Енді қазақстандықтар жинақ қорларын валютада емес, алтын құймаларымен сақтай алады. Әлемнің дамыған елдеріндегі бұл жүйені Қазақстан Ұлттық Банкі де айналымға енгізеді. Бұл туралы бүгін Данияр Ақышев мәлімдеді. Ақшаны қағаз түрінде емес, тазартылған асыл металл ретінде банктердің арнайы сейфтерінде сақтауға болады. Қазір салымшыларға алтын құймаларын балама ретінде ұсынуға екі банк дайын, - деді Ұлттық банк төрағасы. Олар: Халық Банк пен Еуразиялық банк.
Ақшаның орнына жүретін алтын құймалардың төрт түрі айналымға шығарылып отыр. Олардың салмағына қарай, бағасы да әртүрлі. Алайда құймалардың бағасын екінші деңгейлі банктер өз бетінше де белгілей алады. Себебі алтынның әлемдік нарықтағы бағасы құбылуы мүмкін.
Әзірге асыл металлдардың сатылымы Алматы, Астана, Өскемен және Атырау қалаларында сатылады.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Мұндағы басты идея - алтынды халыққа сатып, пайда табу емес. Қаржы нарығындағы активтердің тұрақтылығы мен өтімділігін нығайту. Әрбір азамат өз жинақ қорын валютада сақтай ма, әлде бағалы металл күйінде сақтай ма?! Ол жағын өзі шешеді. Бірақ нарықта алтынның бағасы ешқашан түспейді. Ендеше біз салымшының жинақтарын қорда қағаз түрінде емес, алтын құймасымен де ұстауына мүмкіндік жасаймыз.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ