Русский Сайттың толық нұсқасы

Төрт облыстың әкімдері ауысты. Жаңа әкімдер кімдер, неге нақ солар таңдалды?

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2017
  • 3287

Осы аптада Президент төрт облыстың әкімдерін ауыстырды. Өзгеріс бірінші Қарағанды облысында болды. Нұрмұхамед Әбдібековтің орнына соңғы 5 жылда премьер-министр кеңсесін басқарған Ерлан Қошанов тағайындалды. 

Ерлан Қошанов тоқсаныншы жылдардың соңында сенатор, парламентте үкімет өкілі болған. Көлік және коммуникация министрлігінде істеген. Ол қалың көпшілікке таныс адам емес, бірақ жоғары атқарушы билік жүйесінде ұзақ уақыттан келе жатқан шенеунік. «Азаттық» порталы оның кезінде берген сұхбатынан үзінді келтіреді:  

«Қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да лоббизм бүкіл әлемде билік пен бизнестің қалыпты қарым-қатынасы саналады. Кейде бізде бұл үрдіс моральдық-этикалық шектен өтіп, жиренішті түрге енеді. Бұндай үрдістерді жиі кездестіремін және оларға барынша қарсы тұруға тырысамын. Бірақ кейін қалыпты, өркениетті қарым-қатынасқа көшу үшін мұндай кезеңді де бастан өткеруіміз керек шығар. Жағдайы төмен тұрғындар, зейнеткерлер, мүгедектер, дәрігерлер мен мұғалімдердің мүддесіне лобби жасауға түсіністікпен қарау керек». 

Бұл пікірді оқи отырып, кесімді байлам жасау қиын – үлкен саясат пен үлкен бизнестегі лобби туралы айта келе, әлеуметтің әлжуаз топтарына, әлеуметтік мамандықтарға қатысты гуманистік пайымға ауысып кеткен. Және әлеуметтің мүддесін лобби ретінде қарастыру жұмсартып айтқанда, біртүрлі... 

Ал Маңғыстау облысын басқаратын Ералы Тоғжанов кезінде Әділет минстрлігінің құрамында болған дін істері жөніндегі комитет төрағасы, сонымен бірге Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ал 2008 жылдан бері Қазақстан халқы ассамблеясының бірінші орынбасары болды. Кейбір басылымдардың жазуына қарағанда, Тоғжанов ассамблея құрамындағы славян және казак бірлестіктері арасында біліне бастаған жағымсыз тенденцияларды тоқтата білген, бірақ нақты факті баяндалмайды. Мысалы, «Ратель» порталында сондай мақала шықты: Ассамблеяда жұмыс істей жүріп, Ералы Тоғжанов Қазақстанның әр түрлі аймақтарында манипуляция жасаса, ұлттық текетіреске ұласуы мүмкін тұрмыстық кикілжіңжерді реттей білді. Аталған портал Маңғыстау облысындағы наразылықтардың басылмай отырғанын, мысалы, жыл басында «Техно трейдинг» мұнай сервис компаниясы жұмысшыларының аштық жариялағанын, мұнай бағасы онша емес қазіргі уақытта мұндай акциялардың жалғасатынын айтып, «сондықтан адамдармен сөйлесе алатын, тығырықтан шығатын жол таба алатын жетекші керек» дей келе, «осымен Ералы Тоғжанов айналысуына тура келеді», деп қайырған...      

Ал Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақалов кезінде Қостанай облысының Меңдіқара және Таран аудандарын басқарған. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының басшысы және хатшысы болған. Білетіндер оның жақсы ұйымдастырушы екенін айтады. Облыс әкімі болған күні ол 13 ауданның әкімдерін кезекпен қабылдаған. 

Ақмола облысының әкімі болып тағайындалған Мәлік Мырзалин Дін істері жөніндегі агенттіктің жауапты хатшысы қызметін атқарған. Сол кезде пәлендей пікір айтпаған, мәлімдеме жасамаған. Соңғы жылдары Президент іс басқармасы жетекшісінің   орынбасары болған. Кейбір порталдар оның урду тілін білетінін жазды.

Облыс әкімдерін ауыстыруды конституциялық өзгерістермен байланыстыратын саясаттанушылар бар. Сонымен бірге: 

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Соңғы жылдары Президент мемлекеттік бағдарламалар бойынша  нақ әкімдерден жауапкершілік пен бастамашылық талап ете бастады. Тіпті әкімдердің қызметін бағалау үшін рейтинг құру идеясы айтылғаны есте. Бұл тақырып міне, тағы қозғалды. Президенттің пайымынша, өңірлер бәсекеге қабілетін арттыруы керек. Өздеріндегі мүмкіндіктер мен мемлекет бөлетін қомақты қаржыны пайдалана отырып. Себебі есеп комитетінің мәліметтеріне қарасақ, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда бірінші кезекте аймақтар ақсап отыр. Берілген ақшаны тиімсіз жұмсайды. Тіпті мақсатсыз жұмсайды. Тағы бір айта кететіні, жеке басым үшін Маңғыстау облысының әкімін ауыстыру қызық болды. Себебі Атырау облысынан кейін мұнай-газ кеніші – Маңғыстау. Әйтсе де ондағы оқиғалар, мысалы, Жаңаөзен оқиғасы есте. Мұнайшы Алик Айдарбаевтың әлеуметтік текетірестерге байланысты менеджер Ералы Тоғжановқа ауыстырылғаны, дін атын жамылған түрлі ағымдар да тамырлап бара жатқан аймаққа текетірестерді реттейтін адам керек болғаны. Аймақ өте күрделі. Президент жаңа кадрларды байқап көрмек... Ал жалпы, Қазақстанның мықты мемлекет болуы әрбір аймағының бәсекеге қабілетті болуына байланысты.

Мәдина Нұрғалиева, саясаттанушы: 

Мен үшін Ақмола облысындағы өзгеріс әкімнің жасына байланысты. Сергей Кулагин 90-жылдардан бері - 30 жылдай басқару жүйесінде жүр. Сондықтан оны өзгерту шынайы қажеттілік. Қан жаңалау деген сияқты. Тағайындалған Мәлік Мұрзалин Мәскеу халықаралық қатынастар институтын бітірген, саяси деңгейі жоғары... Маңғыстау облысына барған Ералы Тоғжановқа оңай болмайды. Еңбек конфликтілері, діни экстремизм мәселелері бар. Оған ассамблеядағы тәжірибесі көмектесер.

Ал қызметінен кеткен әкімдердің ішінде Қарағанды облысының бұрынғы басшысы Нұрмұхаммед Әбдібеков республикалық есеп комитетінің төрағасы болып, бірден тағайындалды. Бұл маңызды участок. Кейін Маңғыстау облысын басқарған Алик Айдарбаев Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары болды. 

Аптада Президент бірқатар ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздескен, сонда былай деді:  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Одни проваливают себя, другие на пенсию уходят, третьих переводим, повышаем, параллельно переводим. Очень успешные люди у нас, хорошо работающие. Поэтому перестановки - это жизнь, ничего застывшего нет. Бывший аким Мангистауской области (Алик Айдарбаев) сам просил о должности первого заместителя министерства. Кулагин в силу возраста попросился на пенсию. Поблагодарив, я его отпустил. Абдибеков (экс-аким Карагандинской области) пришел на место ушедшего из жизни руководителя Счетного комитета.