Интеллектуалдық меншік саласындағы бұзушылық үшін 10 мың айлық есептік көрсеткіш айыппұл салу қисынсыз. Бұл туралы Жоғары технологияларды дамыту комиссиясының жиынында Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Әбдірайым Бақытжан мәлімдеді. Әділет министрлігі ұсынған заңнамаға сәйкес бұзушылық жасаған азамат кеткен шығынды өтеп қана қоймай, 500-ден 10 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде қомақты өтемақы төлеуі тиіс.
Бақытжан Әбдірайым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Сіздер 500-ден 10 000 деген санды қайдан алдыңыздар? Кез келген нәрсенің есебі болу керек қой. Екі есе, төрт есе болса, жарар. Ал сіздер айыппұлды 20 есе көбейтіп отырсыздар. Бұл қалай болғаны? Айыппұл әдісі тиімді екенін кім айтты?
Наталья Пан, ҚР ӘМ интеллектуалды меншікті қорғау департаментінің директоры:
Бұл сот ісінің тәжірибесіне байланысты алынды. Құқық иелері өздері келіп қомақты айып салу туралы ұсыныстар айтқан. Біз тек бұл заңнаманы белгілі бір шеңберге сыйғыздық.
Бұл уәж отырысқа қатысушылардың көңілінен шыққан жоқ. Бақытжан Әбдірайым бұл сұрақ ашық күйінде қалатынын айтып, кәсіпкерлер арасында талқылау өткізетінін мәлімдеді. Өйткені кейін олар бұл заңнамадан зардап шегуі мүмкін.