Қара киіну – жаман ырым. Алайда тыйым салғанмен сана түзеле ме?

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2017
  • 7716

Президент экономикалық, саяси жаңғырудың қасында қоғамдық сананы өзгертудің ең қиыны екенін Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXV сессиясында тағы айтты. Адамды мамандыққа үйретуге болады, алайда сананы өзгерту күрделі процесс. 

Сондықтан мен жастарды ескертемін. Артқа жүрмеу керек... Қара орамал тарту қазақтарға тән емес. Бәрімізге жат. Бөтеннің басқа да дәстүрлерін әкелсек, қалай алға жылжимыз? – деді ол, соңғы аптада екінші рет.

Тұмша қара киімге тыйым салу. Әйтсе де... Әйтсе де ең бастысы – ми майданы. Ең сұрапыл майдан - «мылтықсыз майдан». Шыны – бізді, қазақтарды дәстүр мен дін біріктіріп тұрған. Егер дәстүр мен дін бойынша бөлінсек, бөлініп ғана қоймай, бір-бірімізге жауға айналсақ, білмеймін...Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы діни көзқарасы қалай дұрыс емес болып шығады, түсінбеймін. Түсінгім де келмейді. Гүлбарам Меңдееваның материалы.

Досай Кенжетай, теолог:

Никаб та, хиджап та – діни терминология. Біз оларды қолданған емеспіз. Қазақтардың мұсылмандық тілі бар өзінің діни тілі бар. Біздің мұсылман өркениетінде бұл екі сөз де терминде жоқ.

Гүлбарам Меңдеева, тілші:

Сондықтан қазақтар хиджап, никаб деген сөздерді түсіне бермейді. Хиджаб араб тіліндегі хаджаба деген сөзден шыққан. Жабу, жасыру деген мағынаны білдірсе керек. Демек, ОНЫ қазақ мұсылман болғалы 12 ғасыр басынан тастамаған орамал десек болады. Ал қазақтарды үркітіп жүрген – никаб. Бұл араб қыз-келіншектерінің аузы-мұрнын қымтайтын орамал.

Алтынбек Ұтысханұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі:

Кейбір мұсылмандар ішінде әдетке айналған, көшелерде онсыз жүру күйеуілерінің тарапынан, отбасы тарапынан тыйым салынады. Бірақ ол шариғатта жоқ нәрсе. Осыны білуіміз керек. Қазақта ол болмаған ниқап деген нәрсе. Біздің бетіміздің ашық болуына қатты мән беруіміз керек.

Қара киім киетін қыз-келіншектер әсіресе Атырау, Ақтөбе, Алматыда көп. Бұл мамандар дерегі. Бірақ президенттің мәлімдемесінен кейін көшеде қара оранған қыз-келіншектердің саны күрт азайды. Бірен-саран қызды сөзге тартпақ болып едік, алыстан қашты.  Астанада никаб еркін саудада. Түр-түрі бар. Бағасы 3 мыңнан басталады. Сатушының айтуынша, Қырғызстаннан әкелінеді. 

Сатушы:
Никабты өзім тақпаймын. Ол былай жабылады. Тек көз ғана. Панаджа деген тек көзінде сетка тұрады. Қараға заң шықты ғой, рұқсат етпейді. Әншейін хиджап тағындар деп... Киіңдер қараны, бірақ үсті яркий болу керек дейді. 

Никаб әдетте қара түсті болады. Бетті тұмшалау, қара кию шариғатта да жоқ нәрсе. Құранды оқығандар мұндайға бармайды дейді Мұсылмандар діни басқармасының өкілдері. Балиғатқа толғандардың қалай киіну керектігі Құранда, шариғатта да жазылған.   

НҰР СҮРЕСІНІҢ 31-ШІ АЯТЫ:

«Әйелдерге айт, өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын. Ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын. Мәжбүр көрінген жерлерінен тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Орамалдарын, жағаларын да жабатындай етіп тақсын».

ШАРИҒАТ:

Орамал – құлшылық-ғибадат мақсатымен киілетін киім. Құранда қыз-келіншектердің киетін киімінің нақты пішімі көрсетілмеген. Бірақ нақты қай жерлерді ашық қалдыру керектігі жазылған. Мәжбүр көрінген жерлер дегеніміз – бет, білектен төмен екі қол, тобықтан төмен екі аяқ. Сондықтан басқа да мүшелерін жабу керек. Бұл – Алланың бұйрығы. 

Президент: - Құдай деген адамның жүрегінде болу керек емес пе?! Бас мүфти: –Дінге де жатпайды ол бетті тұмшалау деген. Шариғатта да жоқ нәрсе. Президент: - Шариғатта да жоқ нәрсе?Бас мүфти: - Жоқ. Арабтың өзінің салт-дәстүрі ғой бізге келген.

Жұрттың пікірін тыңдап көрдік. Сөзге тартқандардың барлығы аулақ жүруге тырысатындарын айтты. 

Адамдардың пікірі: Кішкене шошисың ондайды көргенде, расын айтқанда. Себебі қап-қара. Балалар көргенде шошиды. Аулада бір келіншек жүреді қап-қара киініп алып. Қап-қара мен білмеймін, ұнатпаймын. 

Это не наше, я думаю, что это связано с их климатическими условиями - закрывать лицо. Это связано с их песком, климат такой. А у нас другие условия. Нужно соблюдать свои национальные традиции, одеваться соответственно.  

Олардан мүлдем қорқамын. Білмеймін неге екенін.

Дін жолында жүрген мұсылман қыз-келіншектерден де сұрадық. Олар да мұны құптамайды. Бірақ тыйыммен мәселе шешілмейді деп есептейді. 

Адамдардың пікірі:

Олар өздері бөлінеді ғой. Қара киінгендер парыздарын оқиды, сүннетті ұстамайды. Амалдарын көп жасамайды да, сосын қара киінеді. Жолдастары ашық түсті кигізбейді, қара кигізеді. 

Қара негізі мазхаб ұстанбайтындар. Қазіргі тілмен айтқанда салафизм дейді ғой. Содан келіп жатыр ғой енді. Өз басымда сақалды қырғызып, неше түрлі запрет жасап одан сайын өршіп кетпей ме деген қорқыныш бар.  

Бірақ еуропалықтар ештеңеден қорқып жатқан жоқ. Кеше ғана Германия мемлекеттік қызметкерлердің паранджа мен никаб киюіне тыйым салды. Ал бізде қара киінгендерге шектеу бола ма, әлде заңмен тыйым салына ма? Оны Дін министрлігі қарастыратын болады. Заң жобасы күзде парламенттің қарауына жіберілмек.

 Бақытжан Күлекеев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

Біз шетелдік, халықаралық тәжірибені зерттейміз. Өзіміздің заңнамалық нормаларымызды зерттеу керек. Халықтың пікірін тыңдау керекпіз. Ол да керек. Себебі бұның артында адам құқықтары тұр дегендей. 

Досай Кенжетай, теолог:

Барлығын ғылыми-танымдық тұрғыдан шешу керек. Ал енді құқықтық тұрғыда тыйым салу - барлығы өткен ғасырдың, орта ғасырдың принциптері бұл. Қазір өркениетті қоғам ретінде адамдармен сұхбат арқылы, ағартушылық арқылы, мемлекет пен қоғам арасындағы сұхбаттарды дамытудың ең бір кілті – бұл ортақ институттар құру керек бізде. 

Одан бөлек, жастарға 12 ғасырлық тарихы бар Орта азиялық ислам мәдениеті мен ғұрпын түсіндіру керек. Сол кезде ғана олардың арабтардың мәдениеті мен дәстүрін көшіріп алғанына көз жеткізе аламыз дейді теолог. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз дінімізбен бірге ұлттық дәстүрімізді бірге ұстануымыз керек. Біздің қыздарымыз атам заманнан бөрік киген, келіндері орамал салған. Аналарымыз кимешек киген – міне біздің салтымыз. Ешқандай дін де ештеңе де одан бөлінген жоқ. Тағы айтамын, қазақта қара киіну – жаман ырым.

Жаман ырым екені сан ғасырлар бойы қазақтардың санасына сіңген. Этнограф, қазақ қоғамының бұған шошып қарайтыны осыдан, -дейді.   

Зылиха Ибадуллаева, этнограф:

Әрине. Бұл біздің дәстүрімізге жат, дәстүрімізде болмаған, бұл қайшы болып келеді дәстүрімізге. Себебі қара киіну қаралы, күйеуінен айырылғандардың белгісі. Яғни жесір әйелдің белгісі ретінде саналған. Сондықтан қазақ қоғамы күнделікті киюді қабылдамайды, қабылдай алмайды да. 

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қыз-келіншектер қара киімнен бас тарту үшін оған балама ұсынбақ. Ұлттық нақыштағы, салтымызға сай киімдер үлгісін жасап, жақында жалпақ жұртқа таныстырылады. Бірақ балақ ұзарып, қара түс басқасына ауысып, бет ашылғанмен мәселе шешіле ме? Бар гәп сонда. 

Алтынбек Ұтысханұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі:

Біздің өзгеріс енгізіп, кигізе білсек, жайлап-жайлап санасын дұрыстайды деп ойлаймыз.

Досай Кенжетай, теолог:

Ықпалы болады. Бірақ толық шеше алады деп айта алмаймын. Айтып отырмын ғой, барлығы адамдардың жеке ішкі әлеміне байланысты, ішкі әлеміне біз қанша айтқанменен мәжбүрлей алмаймыз ғой. Қол сұға алмаймыз. 

Гүлбарам Меңдеева, тілші:

Мамандардың айтуынша, бұл қазіргі жүріп жатқан сел секілді. Дәл бүгін соның ортасында қалдық. Бірақ ол өтеді. Маңыздысы қирандылардың ішінде бүтіннің қалатыны. Салафизммен келген араб дәстүрі біздің ұлттық құндылықтарымызды жоюы мүмкін. Ол кезде ұлт болып қалуымыз екіталай.

Гүлбарам Меңдеева, Тимур Еркетаев, Бағлан Жанқозин, «Біздің уақыт».