Павлодарлық Нұргүл Докуова жұрттан кешірім сұрады. Титтей қызын аяусыз ұрып-соққан әйел. Елдің өзін аяусыз сыбап жатқаны бар, жазаланатынын ойлап. Ана құқығынан айырылу қаупі тіпті қорқынышты. Оның бұл әрекеті жанды түршіктіретін жауыздық. Бірақ. Бірақ бұл механикалық тұрғыдан – баланы әкесіне беріп, Нұргүлді жазалаумен шеше салатын проблема емес. Рухани құндылықтар құнсызданғанына, иман әлсірегеніне кезекті рет нұсқайтын және ұятқа шақырған әңгімемен шешілмейтін шиленген түйін. Және бір себебі бар. Невроз. Америкалық психоаналитик Карен Хорнидің пайымынша, адамдар жалпы алғанда үш бағытта дамиды: біріншілер бағынуға, махаббатқа, қорғауға бейім, екіншілер адамдарды билеп-төстеуге, атақ-даңққа, табысқа ұмтылады, үшіншілер: еркіндікті, тіпті адамдардан оқшау жүруді қалайды. Мұның бәрі адамның бала күнде қалыптаса бастайды – не көріп, сезінгеніне, танығанына байланысты. Ата-ананың тым өбектеуі, немесе адам құрлы көрмей, ұрып-соғуы, немесе «қамшы да, бауырсақ та» тәсілі. Ал невротикте санамалаған үш қалыптың үшеуі де бірдей пропорцияда. Нұргүлдің көзіне қан құйылып кеткендей, сәбиін аяусыз ұруы, одан кейін бұл әрекетін «әуелі дәлелдеу» керек дегені, сосын барып баласынан айырылғысы келмейтінін айтып, кешірім сұрауы мамандар сипаттайтын типке келеді. Несіне күлбелейтейміз, Нұргүл сияқты ата-аналардың аз еместігі рас - «ұлы бабалар ұялмайтын ұрпақ болайық» мазмұнындағы әңгіме «өтпейтін» мәселелер бар. Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.
Бейнеқыстырма: баланы ұрып жатыр...
Ғаламторды әп-сәтте шарлап кеткен бұл бейнежазбаны Нұргүл Докуованың өзі түсірген. Қаршадай қызын аяусыз төмпештеп жатыр ол. Бетінен шапалақтан, басынан ұрып, шашын жұлады. Киімін жыртып, арасында буындырып жатқан жері де бар. Сондағы бар мақсаты сәбиді осылай тәрбиелейтінін бәзбіреулерге жеткізу...
Кто ее просил в школу идти? Кто? Я незнаю! Кто она такая, кто? – Видишь, Ермурат все из за тебя. Ты потому что всегда за свое! Вот теперь и страдай!
Ермұрат деп отырғаны Нұргүлдің бұрынғы күйеуі. Жақындарының айтуынша, соңғы екі жыл бойы олар ымыраға келе алмай жүр. Ресми некелеспеген. Ержан Қасымов жеңгесінен мұндай қатігездікті күтпегенін айтады. Десе де, бұған дейін де келеңсіз жайттер болғанын жасырмады. Айтуынша, Айлиннің үш айлығында анасы қызын емізуден бас тартқан. Ал, былтыр түсініксіз жағдайда бүлдіршіннің қолы сынып, ауруханаға түсіпті.
Ержан Қасымов:
Ағам екеуі бірде қосылып, бірде айрылысып жүрді. Бұл әрекеттен арадағы бала ғана қиналды. Нұргүл жұмысын бірінші орынға қояды. Ағамды «балаларың үйде жалғыз, қарайтын ешкім жоқ» деген сылтаумен шақырып алатын.
Бейнежазба алдымен Алтай өңірінде тұратын ата-әжесіне келген. Денсаулығы нашар атасының жүрегі қысып, ауырып та қалған. Бірден полицияға хабарлап, қамқорлық органдарын құлағдар еттік,-дейді Ержан. Ендігі мақсаттары – жазасыз баланы азаптаған жанның заң алдында жауап беруі.
Бұл жайтқа қатысты қылмыстық кодекстің 140-шы бабы, яғни балаға қатыгездік көрсету дерегі бойынша іс қозғалды. Оның санкциясы 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл немесе 75 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Әуелде Нұргүл тілдесуге үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ, араға бірер күн салып тілшілермен кездесуге келісті. Сондағы айтқаны, бұл әрекетке баруына «ауыр эмоциялық қысым» сеп болған. 34 жастағы әйелдің сөзінше, бұған дейін балаларына қол тигізіп көрмеген. Тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне бар жағдайды жасадым,- деп отыр.
Нұргүл Докуова:
Ол адамдар маған өте ауыр соққылар жасады. Сондықтан мен өз әрекетіме жауап бере алмай қалдым. Өз басымдағы хәлді ешкімге ашып айта алмадым. Қазір мен өз балам үшін қатты алаңдаймын. Оны өзіме қайтарғым келеді. Үлкен қызым да уайымдап күнде жылайды. Менің мына қылығым үшін кешіріңіздер! Балаларымның анасыз өскенін қаламаймын!
Анасынан аяусыз таяқ-жеген балғынның бейнежазбасы интернетке жүктелісімен алуан пікір айтылды. Пайдаланушылардың басым бөлігі қатігез әйелдің әрекетін сынға алып, «ата-ана құқынан айыру қажет», «түрмеге тоғыту керек» дегенді жазды. Бірақ, қоғам белсенділері сәбидің арнайы мекемеге тапсырылуын оның тағдырына балта шабумен пара-пар деп санайды.
Аружан Сайын, қоғам белсендісі:
Баланы арнайы мекемеге беру туралы шешім қатыгездік деп ойлаймын. Қандай жағдай болса да, баланы өз отбасында қалдыру керек. Туған әкесіне немесе ата-әжесіне. Білуімше, олар баланы қамқорлығына алып, тәрбиелеуге дайын.
Арнайы комиссияның шешімімен, 3 жарым жасар бүлдіршінді әкесіне беру туралы шешім қабылданды. Ал, баласын ұру барысын камераға жазған ана тиісті жазасын алады. Шенеуніктер әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарап, сотқа талап-арыз түсіру жұмыстарын бастаған. Айлинді алып кетуге келген әкесі Ермұрат Қасымов бұрынғы жары жайлы сұрақтарға жауап бермеді.
Ермұрат Қасымов, Айлиннің әкесі:
Ең алдымен мен өз баламды қорғағым келеді. Оның тыныш жерде өсіп, жақсы тәрбие алғанын қалаймын. Ал, бұрынғы әйеліме жамандық тілемеймін. Оның әрекетіне қатысты қандай да бір пікір айтқым да келмейді. Алайда, мұндай жағдайға бейжай қарауға болмайды. Сондықтан, енді бәрі соттың құзырлығында.
Психолог мамандар Айлиннің жағдайы тәуір,- деп бағалады. Сәбидің көңіл-күйі көтеріңкі. Ең бастысы, маңайдағы адамдарға деген сенімін жоғалтпаған.
Жанна Қасымова, балаларға арналған мекеме басшысының орынбасары:
Бала негізінен әкесін де, шешесін де жақсы көреді. Өткен істі есіне алмайды. Ештеңені айтпайды.
Титтей қызын соққыға жығып, оны камераға жазған әйелдің жүйке жүйесінде ауытқу бар ма? Осы сұраққа жауап іздеген психологтар мәселе жан-жақты зерттелу керек,- деп санайды. Балаға әлімжеттік көрсетудің алуан себебі болады. Әйтсе де, оны ұру барысын әдейілеп таспаға түсіру қалыпты жағдайға жатпайды. Психологияда «жүктіліктен кейінгі күйзеліс» деген ұғым бар. Бірақ, дәл бұл жайтта Нұргүл Докуованың әрекеті оған да сәйкес келмейді.
Жанар Ордабаева, психолог:
Бала қазір 3 ай емес, ол үш жастағы бала. Сондықтан, осы жерде ол «босанудан кейінгі депрессия» деп айтуға да келмейді.
Аптаның басында Семей жерінде де жан түршігерлік оқиға болды. Куәгерлердің айтуынша, Ертіс жағасына келген әйел баласын өзенге лақтырып жіберген. Құтқарушылар мен сүңгуірлер іздестіру шарасын жүргізді. Ағыны қатты, мұздай судан бүлдіршіннің күртешесі ғана табылған. Тергеу әйелдің аты-жөнін жарияламай отыр. Белгілісі, күйеуімен сөзге келген ол өз өміріне қол сұқпақ болған. Өзенге 1 жарым жасар қызын ертіп барады. Алдымен сәбиін суға батырып, кейін суға өзі батпақшы болған. ...соңғы сәтте өзі секірмей қалған.
Бейнеқыстырма: баланы ұрып жатыр...
Мына таспада анасынан оңбай таяқ жеп жатқан алматылық бүлдіршіннің шырылы. Оқушы қызын 27 жастағы әйел осылай жазалап, тәрбиелеп келген. 9 жастағы қыздың өміріне туған анасы емес, көршілері алаңдайтын. Арасында жеткіншекті үйіне әкеп, тамақтандырған кездері де болғанын айтады.
Елена Хартомаджиди, көршісі:
Бала талай мәрте көмек сұрап жылады. Ылғи бет-аузы көгеріп жүретін. Полицияны қанша шақырдық, бірақ үйде ешкім болмайтын. Қыздың сыртынан жауып кетіп қалатын. Анасының айтуынша, оны түрлі үйірмелерге апарады. Бірақ, көрші болып тұрып, қыздың сыртқа шыққанын көрмедік. Пәтерде қамалып отырады. Ал,шешесі бар жақсысын киініп, үнемі бір жаққа кетеді.
Қырағы көршілерінің арқасында жеткіншек ең жақын адамынан көрген сұмдықтан құтылды. Анықталғандай, бұл отбасыдағы ұрып-соғу жүйелі, күнделікті болып тұрған. Қазірде оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал, жалғыз басты ана уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.
Людмила Русина, «АНТАРЕС» ҚҚ психологы:
Анасынан жәбір көрген балалардың саны артып барады. Әйелдің қатігездігі - әлеуметтік қанағаттанбаушылықтан туындайды. Бұл жерде тұрмыс жағдайының нашарлығы, қаржылық қыспақ немесе эмоционалдық шаршау болуы мүмкін. Психологтар оны ФРУСТРАЦИЯ деп атайды. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл дегенің сұраныстардың шектеліп қалуы. Яғни, адам ұзақ уақыт демалмаса, ұйықтамаса, көңіл күйі жақсармаса осындай күйзеліске тап болады. Өкінішке орай, бұл жайтта ең алдымен балалар қиянат көреді.
Баласына зорлық-зомбылық көрсеткен ата-ананы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру керек. Заңгер Сергей Уткин сәбиіне қаталдық танытқан жандар Қылмыстық кодекстің 140-шы бабында көрсетілген жазамен ғана құтылатындығын айтады. Бұл өте жеңіл шара.
Сергей Уткин, заңгер:
Қылмыстық Кодексте 110-шы бап бар. Ол – «Азаптау» деп аталады. Баласына жүйелі түрде қорлық көрсететін жандарға, бұл жағдайда жасөспірімге қол көтеру немесе жан жарасын салу әрекеті болса, осы бап бойынша жазалау керек. Әйелдің біреуін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырсақ, басқаларына да сабақ болар еді. Яғни, олар да баласына қатігездік көрсетудің соңы жақсылыққа апармайтынын біліп жүреді.
Бауыр еті баласына күш көрсетіп, жазалаудың ауыр түрлеріне бет бұрған бұл оқиғалар қоғамда орны толмас олқылықтың барын көрсетті. Қоғам белсендісі Аружан Сайын қатарынан тіркелген жағдайдан кейін бұған дейін айтылмаған, бірақ жарасы сыздап тұрған маңызды түйткілді ашына айтты. Оның пікірінше, қазіргі «әке», «ана» атанған буын, яғни 18 бен 35 жас арасындағы ұрпақ ата-ана болу парызына дайын емес. Басты себеп – өтпелі кезеңде олардың әке-шешесі бала тәрбиесімен емес, қалай аман қалудың қамымен жүрді.
Аружан Сайын, қоғам белсендісі:
Қазіргі буын жақсы өмір сүруге тырысады. Ол үшін бар жағдайды жасап әлек. Бірақ, бір гәп бар. Біздің ұғымда – үй-ішінің амандығы деген нәрсе материалдық ахуалмен ғана өлшенеді. Көп кезекте біз рухани-адамгершілік құндылықты ұмытып жатамыз. Яғни, өмірдегі ең маңызды дүние назардан тыс қалады. Өкінішке орай, қоғам рухани деградацияға ұшырауда. Балалардың қолы бос. Өз-өзімен өсіп келеді. Отбасы бар, бірақ әр мүше өз бетімен тірлік етуде.
Меруерт Бектемірова, психолог:
Бала өміріне араласпаған ата-ана оның кейбір олқылықтарына жол бермеу үшін оны жазалаудың амалдарын қолданады. Жазаланған бала, күнделікті соққыға жығылған баланың психикалық жағдайы өте төмендейді. Өз-өзіне сенімсіз. Ол бала өтірік айтуды бастайты. Себебі, келесі жоыл сіздің соққыңызға жығылғысы келмегендіктен. Өзінен кемшіліктер іздей бастайды.
«Әке – асқар тау, ана бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген қағидаға иланып өскен ұлттың ұрпағымыз. Бірақ, заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме... бүгінгі буынның құндылығы майдаланып, мұзартымыз - төбешікке, қайнарымыз – ылай суға, ал жасыл желегіміз тақырланып бара жатқандай...Баяндалған оқиғалар мұзтаудың көзге көрінген шыңы ғана болуы әбден мүмкін. Бәлкім, біз білмейтін, естімеген, іште бүгіп қалғандары қаншама...
Әсемгүл Мұхитқызы, «Біздің Уақыт».