Саяси додаға қатысушы партиялардың үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2016
  • 1949

Алдағы саяси додаға қатысушы партиялар болса, үгіт-насихат шараларын жалғастыруда. Қазақстанның әр аймағында жүрген саяси ұйымдардың белсенділері тұрғындармен кездесулер өткізіп жатыр. Бизнес өкілдерімен,жұмысшылар қауымымен сондай ақ ауылдағы ағайынмен жүздескен азаматтар олардың Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына белсенді қатысуын қалайды.Сондай ақ сайлау кезінде өздерін қолдауға шақыруда. Кездесулер барысында сайлаушыларға әрбір партияның толыққанды тұғырнамасы таныстырылып жатыр.

Аграрлық салаға басымдық берілуі керек! Осындай үндеуді басшылыққа алған билік партиясы  үгіт-насихат шараларын Оңтүстік Қазақстан облысыда жүргізіп жүр. «Нұр Отан»-ның бұл үндеуін шаруалар қауымы да қолдайды. Белсенділер, әсіресе облыс орталығы Шымкент пен қасиетті  Түркістан қаласында бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасын жан-жақты таныстырды. Себебі ауылшаруашылық секторы болашақта ел экономикасының басты көзі болуы тиіс. «Нұр Отан» партиясы бұл саланы қолдауымен қатар, ауыл тұрғындарына шағын несие беру арқылы жұмыссыздық мәселесімен күрес жүргізуге мүмкіндік жасап отыр.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы республикалық сайлауалды штабының жетекшісі

Елбасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін қатаң тапсырып отыр.Осы тапсырмаға сәйкес,биылғы жылы Үкіметпен бірге еліміздің бес облысында пилоттық жоба басталды.Оған 11 миллиардқа жуық қаржы қаралған.Осы жоба аясында 8 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.Келешекте еліміздің барлық өңірлері қамтылатын болады.Ол жөнінде партияның сайлауалды бағдарламасында тиісті шешім қабылданған.

«Ақ жол» партиясы өкілдері Солтүстік Қазақстан облысында жеке кәсіп иелерімен кездесті. Саяси ұйымның белсенді мүшелері жергілікті іскерлермен қазіргі экономикалық ахуал жайын сөз етіп, бірқатар мәселелерге қанықты. Үгіт-насихат аясында өткен жиынға қатысуға 20-дан аса кәсіпкер келіпті.  Бизнесмендердің ақжолдықтарға айтар тілектері мен ұсыныстары да көп екен. Соның бірі - кәсіптің көзін ашуға азаматтарды тарту. Кәсіпкерлерге  істерін дамыту жолында біршама жеңілдіктер қарастырылса деген мәселені де қозғады. Себебі жергілікті халықтың 50 пайызын жұмыспен қамтып отырған дәл осы азаматтар екен.

Талғат Ерғалиев, «Ақ жол» ҚДП реcпубликалық штабының мүшесі:

Қазіргі уақытта, осындай жағдайда кәсіпкерлерге өзіміздің бағдарламамызда жазылған көмек беру керек. Кәсіпкерлерге кедергі болмау керек. Кәсіпкерлікке кедергі болмаса, кәсіпкерліктер өздері жаңағы жұмысын тауып, ақшасын тауып, өндірісін дамытып ары қарай жұмыс істей алады. Сондықтан тек ғана тек ғана қазіргі уақытта кәсіпкерлерге көмек беру керек.

Ал «Ауыл» партиясының орталық аппаратында Еңбек кодексінің негізгі ережелері түсіндірілген онлайн-семинар болып өтті. Оған партия мүшелерімен қатар агроқұрылым саласының қызметкерлері де шақырылған. Сондай-ақ, скайп арқылы талқылауға Республикалық қоғамдық штабтың аймақтағы өкілдері түгел қатысты. Семинарда жаңа еңбек кодексінің, әсіресе өндіріс қызметіне қатысты бірқатар баптары талқыланды. Мәселен, еңбеккерлердің құқығын қорғау және кәсіпорындағы қауіпсіздік қағидаттарына кеңінен түсініктемелер беріліп жатты.

Рүстем Жоламан, «Ауыл» ХДПП республикалық қоғамдық штабының жетекшісі:

Бұл соңғы семинар емес. Заңгерлермен осындай кездесулерді алдағы уақытта да өткізіп тұрамыз. Бұған қоса аймақтарға шығып арнайы дәріс оқитың заңгерлердің тобын қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Олар біздің партия мүшелері мен өңір тұрғындарына кеңес береді. Былтыр Қазақстан кәсіподақтары федерациясымен меморандум бекіттік. Соның аясында да көп іс-шара атқарылып жатыр.

Қазақстан коммунистері халықтық партиясы үгіт-насихат шарасын Алматыда жүргізіп жатыр. Бүгін партия атынан Парламент мәжілісінің депутаттығына түсуге үмітті кандидаттар «АлатауЖарық» компаниясының қызметкерлерімен кездесті. Бұл мекеме өңірдегі барлық кәсіпорынды электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған бірегей кешеннің бірі.  Еңбеккерлер қатары да көп. Ұжымға партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, кей тұстары ашық талқыланып та жатты. Партия тұғырнамасындағы басты бағыттың бірі - энергетика саласына арналады.

Галина Баймаханова, ҚКХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Үздіксіз электр қуатымен жабдықтау еліміздің барлық маңызды электр жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұл әрі мемлекеттің тұрақты дамуына да әсер ететіндігі анық. Біз Қазақстан коммунистері бүгінде еңбек өнімділігін арттыру жайын қолға алып отырмыз. Бұл біздің партия идеологиясында да нақты қамтылған.

Қазақстан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Өскемен өңірінің жұртымен кездесуде. Партия мүшелері мұнда сайлауалды бағдарламасында әлемдік дағдарысқа қарсы шаралар мен еліміздегі әлеуметтік саланы жетілдіру мәселесі қамтылған тақырыптарды қозғауда. Сондықтан сайлаушылармен бұл жолғы жүздесуді ЖСДП белсенділері сұрақ-жауап ретінде өрбітті. Әрине, әлеуемттік салаға да қатысты бірқатар мәселелер де қозғалып жатты. Білім мен денсаулық қызметінің сапасы, ауыл тұрғындарының жай-күйін қалай жақсарту кере сынды тақырыптар да ескерусіз қалған жоқ. Бір сөзбен жалпы қоғамдық іс-әрекеттер сөз етіліп жатты.

Уәлихан Қайсаров,  ҚР Парламенті Мәжілісіне ЖСДП атынан үміткер:

Бұл әрбір адамның  азаматттық міндеті.  Егер адам өзінің саяси құқығын пайдалана білмесе, онда биліктен де ештеңе талап ете алмайды. Сондықтан азамат ретінде өз отанының  тағдырына алаңдауы керек.

Иван булгаков,  ЖСДП  облыстық филиалының төрағасы:

Үгіт-насихат материалдарын толық алдық. Бүгінге дейін оның  үштен екісін таратып болдық. Әлі де үлестіретін боламыз. Партиямыздың бағдарламасы  сайлаушылардың көңілінен шығып жатыр.

Партияның облыстық штабына қажетті үгіт-насихат парақшалары мен басылымдар  толық жеткізілген. Тек Өскемен мен оған іргелес жатқан аудандарға бүгінге дейін партияның 15 мыңға жуық  насихат парақшасы таратылыпты қойыпты. 

«Бірлік» партиясының бас кеңсесінде бүгін қарбалас. Оған себеп - сайлауалды науқан қарсаңында бірліктіктер қатарының артуы. Бүгін партия құрамына қосылған азаматтарға ресми түрде билеттер табыс етілді. Қатарға қосылуға ниеттілер аймақтардағы бөлімшелерде де баршылық екен. Әрі олардың басым бөлігі жастар. Бұған, әрине, «Бірлік» белсенділері қуанышты. Жалпы саяси ұйым 3 негізгі қағидатты ұстанады. Яғни, ізгі ниет, адал қызмет және таза орта принцептерін. Мұны партия қатарына өткен жаңа мүшелер де жақсы түсінуі тиіс. 

Мұрат Қожамқұлов, «Бірлік» партиясының мүшесі:

Партиямыздың қатарына бірнеше мүше қабылдадық. Біздің қоғамымыздың әр түрлі саласында белсенді азаматтар. Еліміздің саяси өміріне белсенді араласқысы келіп жатқаны қуантады. Біздің партиямыздың қатарына кіргісі келіп жатқан азаматтар әр салада қызмет істейтін еліміздің тұрғындары. Біреуі жеке кәсіпкер, екіншісі дәрігер, үшіншісі заңгер деген сияқты.

Партиялар арасында жүріп жатқан сайлауалды үгіт-насихат шаралары наурыздың 18-іне дейін жалғасады.

Құралай ПИОНЕР