Үміт сыйлаған қызғалдақтар. Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғыны Марина Ибраева дертімен күресу жолында гүл өсірумен айналыса бастады. Осылайша ол қымбат дәрі-дәрмекке кеткен шығындарын өзі жаппақшы. 47 жастағы әйелге осыдан 11 жыл бұрын «гломерулонефрит», яғни «бүйрек қабынуының өткір түрі» деген диагноз қойылады. Соңғы 6 жылдан бері күнара гемодиализ тәсіліне жүгінуге мәжбүр. Ертеңге деген сенімін жоғалтпаған жанмен Әсемгүл Мұхитқызы жүздесіп қайтты.
Марина Ибраеваға дәрігерлер ауыр диагнозды 36 жасында қойыпты. Бірден 1-ші топтағы мүгедектік беріліп, жұмыссыз қалады. Көңілін аулау үшін үй гүлдерін өсіруді қолға алады.
Забываешь что болеешь. Правда. Единственное - время. Времени не хватает. Диализ же забирает полдня - вот это плохо.
Гемодиализ процедурасы күнара болғандықтан, қаладан алыс кете алмайды. Сондықтан, бұл гүлдер Маринаның ұзақ күнгі ермегі. Сондықтан, қажет болса, түнде де тұрып, оларға көңіл бөлетінін айтады. Бүгінде қызғалдақтар өсіру ісі тиімді деп тапқан. Әрі табыс да әкеледі деп отыр. Гемодиализ процесі тегін жасалғанымен, ағзаның қалыпты жұмысына қажетті «дәрі-дәрмек қалтаны қағады» дейді ол.
18 шаршы метр аумақ бүгінде кәдімгі кішігірім жылыжайға айналған. Қазірде мұнда 1000 дана қызғалдақ гүлі отырғызылған. Марина Ибраеваның айтуынша, жуық күндері ол алғашқы өнімін алатын болады.
Бұл жылыжайды өткен жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы қол жеткізген қаржыға ашыпты. Денсаулығына байланысты көп мәселені өзі реттей алмағанымен, туғандары қолдау көрсеткен. Қажет материалдар мен тетіктерді жинап, аз уақыттың ішінде осындай жылыжай тұрғызыпты.
Марина Ибраева, Екібастұз қаласының тұрғыны:
Дұрыс күтім болып, жағдайын ойдағыдай жасасам, 5 мың түптен жылына 21 мың дана қызғалдақ алуым керек. Шынын айтсам, осы мені қызықтырды. Бір емес, бес рет өнім алып, сатсам... табысы да жақсы болады. Бұған қоса, қызғалдақ жер бетінде гүлдеген алғашқы гүл ғой. Демек, мен үшін ол - өмір сыйлайтын, үміт гүлі.
Ол бүйрек трансплантациясын жасауды да ойластырып жүр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда республикада бүйректі алмастыру тізімінде 3 мыңнан астам науқас кезекте тұр. Оның 125-і - павлодарлық.
Нұрлан Қасымов, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Ол өзінің учаскелік дәрігеріне барып, нефрологқа жолдама алуы керек. Дәрігердің қарауынан кейін республикалық орталықтардың біріне жіберіледі. Сол жақта мамандар қарап, бүйрегін алмастыру бойынша шешім қабылдайды. Антигендік құрамды тексеру үшін, қаны зерттеледі. Содан кейін ғана донорлық тізімге қойылады.
Марина Ибраева жақында тізімге тұрмақ. Ал әзірге бірер күнде қауызы ашылатын гүлдеріне ден қойған. Мұның себебі де жоқ емес. Айтуынша, алғашқы өнімге тапсырыс берушілер де табылған.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ