Русский Сайттың толық нұсқасы

Құс өсірушілер еліміздің антимонополиялық комитет қызметіне шағымданды

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2016
  • 2130

Делдалдар жұмыртқаның бағасын өз құнынан 20 пайыздан асырмауы тиіс. Бүгін бас қосқан отандық құс өндірушілер билікке осындай ұсыныс айтып, оны біржола бекітуді сұрады. Құс өсірушілер одағы президентінің сөзінше, алыпсатарлар фабрикадан арзанға алған өнім бағасын екі еселеп сатады. Сондықтан үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан оларға шұғыл шара қолдануды сұрайды.

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті:

Мысалы, құс фабрикалары бірінші категориялы жұмыртқаны 18 теңгеден жіберсе, дүкендерде оның құны ондығына 300-350 теңгеден тұр. Біз үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігіне, кәсіпкерлер палатасына делдалдар өнімнің өз құнына 20 пайыз ғана құн қоссын деген ұсыныс жасадық. Бұны фабрикалар беретін есеп құжаттары бойынша қадағалап отыру оп-оңай.

Отандық құс өсірушілердің дәстүрлі жиынында Қазақстанның жұмыртқа мен құс еті импортының тәуелділігінен арылғаны айтылды. Десе де еліміздің ДСҰ-на енуіне байланысты АҚШ Қазақстанға сататын сан етінің квотасын 110 мың тоннадан 160 мың тоннаған дейін арттырыпты. Руслан Шәріпов ішкі нарық америкалық арзан тауардан Ресейдің АҚШ-қа қарсы енгізген шектеуінің арқасында қорғалып отыр дейді. Құс өсірушілер бұл кәсіпке сырттан төнген қауіптен басқа, өзімізде қолдан жасалған кедергілер де бар екенін айтты.

Орындық Шәріпова, «Орал құс фабрикасы» ЖШС директорының орынбасары:

Монополияға қарсы комитет құс фабрикалар өнімінің маусымдық сұранысы мен кәсіптің ерекшелігін ескергісі жоқ. Керісінше, бағаның маусымдық өзгерісін фабрикалар сөз байласу деп көрсетеді. 2015 жылы тексерістен кейін бізге осындай айыппен 10 млн 115 мың теңге айып төлетті. Биыл ақпанда келіп тағы сондай хаттамалар толтырып кетті. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ