«Бақытты балалық шақ» жобасы аясында «Алға» балалар үйінің түлектері Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барды. Бұл саяхатты «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып отыр. Балалар осылайша өңірдегі ең ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Олар білікті мамандармен сұқбаттасып, зауыт тарихына қатысты мәліметтерді білді. Қазір мұнда 4 мыңнан аса адам еңбек етеді.
Түлектердің болашақ мамандығын адаспай табуы үшін, өңірде осы секілді шаралар жиі өткізіліп келеді. Жоғарғы сынып оқушылары алдағы уақытта да аймақтағы басқа ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысатын болады. Ал бүгін зауытқа келген балалардың жартысы болашақта техникалық мамандықтарды таңдайтындарын айтады.
Ақберген Жалғасбаев, «Алға» балалар үйінің тәрбиеленушісі:
Осы экскурсияға келіп, адамдардың қалай жұмыс істейтінін көріп, қандай өнім өңдейтінін көріп, осыған қызығушылым арта түсті. Экскурсия жасап жатқан «Нұр Отан» партиясына алғысым шексіз. Болашақта, мүмкіндік болса, ферросплав зауытында жұмыс істегім келеді.
Марианна Жұмағалиева, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі:
Бұл шараның мақсаты - жастарға көмек беру. Себебі олар болашақта қандай мамандық таңдайтындарын қазірдің өзінде білулері керек.