Мұнай және газ құбырларының жағдайына немқұрайлы қарағаны үшін Инвестициялар және даму министрлігінің шенділері жазалануы мүмкін.
Бұл туралы бүгін Бас көлік прокуратурасының алқалы жиынында белгілі болды. Сондай-ақ дер кезінде құбырлардағы ақауды жөндемегені үшін «ҚазТрансОйл» және «Интергаз Орталық Азия» компаниялары да жауапкершілікке тартылуы жайы да сөз болды. Қазір елімізде 8 мың шақырымдық мұнай құбыры мен 16 мың шақырым газ құбыры бар. Алайда ішкі диагностика жүргізілмегендіктен, 9 мың шақырым құбырдың жағдайы осы уақытқа дейін анықталмай отыр.
Нұрлыбек Жақанов, ҚР Бас көлік прокуратура басқармасының аға прокуроры:
Осыған дейін Бас көлік прокуратурасымен жүргізілген тексеріс нәтижесінде біршама заңбұзушылықтар анықталған болатын. Атап айтатын болсақ, ол 1700-ден астам магистральді мұнай құбыры мен 122 шақырым газ құбырының тексеріс уақыты өткеніне қарамастан, пайдалану деректері анықталған.
Елдос САПАРҒАЛИ