Русский Сайттың толық нұсқасы

Ойқы-шойқы жолдар. Жұрт төлеген салығының есебін сұрайды!

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2017
  • 4881

Өткен аптадағы бағдарламада Астана әкімдігінің биыл 40 шақырым жол жөндеуге 5 млрд теңге бөлгенін айттық. Ал жаңа 17 шақырымды төсеуге 24 млрд теңге жұмсалмақ. Сонда, Астанада 1 метр жолды жөндеу 125 мың теңге, жаңа жолдың 1 метрі 1,5 млн теңге тұратынын да есептедік. Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасы жетекшісінің орынбасары Болат Сәулебаевқа журналистер, Еуропада асфальт жолдардың жүз жылдап бұзылмайтынын айтқан. Сәулебаев Астананың шұғыл өзгеретін климатын кіналаған. Ондай климаттық белдеуде жалғыз біз тұрмайтынымызды еске салып, журналистер де қоймаған. Технологияны өзгерту керек шығар, - деген. Шенеунік өздерінің ғылыммен айналыспайтынын айтқан... Атырау қаласының тұрғыны «шенеуніктер әуеде ұша ма, орталық көшелердің өзі шұрық-тесік», депті, біздің тілшімізге. Бірақ аспанға қарасақ, қаптаған тікұшақ та жоқ. Жылда көктемде міндетті түрде жасайтын сюжетті бұл жолы Айбек Қосан «ұшырады».

Басқа аймақты былай қойғанда, «қара алтынның» қайнар көзі Атырау облысы орталығының да жолдары шұрық-тесік. Мұндағы кез-келген жүргізушінің негізгі әңгімесі сол. Мысалы, Мұса Баймұханов көшесінің сыйқы - мынау. Сапалы жөнделмейтін жолдардан әбден шаршаған жүргізушілер қолды бір сілтейді.

Көлік жүргізушілері: Жыл сайын бұзылып қалады. Дұрыстап жасау керек. Көшенің бәрі жолы тесік. Быт-шыт. Бұл масқара ғой, «мұнайлы астана» дейді. Астана емес бұл, бардак.

Жаңбыр жауған сайын қайтадан осындай болады. - Налог төлеп жатырмыз, жол жасалмайды. Ходовкасы бәрі шашылады ғой.

Шенеуніктер мүмкін "оқыр" деп жұрт, әлеуметтік желілерге де жазады. Бірақ олар естімейді, оқымайды.

Бексұлтан Мақашев,  Атырау қаласының тұрғыны:

Ақша бөлінеді ғой. Сол қайда кетіп жатыр. Немесе әкім жүрмей ме көшемен? Тесіктерді көрмей ме? Тіпті орталық көшелерде, көпірдің үсті тесік-тесік болып жатыр. Әлде ауамен ұша ма олар? Сөз жоқ, айтатын.

Қаланың былтыр 8300 метр жолының тесігі бітеліпті. Ал биыл жамауды қажет ететіні үш есе ұзын. 22 шақырымды жөндеу үшін қала қазынасынан 222 миллион теңге бөлінген. Ал сол ақшаның келесі жылы-ақ құрдымға кетпесіне кепіл жоқ. Оны жергілікті атқамінерлер  өздерінен де, мердігерлерден де емес, ауа райынан көріп отыр.

Ақесен Ибрагимов,  Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

Бұл су деңгейінің жоғары көтерілуі. Дей тұрғанмен де, ақаулықтар анықталған жағдайда мердігер мекеме тарапынан кепілдемесі бар, екі жыл ішінде өздерінің кепілдіктерін жөндейді.

Жамбылда да жол жөндеу жұмыстарына қаражат миллиардтап бөлініп келеді. Алайда, қазіргі жағдайына қарап, сол ақша желге ұшып кеткен бе,- деп ойлайсың. Мәселен, соңғы 6 жылда облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары  мен елді мекендерінің көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 43,3 млрд. теңге бөлінген. Оның 35 миллиардын жергілікті бюджет бөлсе, республикадан 8,3 млрд. теңге жұмсалған. Бұл қыруар қаржыға 2417 шақырым жолдар мен көшелер жөнделген. Ал биыл облыстық маңыздағы 10 жол, ал Тараздың өзінде тозығы жеткен 6 көше жаңартылмақ.

Дархан Абдуанов, Жамбыл облысы құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

2017 жылға жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендер көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға бюджеттен 8,2 млрд.теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдарға 3,3 млрд.теңге, аудандық маңызы бар автожолдар мен көшелерге 3,3 млрд.теңге және Тараз қаласының көшелеріне 1,6 млрд.теңге.

Қарағанды қаласында жаман жолдың кесірінен қоғамдық көліктер кей көшелерге баруды қойған. Восток-2, Восток-3 ықшам аудандарының айналмалы жолынан қыспен бірге 14 маршрут бірге "кетті",-дейді жергілікті жұрт. Ал, осы жердің мыңдаған тұрғыны 2 шақырым жаяу жүріп, басқа аялдамаларға баруға мəжбүр. Əсіресе, немерелерін балабақша мен мектепке таситын қариялар əбден қажыған.

Несіп Шəкірова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Бізге ең қиыны осы садик.  Біз анау 17- аялдамадан келеміз балаға. Қашанғы таксиге төлей берем . Күнде 400, 500 теңге сұрайды. Суықта жүреміз кейде, Ал, 014 жүрмейді. Қар ерігеннен бері 014 жүрмей жатыр.

Бұл жол бірнеше жыл бұрын шала жөнделіп, қалып қойған. Тұрғындардың айтуынша, автопарк басшылары жол жөнделмейінше, автобус жүрмейтінін мəлімдеген.

Қаршыға Шəріпова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

2 ай болды больницаға жете алмаймыз. Жаяу жүру қиын бізге. Пенсияға мезгілінде бара алмаймыз, дəрігерге бара алмаймыз.

"Көгілдір Тоғандар" ықшам ауданындағы жол мүлде қараусыз қалған. Ойық-шұрық мекенге тіпті такси келмейді екен.

Асылтас Мүкімова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Көп таксистер қорқады. Таксистер жүргісі келмейді. Мына жерде балалар ойнайтын аллейка бар. Балалар көктемде осы аллейкаға барған кезде түсіп кетуі мүмкін, өте қауіпті.

Сарапшылар жолдардың жылда тесілуінің себебін құзыретті орындардың жауапсыздығынан іздейді.

Ермек Əбілдин, Қарағанды облыстық жол-құрылыс саласындағы қауымдастық төрағасы:

Олар əрбір фирманың мүмкіндігіне қарау керек. Техникасы бар ма, соған қарау керек. Қазіргі кезде көбейіп кетті, көп фирмалар жалғыз ручкамен барады да, тендерге қатысады да, ертеңінде ұтып алып жатады жəне олар пəленбай, 50 пайызға дейін скидка жасайды. Ол дұрыс емес.

Жарытып қаражат алмаған компания сапалы жолды қайдан салсын? Оның үстіне асфальтқа төсейтін битумды Ресейден əкелуге өткен жылдан бері тыйым салынған. Ал, Павлодар, Қарағанды, Астананың жолдарына пайдаланылатын Павлодар мұнай-химия зауытының өнімі сын көтермейді,- дейді маман. Сонымен бірге елімізде жолдың жобасы да шала жасалатын көрінеді. Жол салынады, астына су ағатын құбырлар тартылмайды. Соңында жауапты тарап бар кінәні ...ауа райына, климатқа жабады.

Ермек Əбілдин, Қарағанды облыстық жол-құрылыс саласындағы қауымдастық төрағасы:

Біздің табиғатты алатын болсақ, жаңағы Финляндияның табиғатымен бірдей Қазақстан табиғаты. Ол жақта да -40 градус аяз. Бізде де 40 градус аяз болады. Мəселе, ол ең жаңағы асфальттың сапасын құртатын, суағарлар жоқ. Құбыр жүйелері жоқ. Мысалы, қар ерігенде көресіз сулар жатады. Жаңағы битумнан басқа, бəрінен басқа су жеп қояды. Сондықтан, бізде сапасы құртылады. Жоспар жасаған кезде, жобасын жасаған кезде суағарлар жаңағы құбырын, системаларын, ливневая система дейді, орысша айтқан кезде, соларды енгізсе дұрыс болады.

Павлодар қаласында жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінген. Оған орташа және ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ауданаралық аумақтарды ретке келтіру үшін бюджеттен 700 миллион теңге жұмсалмақ. Қаражат өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көбейген. Біздің түсірілім топ, жол жөндеумен айналысып жатқандардың жұмысын бақылап қайтты. Атқарған қызметі үшін берілетін кепіл уақыттың қысқалығы таңқалдырды.

Әсет Сләмбеков, инженер: 

Біздің кепілдік беру мерзіміміз 24 ай. Бұл орташа жөндеу жолына. Күрделі жұмыстар жүргізілу бойынша 60 ай. Егер де 2 жылдың ішінде мердігер ұйымның кесірінен жол бұзылатын болса, оны қайта қалпына келтіруге міндетті. 

Шымкентте жүргізушілердің сабырын сарқыған Ахмет Байтұрсынов атындағы көше қаланың қақ ортасында орналасқан. Ал көлік көп жүретін Бауыржан Момышұлы есімін арқалаған көше халықтың жүйкесімен қоса, қалтасын да жұқартып келеді. Мұнда шұңқырларды жамау жұмыстары басталған, бірақ аяқталар түрі жоқ.

Серік Сұлтанбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:

Налог төлеп жатырмыз. Ал былай қарап отырсаңыздар, жерлердің бәрі асфальттары істелінбеген. Кеше Назарбаев келе жатқан кезде осы жолдарды тек сол жүретін жолдарын істеп қойған, ал қалған жолдар абсолютно ноль. Балондарымыз апта сайын жарылады. Вулканизацияға барамыз.Оның бәрі шығын.

Облыс орталығындағы жолдардың мәселесін біржақты ету үшін биыл 15 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Мамандар жамау-жөндеу жұмыстары өткен жылға қарағанда 20 күнге кешігіп басталатынын айтады. Бұған құжат рәсімдеу мәселесі себеп.Ал жолдардың көктемге «көтерем» жануар іспетті тұралап жетуіне бұл жерде де әрине, ұзақ жатып алған қыс "кінәлі". 

Қуатжан Жұматаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Тесіктердің пайда болатын себебі –бізде өздеріңіз білесіздер, Шымкент қаласының тұрғындары бәрі біледі, қыстың күні бізде қар күндіз жауса, ол еріп жатады. Ерігеннен кейін асфальттың бетіндегі біраз қызмет көрсеткен жолдарда  микротрещина пайда болады. Сол микротрещина арасына су кетіп, түнгі уақытта аяз болып, мұз қатады.

Биыл Оралда 17 орталық көшенің жолы жөнделеді. 43 шақырымға 9 миллиард теңге қажет. Қазынадан жыл сайын миллардтап қаражат бөлінсе де жылтырап тұрған көшенің саны саусақпен санарлық. Қала басшыларынан көңілі қалған тұрғындар шұңқырларды қызыл кірпішпен қалап, тегістепті. Мәскеудің "қызыл алаңы" секілді көрікті болмаса да, көлікпен жүйткіп өтуге болады.  Жағдайдың жақсаратын түрі бар ма?-деген сауалды біздің арна тілшілері қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөлімінің мамандарына қойған. Ол азаматтар сұхбат беруден бас тартыпты.

Тұрғын: Жолға бөлініп жатыр-бөлініп жатыр жыл сайын ақша. Бөлініп жатқан ақша жолға жетпейді-ау деймін. Жартысына ремонттай ма білмеймін, 100 теңге берсе, соның 20 теңгесіне жөндейді-ау деймін. Жөнделген жол келесі жылы сапасыз, қайтадан ойқы-ойқыш болып тесіліп қалады. Көшедегі кез-келген шопырдан сұрап қарасаңыз, бәрінің айтатын мұңы осы. Дамыған елдің қатарына кіреміз дейді. Мынаумен қайдағы дамыған ел? Қаланың қақ ортасы ауыл сияқты.

Биыл бас қаламызда 52 көше жолы ЭКСПО көрмесіне дейін жөнделеді. Оған жергілікті бюджеттен 30 млрд-қа жуық қаржы бөлінген. Негізі жыл сайын Астанада 80-90 шақырымдық жолды түзеу керек. Бірақ оның тең жартысы ғана жөнделеді. Шенеуніктердің айтуынша, қаражат жетпейді.

Болат Сәулебаев, Астана қалалық автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

40 км орташа жөндеуден өтеді. 17 км жаңа жолдар салынады. Бізге орташа жөндеуге 5,5 млрд. теңге бөлінді. Жаңа жолдарға 24 млрд. теңге бөлініп жатыр. Өзіміздің құрған жоспар бар. Сол жоспар бойынша барлық жұмыстар толығымен көрмеге дейін аяқталады.

Мамандардан тағы бір білгеніміз, жол ауа райы қолайсыз мезгілде, яғни жаңбыр немесе қар жауып тұрғанда жөнделіп,  асфальт төселсе, ол аумақ, заң жүзінде қабылданбайды екен. Олқылықтың орнын тендер ұтқан компания өз қалтасынан жөндейді. Бірақ бұл талап қайбір орындалып жатыр дейсіз. Тендер ұтқан мердігер білгенін істейді. Әзірге түзу-түзу жолдармен жүруді тек Жұбаныш Жексенұлының әнінен естиміз...

Айбек Қосан, Айжан Қуаш, Данияр Әлімқұл, Айзада Төребекқызы, Базаргүл Нәдірқызы, Әсемгүл Мұхитова, Еркін Қарин, «Біздің уақыт».