Қызылорда облысында зейнеткерлер өз алдына кәсіп ашуда. Құрметті демалыста болса да, белсенді өмірді қалағандар аз емес. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы олардың жобаларына қолдау болып отыр. Жастары алпыстан асса да, еңбекті құп көрген жандармен әріптесім Шарипа Сақтапова кездесіп қайтты.
Шолпан Тәженова ұзақ жылдар ірі компанияда бас есепші қызметін атқарған. Үнемі іскерлігімен ерекшеленетін ол, «зейнетке шыққанда не істеймін» деп уайымға бататын. Осы ойдың жетегімен нарықты зерттеп көрген. Құрмет демалысына шыққанша, бизнес-жоспарын да дайындап алады.
Шолпан Тәженова:
Осы киім тазарту біздің Қызылордада аз, сосын өте дамымаған, осыны ашайын деп ойладым. Кредит алдым, сөйтіп, шүкір, ашып, жұмыс істеп жатырмын, 2-3 ай болды. Енді, риза халық маған. Жейдеден бастап, құндыз ішіктеріне дейін тазартамыз.
Шолпан Тәженова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жоспарын іске асырып отыр. Ал банктен несие алуға кәсіпкерлікті қолдау қоры кепіл болған. Кәсіпкер несиенің төрт пайызын төлесе, қалған он пайызын мемлекет мойнына алған. Дәл осындай мүмкіндікті зейнеткер Қантай Қожантаева да пайдалануда. Ол жеке балабақша ашып алған.
Қантай Қожантаева:
Зейнеткерлікке шыққаныма алтыншы жыл. Бірақ өзімді зейнеткер ретінде санамаймын, өйткені жас мамандармен жұмыс істеймін. Балалармен тілдесемін. Менің жаным, жүрегім - әлі жас .
Жасы келген жандардың зейнетке шықтым деп қол қусырып отыруына дәрігерлер де қарсы. Олар «еңбек терапиясының пайдасы зор» дейді.
Әділбай Медетбаев, емхананың бас дәрігері:
Денсаулыққа бірден-бір әсері бар. Екіншіден, адамның өзінің көңіл-күйіне, әсіресе үлкен ұжымдарда істеген адамдарға өте қажет деп ойлаймын.
Кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы қолға алынғалы, бір жылға жуық уақыт болғанымен, оның игілігін облыстағы 20-ға жуық зейнеткер көріп отыр. Бірі киім тігіп, тоқыма тоқыса, енді бірі нан мен кондитерлік тағамдарын пісіріп, енді біреулері тіпті пластиктен терезе мен есік жасауды қолға алған.
Шарипа САҚТАПОВА