Прокурор Тұңғышбай Жаманқұловқа шартты жаза кесілуін сұрады. Алматыдағы Медеу аудандық қылмыстық істер сотында "мемлекет қаржысын жымқырды" деп айыпталған танымал актер, әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша жарыссөз өтіп жатыр.
Сот процесі наурызда басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адамға "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген 69 млн теңгені жымқырды" деген айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушы басты фигурант Тұңғышбай Жаманқұловты "7 жыл 6 айға соттауды сұрады, және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша жаза мерзімі 3 жыл 7 айға азайтылса" деді. Актердің жасының ұлғайғанын ескеріп, шартты жаза кесуді сұрады. Өзге айыпталушылар Талғат Жәнібеков пен Гауһар Ысқақованың айыбын жеңілдетіп, шартты жаза кесілсе, деді. Қалған алтауына да түрлі мерзімде жеңіл жаза қарастыруды ұсынды.
Дәурен Бұлғынбаев, прокурор:
Режиссер Талғат Жәнібеков пен топ-менеджер Гауһар Ысқақованы үкім күшіне енгенге дейін қамаудан босатудыы, үй қамақта отырған Юдина ханымды сыртқа шықпау туралы қолхатпен ұстау шарасына ауыстыруыңызды сұраймын. Осы айтылғандарды шешім қабылдау барысында ескерсеңіз.
Айгүл ЕРМАХАН