Русский Сайттың толық нұсқасы

Семей жылда көктемде «Венеция». Ал БҚО-да «Бурлаки на Волге» картинасын еске аламыз...

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2017
  • 2869

Ал Семей қаласының жылда көктемде «Венецияға» айналатынына жұрт ашуланып та, ащы күліп те шаршаған. Жалпы алғанда онсыз да көнбіс болмыс, қашанғы ирониялайды.
Қыс бойы күрелмеген қар өзінен өзі жоқ болып кетпейді ғой. Өткен аптада Семейде жекеменшік үйлер басым екі бірдей ықшам ауданда кейбір үй құлап, кейбірінің қабырғасы сөгілген. Мына суреттер баяндауды қажет етпейтін айғақтар...
Ал БҚО тілшіміз Еркін Карин орыс суретшісі Илья Репиннің «Бурлаки на Волге» деген әйгілі картинасын еске алып, материал жіберді. Картинада бурлактардың Еділ өзенінің жоғары жағына кемені сүйретіп бара жатқан сәті бейнеленген. Қылқалам шебері тағдыр қамыты секілді ілмекті мойнына ілген әр бурлакқа жеке тоқталып, аса әсерлі бейнелеген. Тарихшылар дерегінше, суретші 1870-жылы осы кәсіп иелерімен танысыпты. Олардың тауқыметке толы тірлігінен түршігіп, үш жылдан кейін осы туындыны өмірге әкеледі... Арада 144 жыл өтті.
Бұлар - Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданындағы Оян ауылының оқушылары. Жарыстан қайтқан олар, жолда батпаққа батып, мектептің көлігін өздері арқанмен сүйреп шығарып жатыр. -Қазір бұл жермен трактордың өзі әрең жүреді,- дейді тұрғындар.  Ауылға концерт қоюға аттанған жайдармандық жастар да дәл осылай жолда қалған. Тұрғындар тас жолға жеткенше осы «миы шығып» жатқан 38 шақырымнан діңкелеп біткен. Аспанды бұлт торлап, тамшы тырсылдаса, тұрғындардың да жүзін мұң торлайды. Бұл жердің «бауырмал» батпағынан жүрдек көліктердің дөңгелегі айналмай қалады. Ал аяқ астынан денсаулығы сыр бергендерге тіптен қиын.

Ал Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев әлеуметтік желі арқылы жерлестерін сабыр сақтауға шақырды. Оның сөзінше, бұл проблема облыстың барлық аудандарына тән. Дегенмен Тасқала ауданының төрт ауылының жолына қиыршық тас төселеді деп сендірді. Бірақ бұл жолдардың бір бөлігін ғана қамтиды. Демек, шалғайға сапалы жол салынғанша әлі қаншама адам «бурлактарша»көлік тартады. Сурет салу өнер ғана емес. Картина өнер туындысы ғана емес. Суретші - жылнамашы, картина -  айғақ болатын да сәттер бар...