Русский Сайттың толық нұсқасы

«KazTransOil» 100 түп ағаш отырғызды

  • AstanaTV
  • 02 мамыр 2017
  • 3171

«KazTransOil» акционерлік қоғамы өткізген әлеуметтік акцияның аясында елордада 100 түп ағаш отырғызылды. Соңғы 2 ай аралығында компания өкілдері 20-дан астам қайырымды іс жасап, осылайша 20 жылдық мерейтойды атап өтті. Аталған акцияны компанияның өңірлердегі әріптестері де қолдап, ұзын саны 2000 тал-бұтақ отырғызылды.

100-ге жуық жас шырша бас қаланың көркін кіргізді. Бұл «KazTransOil»-дың жасаған оңды қадамы. Компания өкілдері, көшет отырғызып, айналаны көгалдандыру  - әрбір азаматтың борышы,- деп біледі. Табиғатты қорғау мен сақтауға арналған бұл бастама бір реттік емес. Алдағы жоспарда бұл экологиялық маңызды іс дәстүрлі акция ретінде бекітілмек.

Алексей Пирогов,  "ҚазТрансОйл" АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

Компанияның 20 жылдығына орай 20 ізгілікті істі қолға алдық. Бұл шара тек Астана қаласымен шектеліп қалған жоқ. Керісінше, біз елордада бұл көлемді акцияны қорытындылап жатырмыз. 18 наурызда еліміздің оңтүстік өңірлерінде басталған еді. Ауа райының қолайлығына қарай жалғастырдық.

Көшет отырғызылған аумақта "Мұнайқұбыршылар аллеясы" салтанатты түрде ашылды. Тақтайшаға жазылар ұрансөздің мәтіні де кездейсоқ таңдалмаған. Алдымен байқау ұйымдастырылып, үздік деп танылған «Өткенге мақтаныш, болашаққа сенім» сөзі мен "ҚазТрансОйлдың" 20 жылдығына арналған логотип естелік тақтаға қашалып жазылыпты. Мұндай аллеялар Қазақстанның 11 қаласында пайда болды. Сенбі күні "Біз таза қала үшін!" деп шыққан қызметкерлер, мұндай тарихи оқиғаның куәсі болғандарын, мақтанышпен жеткізді.

Ербол Өтеубаев,  "ҚазТрансОйл" АҚ тасымалдау департаментінің менеджері:

Мұнда қатысып жатқан көбіне жас мамандар. Мұнда бүгінгі шараға 100 шақты адам шықты. Компанияның игі істерге бастау болып келе жатқанына куәмін. Әлі де біздің компания еліміздің гүлденіп, көркейе беруіне үлесін қоса беретініне сенімдімін.

Арман Охаб, "ҚазТрансОйл" АҚ операторлық қызмет департаментінің қызметкері:

Өзіміздің сүйікті ісімізден бөлек, осындай жақсы идеяны қолға алғанымыз қуантады. Компанияда 10 жыл қызмет атқара келе, қаланың көгалдандыру ісіне өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акцияны өткізудің тағы бір мақсаты - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне үндеу қосу. Жасыл экономика идеясы әр қазақстандықтың бір түп ағаш отырғызуынан басталатынын ұмытпау керек, - дейді компания мамандары.

Айбек ҚОСАН