді. Айтуларынша, сот нақты дәлелдерді есепке алмаған.
Гүлмира Мұралиева, сотталушының анасы:
Менің қызым юрист, өзінің ТОО-сы бар. Өзінің документтерін, құжаттарын дайындап, юстицияға өткізетін. Тек қана юстицияның мақұлдауымен жұмыс істеген адам. Мен енді түсінбей отырмын, неге сондай болып отырғаны.
Сәлімжан Мусин, Әмірхан Аманбаевтың адвокаты:
Біз үкіммен келіспейтінімізді айтамыз. Менің қорғауымдағы айыпталушы ешкімге тікелей тапсырма берген жоқ және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген дәлел жоқ. Біз қаржы полициясындағы қауіпсіздік қызметінің өкілдерінен сұрадық. Олар сол құзырлы органға жауапты. Егер де қандай да бір құқық бұзушылық болса, олар соны бірінші байқайтын еді. Үкімге шағым түсіреміз.
Айгүл Ермахан, тілші:
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Сот үкіммен келіспейміз дегендерге 15 тәулік ішінде қалалық сотқа апелляциялық шағым түсіре алатынын ескертті.
Айгүл ЕРМАХАН