Ақтөбе облысында мұнай ұрлығы азаймай тұр. Тек соңғы 5 жылда 120 қылмыстық іс тіркеліп, келген залал көлемі 7 миллиард теңгеден асқан. Бұл туралы Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков мәлімдеді.
Қара алтын қараусыз қалған немесе өндірісі тоқтап тұрған кен орындарынан да ұрланып келген. Прокурорлардың дерегінше, мұндай жерлерден 50 тоннадан астам мұнай қолды болған. 5 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталып, 3 жылдан 6 жылға дейін сотталыпты. Ал, кейбір ірі компаниялар "технологиялық шығындар мен басқа да қажеттіліктер үшін керек" деген желеумен мұнайдың үлкен көлемін есептен шығарып келген. «СNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы 2014-2016 жылдар аралығында 88 мың тонна қара алтынды технологиялық шығын ретінде есептен шығарған. Ал «Сағыз Петролиум Компани» серіктестігі де осы мерзім ішінде 2 мың тонна мұнайды ұңғымаларды жуу үшін пайдаланған. Мамандар мұндай шығындарды есептеудің нақты әдісі жоғын айтады.
Нұрдәулет Сүйіндіков, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары:
Қазір ведмоствоаралық тергеу тобымен «Сағыз Петролиум Компани» ЖШС-нің арызы бойынша қылмыстық іс тергелуде. Бүгінгі таңда бір кен орнының операторлары, мастерлері мен күзетшілері түнгі уақытта бөшкелерге өндірілген мұнайдың бір бөлігін заңсыз сатып отырғаны анықталды. Осындай тәсілмен 530 тонна мұнай ұрланғаны анықталды. Тергеу жалғасуда.