Атырауда қолайсыз ауа-райы аймақтағы жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Кешелі-бері жауған жаңбыр бүгін қарға ұласып, судың ортасында қалған көшелер мен баспаналар саны да күрт көбейді. Тіпті бір үйдің қабырғасы опырылып құлаған. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов үйлерді аралап, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
Базаргүл Нәдірқызы, тілші:
Қар мен жаңбыр суына шыдас бермеген Құрманғалиев көшесіндегі 77 үйдің қабырғасы кеше кешкісін опырылып түсті. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Отбасы мүшелері осыдан он күн бұрын ауладағы жаздық сарайға көшіп үлгеріпті.
Үй иесі Жұмабай Имұхановтың айтуынша, коммуналдық қызмет мамандары тек үй құлаған соң ғана су соруға келген. Салынғанына елу жылдан асса да, былтырғы жаңбырға дейін үйде мұндай проблема болмап еді,- дейді отағасы.
Жұмабай Имұханов:
Ақпанның ондарында ма, 5-6-ларында ма, үй жарыла бастады. Жарылғаннан кейін, ұлғайып бара жатқасын, барлық жерге хабарласып жатырмыз. Кеше кешкі жаңбырда құлады бір жағы.
Қаңтардың 20-сынан бері басталды суға кету. Мен наурыз, сәуірде кететін шығармыз деп ойлап отыр едім суға кетеміз деп отыр едім, қаңтардан бастап кетіп қалдық. Былтыр майда кетіп едік, бұдан жаман болып.
Қайрат Жұмағалиев та шарасыз. Арбаға таңылған І топ мүгедегі орнынан қозғалудан қалған. Қар мен жаңбыр суы, үйдегі бар дүние-мүлікті былай қойғанда, едендегі ағаштарды көтеріп жіберген. Өткен ғасырдың алпысыншы жылы салынған бұл баспана да құлағалы тұр.
Маржан Жұмағалиева:
Осы үйде қонып жатырмыз, осы үйде тұрып жатырмыз ғой. Білмеймін не істейтінімізді. ЧС-тың кісілері бүгін келіп сорамыз деді, одан әлі хабар жоқ енді.
Қаладағы жағдайды көзбен көруге шыққан аймақ басшысы: «Жағдай тұрақты, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіретіндей қажеттілік жоқ»,- деді.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Көшетіндей ешқандай қажеттілік жоқ. Қажетілік болып жатса, көшіріледі. Құлап қалған тек бір үй бар. Шарбағындағы екінші үйде тұрып жатыр. Қазір ең бірінші су сорып алу керек. Содан кейін ойлаймыз не істейтінімізді. Оның талайын көріп келе жатырмын. Оның бәрін тексеретін комиссия бар, заңға сәйкес шешіледі барлығы.
Аймақ басшысының айтуынша, облыс орталығындағы 29 үйді су басқан. Қала көшелеріндегі жағдай да мәз емес. Коммуналдық мекеме мамандары арнайы техникамен жиналған жаңбыр суын сорып үлгере алар емес.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ