Қызылжар өңіріндегі баспаналары суға кеткендерге павлодарлықтар қаржы жинап, қажетті құрылыс материалдарын сатып алған. Жұрт үй-жайларынан айырылғандарға қаржылай да көмек көрсетіп жатыр.
Ал бүгін гуманитарлық жүк тиелген көлік жолға шықты. Қайырымдылық акциясына «Нұр Отан» партиясы ұйтқы болды. Игі шараға өңірдің барлық қала-аудан әкімдіктері, қоғамдық бірлестіктер мен қарапайым бұқара атсалысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көмек көрсеткісі келгендер киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық техникадан бастап, ақшалай да берген. Қайырымдылық акциясына облыс орталығының тұрғындары ерекше белсенділік танытты,-дейді ұйымдастырушылар. Солтүстік Қазақстан өңіріне Павлодардан 100 тоннадан астам жүк жіберілген.
Гүлнәр Исақанова, «Қызыл ай» қоғамының ПОФ директоры:
«Қызыл ай» қоғамының басты бағыты - төтенше жағдайлар болса, шұғыл әрекет ету болып табылады. Сондықтан біз бұл қайырымдылық акциясының басы-қасында болдық. Асарлап жиналған қаражатқа бірінші тұтыну тауарлары мен тұрмыстық қажеттіліктер сатып алынды.
Жұлдыз Тәйкебаева, «Нұр Отан» партиясының ПОФ төрағасының орынбасары:
Бүгінгі сәтті пайдаланып, барлық Павлодар облысының азаматтарына, ұйымдарына, ұжымдарына алғыс білдіргіміз келеді. Өйткені жұмыла көтерген жүк жеңіл,- деп айтады біздің қазақта.