Русский Сайттың толық нұсқасы

Біздің уақыттың тергеуші келіншегі

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2017
  • 6717

Шымкенттегі ІІД аға тергеуші, полиция капитаны Алтынай Жолымбекова алаяқтар 55 мың теңгеге сатқан брелоктың мың теңгеге жетпейтін ақша тұратынын қалай анықтады? Алтынай тергеуші ғана емес, 3 баланың анасы. Кейіпкерді тапқан Айзада Төребекқызы.

Атқан оқтың  мүлт кетпеуі Алтынай Жолымбекова үшін өте маңызды. Нысанаға дөп тию - қай кезде де басты мақсат. 

-Дәлдік тергеу ісінде жаңылыспауыма да көп септігін тигізеді ,- дейді полиция капитаны. Көптеген ауыр қылмыстың бетін ашып жүрген Алтынай әзірше қауіпті қылмыскерлерді дөп танып, лайықты жазасын беруде  жаңылыса қоймағанын айтады. Тергеушілік  өзі аттай қалаған  мамандығы. Айтуынша, бұл кәсібінің қызығымен қатар қиындығы баршылық.  Қаупі де жоқ емес, әрине. Бірақ полиция капитанының оны аса уайымдамайтынын әңгімелесу барысында аңғардық.

Алтынай Жолымбекова,  ОҚО ІІД Тергеу басқармасының аға тергеушісі:

Қылмыстық істі алып,қылмыскерді «күдікті» деп танып, айыптағаннан кейін оны  сотқа жолдау оңай шаруада емес,оңай іс емес. Тергеу барысында әртүрлі қиындықтар болады. Бірақ өзімнің таңдаған мамандығым болғаннан кейін ешқандай қиындықтарға тайсалмаймын. Мойымаймын. Ісің сотта қаралып, үкімі шығып, нәтижесін беріп жатса, сол кезде біздің еңбегіміздің ақталғаны деп білемін.

Алтынай 17 жылдан бері ішкі істер қызметінде ерлермен иық тіресіп қызмет етіп келеді. Бастапқыда ерікті қызметкер ретінде қабылданыпты.Кейіннен тергеушінің көмекшісі, соңғы алты жылдан бері аға тергеуші. Қылмыскерді дәл тануда ішкі түйсікке сүйенетін құпиясымен де бөлісті. Жарты жылға созылған тергеу кезінде өзі қарап жатқан бір арыздың ізімен бірнеше қылмысты ашқан. Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеп, іс қазір сотта қаралып жатыр.

Алтынай Жолымбекова,  ОҚО ІІД Тергеу басқармасының аға тергеушісі:

Жіті тергеп -тексерудің нәтижесінде ол жерде ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері бар екенін анықтап және ол қылмыскерлердің бір қылмыс емес, бірнеше қылмысқа қатысы бар екенін анықтадық. Ішіндегі бір күдіктіміздің басқа кісі өліміне қатысы бар екенін анықтап, ол қылмыстық іс те  қазіргі кезде сотқа жолданып, қазіргі кезде ол қылмыстық іс сотта қаралуда. Ол жерде облыстағы, облыстың бірнеше аудандарында жүріп адамдарды қорқытып, ақшаларын алып, бопсалап жүргендері анықталды.

Жылына екі жүздей істі қарап жүрген Алтынай «тергеу ісінде басты ұстанымым – әділдік», дейді. -Мен қараған істің 80 пайызында шағым айтушы, жәбірленушілердің материалдық шығыны өтелді. Бұл менің бірінші орынға қоятын талабым,- деп жалғастырды, Алтынай. Сондай істің бірін 2013 жылы қараған. Жүздеген адамнан бір мезгілде  ұжымдық арыз түседі. Дені зейнеткерлер. Алаяқтар оларға кішкентай ғана темір затты «Арманыңды орындайды!» деп алдап сатыпты. Бір данасын 55 мың теңгеге.

Алтынай Жолымбекова,  ОҚО ІІД Тергеу басқармасының аға тергеушісі:

Ол не зат?! Оған сараптама жасау үшін тура сондай тектес зат табу керек болды.Ал оның қай жерден шығарылғанын іздеп табу керек болды. Сондықтан мен қаланың барлық сол темір затқа ұқсайтын құрылғы затты іздеу үшін бүкіл косметикалық жүйелік желілердің бәрін қарап,сұрау жүргізіп, базарларды іздеп мен оны таптым ол не зат екенін.Ол шын мәнінде  косметикалық жүйелермен бірге кәдімгі сыйлық ретінде  берілетін құны, 990 теңге, сөмкенің жанына ілетін ілгіш зат екен. Ол жәй ғана - брелок екен.

Тергеушілік әйел заты бара бермейтін мамандық екені белгілі. Бірақ соған қарамастан біздің кейіпкер Алтынай Жолымбекова отбасын да, сүйікті кәсібін де ақсатпай қатар алып келеді.Үш баланың анасы. Жұмыс барысындағы мәселеге ана көзқарасымен қарайтын сәттер де болады.

Алтынай Жолымбекова,  ОҚО ІІД Тергеу басқармасының аға тергеушісі:

Тергеу барысында тергеуші ретінде де баға бересің. Кей кезде әйел ретінде де, ана ретінде де баға берілетін жағдайлар болады. 

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».