Облыс әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері пайда болуы мүмкін. Оған аймаққа ақша құюға келген инвестормен бастан аяқ жұмыс істеу міндеті жүкетелмек. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің мамандары мәлімдеді. Штаттан тыс кеңесші қызметін "Қазақинвест" ұлттық компаниясының аймақтық өкілі атқарады. Бұл инвесторлардың әкімшілік кедергілерге тап болмай, елге құйылатын инвестиция көлемін арттыру үшін жасалып отыр. Енді "Кәсіпкерлік туралы" заңға өзгерістер енгізу қарастырылмақ.
Ербол Тасжүреков, ҚР ИДМ инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:
Егер инвестордың виза мерзімі өтіп кеткен болса, оны рейстен түсіріп алмау жөніндегі ұсынысты ІІМ-мен қарап жатырмыз. 5-10 күн өтіп кетсе, оны рейстен қалдырып, сотқа сүйремеу үшін, айыппұл жүйесі енгізілсе деген жоспар бар. Қажет болса, сол жерде айыппұлды өтеу мүмкіндігін қарастырған жөн. Қазір мұндай тәжірибе бар.
Айта кетейік, өткен жылы шетелдік инвестиция көлемі 40 пайызға артып, 20,6 миллиард долларды құраған. Қаржы негізінен ақпараттық технология, электрожабдықтау саласы мен тау-кен өндірісіне құйылған.