Русский Сайттың толық нұсқасы

Адамға «адам» деп қарамаудан тараған туберкулез

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2017
  • 4296

Түркістандағы жүйке ауруларына шалдыққандар жататын орталықтағы пациенттердің 67-нен туберкулез дерті табылғанын естіген шығарсыздар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев олардың Сарыағаштағы аудандық туберкулезге қарсы диспансерге ауыстырылғанын хабарлады. Бастық облыстағы тағы 6 арнайы мекемеде жатқан адамдарды тексеріліп бастағандарын да айтты. Түркістандағы диспансердің «аты» былтыр Маржан Тұрлыбаева есімді бойжеткенге байланысты шыққан. Ауытқуы жоқ екенін шырылдап жүріп, зорға дәлелдеген... Сонымен бірге сол диспансерде баласы жатқан бір әйел орталықтағы тіршілікті көрсететін суреттер жариялаған - көрсең шошисың...

Туберкулездің сонша адамға таралуы жүйке ауруларына шалдыққандарға «адам» деп қарамаудан сияқты. Бірінші келетін ой – сол...Маржан да сөйлейтін Айзада Төребекқызының материалы.

Мұқан Егізбаев, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

-Бұның болғаны 1 жыл емес. Туберкулездің белгісі білінгенше 5-6 ай өтіп кетеді. Өздеріңіз әрі қарай түсініп жатсыздар... Қазір ол жерде құқық қорғау органдары қызмет етіп жатыр.

Түркістан қаласында орналасқан психикалық- неврологиялық мекемеде жағдай ушығып тұр. Осы орталықта  қаңтар айында жүргізілген профилактикалық шара кезінде жеті науқастан  туберкулез дерті анықталып, ақпанның соңында  олардың саны 65-ке жетті. Тіпті 3 адам өлді.

Болатхан Сағымбеков, ОҚО туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері:

Айта кетуіміз керек, қазіргі анықталған 65 науқастың 24-і олар бактерия таяқшасын бөлетін науқастар. Қалғандары бактерия бөлмейтін науқастар. Олардың бәрін типтеріне қарап, барлық тиісті осы туберкулезге қарсы мекемелердің бөлімшелерінде бүгінгі таңда ем алып, орналасып болуда.

Жүйкесі сыр берген жандар құрт ауруын қашан және қалай жұқтырды?Аурудың таралуына не себеп ? Кінәлі кім? Қазір  барлығын арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр.

Болатхан Сағымбеков, ОҚО туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері:

Соңғы екі жылдың көлеміндегі зерттеулерді комиссия зерттеп шыққан кезде біздің анықтап отырғанымыз: сол кездің өзінде біріншіден, толық тексерумен қамтылмаған, сол жердегі мекемеде. Бірақ сол қамтылмағаны туралы мен айтып отырмын, арнайы мекемелерге ол кісілер мәлімет бермей отырған. 65 жағдайдың біз айта кетуіміз керек, 12-сі бұрын да туберкулезбен ауырған науқастар. Қалғандарының бәрі жаңа жағдаймен тіркеліп отырған науқастар.

Тексерудің уақытылы өткізілмегенін білетін жанның бірі - Маржан Тұрлыбаева. 19 жастағы бойжеткен бір жарым жылдай сол мекемеде болған. Маржанның айтуынша, медициналық тексеруді былай қойғанда, сау адамның өзі әр жыл сайын өтуі тиіс  флюрографиялық тексеруден өтпек тұрмақ, атын естімеген де.

Маржан Тұрлыбаева:

Мен жатқалы бері ешқандай рентгенненде өткен емеспін. Түсірген емес,өткен де емеспін.1,5 жылдың ішінде.

–Бір ретте түспегенсіз?

-Бір рет те. Бірақ білдік, ол жерде туберкулездер жатады, сол кезде жататынын білдік. Бүкіл мекеме білетін, бүкіл апайлар, бүкіл ағайлар. Но внутри да, сыртқа шықпайды ондай нәрсе.

Айта кетейік, Түркістандағы әлеуметтік мекеме облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайды. Аталған басқармаға қарасты тағы алты мекемені шұғыл тексерген мамандар құрт ауруын өзге мекемелерден де тапты. 

Мұқан Егізбаев, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Жұмыспен қамту басқармасына қарайтын 6 интернат бар екен. Осы мекемені біз соңғы 1 аптаның ішінде түгел 1140 адамды түгел тексеруден өткіздік. Оның ішінде табылғаны Көксәйек елді-мекенінде орналасқан интернаттан 7 ауру табылып отыр. Мына қаладағы орналасқан интернаттан 2 ауру табылды. Бірақ оның екеуі де бұрын ауырған ауру. Біреуі ауырған, екіншісі қазір обострение беріп жатқан. Басқаларында жағдай дұрыс.

Айта кетейін, Түркістандағы психоневрологиялық мекеменің аты былтыр шыққан. Өткен қыркүйекте  ата-аналардың бірі «осы  орталықта ем алушылар адам шошырлық жағдайда өмір сүріп жатыр. Баларымыз іш киімсіз жүреді, тіпті жуынды ішіп жатыр» деп, дәлел ретінде БАҚ беттерінде суреттерін жариялаған-ды.А ртынша орталықты 17 жыл басқарған басшы қызметінен кетті. Бірақ, «оның себебі басқада» деген басқарма басшылары  «суреттегі көріністерді ақыл-есі ауытқыған науқастарды пайдалана отырып, сондағы қызметкерлердің бірі қасақана ұйымдастырған» деген болатын, тілшілерге. Көпшілік ол пікірді қабылдаған жоқ. Арада көп өтпей, міне, туберкулезбен жаман аты тағы шығып отыр. Шынында орталықтағы ахуал қандай? Қызметкерлер қаншалықты өз ісіне адал, мұны Маржан Тұрлыбаеваның өзінен сұрап білдім.

Маржан Тұрлыбаева:

Енді, ыдыс-аяқтар жуылмайтыны рас, дұрыс жумайды да, қалдық-қалдық қылып жуа салады.

Лас ыдыс, жуылмаған еден.Тазалық жоқ,- деп еске алды Маржан, өткен күндерін.

Маржан Тұрлыбаева:

Емделушілерге біріншіден, шыны керек, жағдай анау айтқан жасалған деп айтпаймын. Киім жағынан, тамақ жағынан,тазалық жағынан, санитария жағынан өте нашар.

Әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің ем алушыларға қарым-қатынасы нашар, жаны ашитындары некен –саяқ көрінеді.

Маржан Тұрлыбаева:

Сенесіз бе, әр апай әртүрлі. Біреудің иманы бар да, шынымен қарайды. Біреу имансыз бар. –Қойшы, ауру ғой,- деп қарайды. Ол адамдарға байланысты. Мысалы, бір апай келеді жақсы қарайды. Сыртынан қарап отырам мен де. Біреуі келеді, теуіп-теуіп сөйтіп өтіп кетеді. «Е, бар, миымды ашытпа, маған керек па еді»... Хотя сол жақтан айлық алып отыр ғой. 

Түркістандағы диспансерде тағы екі адамның құрт ауруын жұқтырғанын прокуратура өкілдері жұма күні таратты. Қазір «медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қазір дерт дендеуіне жол берді деген себеппен денсаулық сақтау басқармасына қарасты 5 бірдей дәрігер қызметінен шеттетілді. Бұдан бөлек Түркістандағы әлеуметтік  мекемеде 22 қызметкерге шара қаралып, үш дәрігерге әкімшілік айыппұл салынды. Бес қызметкер жұмыстан босатылды. Соның қатарында  мекеме басшысының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары да бар.

Дейтұрғанмен, мамандар Оңтүстік Қазақстанда соңғы бес жылдың көлемінде туберкулез ауруының төмендеу тенденциясы байқалатынын айтады. Өлім-жітім де азайған. Алайда кеселді қайдан жапсырғандарын білмей қалғандар әлі де баршылық. Солардың бірі 71 жастағы Күләш апа. Өкпесін жыл сайын  тексертуді ұмытпайтын ол, туберкулезбен ауырам деп әсте ойламапты.

Күләш апа:

Туберкулез деген кезде  рас, қорыққаным рас. Менің ата-тегімде болмаған нәрсені мен қайдан жұқтырдым, кімнен жұқтырдым деген маған ой келді. Түзеліп кетем деп Аллаға үміт қылып отырмын. Әуелі Алла шипа берсін, одан соң осы дәрігерлердің арқасында жақсы боламын деп үміттеніп отырмын.

Расында туберкулезді ерте анықтауға бола ма? Семейдегі медицина университетінің ректоры Төлебай Рахыпбеков біздің арна тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында Шығыс Қазақстанда  БҰҰ- ның туберкулезді емдеу және ерте анықтауға арналған пилотты жобасы қолға алынатынын айтты.

Төлебай Рахыпбеков, Семей қаласының мемлекеттік медициналық университетінің ректоры:

Бұл Джин тест арқылы жылдам анықтау. Туберкулездің микробактерияларын ДНК деңгейінде  ерте диагностикалайды. Рентгенге түсіру, томография, қақырық тапсыру  сынды  сабылуды қажет етпейді. Бар болғаны 45 минуттың ішінде нәтиже белгілі. Құрт ауруын ерте анықтау өте маңызды.Мысалы үшін туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас таксиге отырды делік. Егер 3 сағаттың көлемінде сол таксиге өзге де жолаушылар мінсе туберкулезді жұқтыруы мүмкін. Сондықтан  ерте анықтау  қоғам үшін өте маңызды мәселе.

Ауқымды жоба сәтін салса алдағы жаздан бастап сыналады. Бұл үшін  қор 1,5 миллион доллар бөліп отыр. Шығыстағы бүкіл аурухана қамтамасыз етілмек. Ал еліміздің басқа өңірлері ше? Бұл басы ашық сұрақ. Туберкулез ауруы бойынша еліміз әлі де алдыңғы орында. Енді міне, адамға адам сияқты қарамайтындардың кесірінен де жүздеген адам бір-ақ жұқтырды...

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».