Ресей бүгіннен бастап Сирия аумағынан әскерлерінің негізгі бөлігін шығара бастамақ. Президент Владимир Путин елдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрлеріне осындай бұйырық берген. Демек, аймақтағы қақтығыстар енді бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бірақ жауынгерлер қалған Тартус порты мен Хмеймим әуе базасы бұрынғы жолмен қаржыландырыла бермек. Путин мұндай шешімге келуін - «қажетті талапты орындадым» деген сөзімен түсіндіріп отыр.
Владимир Путиннің Сирия жерінен әскерилерін шығаруды ұйғарғанын, әрине, көпшілік қолдағанымен, күтпегені анық. Тіпті оны батыс басылымдары «тосын әрекетке» теңеп жатыр. Бірақ кей БАҚ-ның жазуынша, шешім Ресей қауіпсіздік кеңесінде бұған дейін бірнеше мәрте көтерілген екен. Ал таяуда Ресей мен Сирия жетекшілері арасында телефон арқылы талқыланыпты.
Владимир Путин, РФ президенті:
Қорғаныс министріне бұйырық беремін. Ертеңнен бастап Сирия араб республикасының аумағынан әкерлердің жартысы шығарыла бастасын! Сирияның үкімет жасағы және Ресей әскерінің қатысуымен жүргізілген операциялары халықаралық лаңкестікпен күресте елеулі үлес қосты. Әрі тосқауыл жасай алды.
Ресей президенті мұндай мәлімдемесін Женевада Сирия ахуалына қатысты келіссөздер отырысына бірер сағатқа қалғанда жасаған екен. Сөйтіп, жиынның мәні өзгеріп, бас қосқандар Ресейдің бұл шешімін құба-құп деп қабылдағаны бар.
Сәлім Әл-Мұслат, Сирия оппозициямен келіссөз жүргізу жоғары комитетінің хатшысы:
Егер әскерилер шынында да шығарылар болса, онда бұл келіссөздерді мейлінше оңтайлы ете түспек. Әрі Башар Асад режиміне де біршама қысым келтіруі тиіс. Себебі оның созылуына Ресей ықпал жасап келген еді.
Тосыннан жасалған шешімді біздікілер де «оң» деп бағалап отыр. Мәселен, Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгерлік үшін бұл жақсы бастама деген ойын білдірген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
«Кремльдің Сириядағы әскери қимылдарды тоқтату туралы шешімі бейбітшілік процесі мен нақты бітім үшін жақсы мүмкіндіктер береді».
Еске салсақ, Ресей Сирия аумағындағы ланкестерге қарсы операциясын былтыр қыркүйекте бастаған еді. Көздегені - ДАИШ ұйымы. Ал өткен айдың 27-сінде бұл елде себепсіз оқ атуды тоқтату туралы бітім күшіне енген-ді. Бірақ оған дейін есепке қарағанда, орыс авиациясы содырлардың 12 700 нысанын қиратып үлгерген деген ақпар бар. Ендігі мәселе - Сирияның тағы да ыдырап кетпеуінде тұр. Себебі лаңкестер тобы келісімді сақтағысы жоқ.
Құралай ПИОНЕР