«Жалған терроризм» үшін сотталған мұғалім Юрий Пак өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінді. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі жазбаша хабар таратты. Бүгін Абай аудандық сотының көшпелі отырысы жабық өтіп, Юрий Пакты бостандыққа шығару туралы үкім шыққан. Сот кесімі екі аптадан соң күшіне енетін болады. Сондай-ақ сотталушы Юрий Пак 170 мың 742 теңге айыппұл төлеуі тиіс. Ресми мәліметке сүйенсек, жазаның жеңілдеуіне сотталушының кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінуі себеп болған.
Бұған дейін оның кінәсін мойындамай келгенін ескерсек, Пактің пікірі кенет неге өзгергені белгісіз. Бұл жағдайға қатысты мұғалімнің жұбайы мен қорғаушысы қандай бір ақпарат бермеді.
Еске салсақ, Қарағандыдағы 86-ыншы мектептің мұғалімі Юрий Пак өткен жылы қараша айында Қылмыстық кодекстің «Террористік акт туралы жалған хабарлау» бабымен айыпталып, екі жылға сотталған еді. 2015 жылы сәуірде 102 нөміріне оның ұялы телефонынан "Орталық әмбебап дүкенге бомба қойылды" деп хабарланған. Тергеу барысында алматылық сарапшылар аудиожазбаның сотталушыға тиесілі екенін анықтаған. Алайда, кейін ресейлік сарапшылар жазбадағы Юрий Пактың дауысы еместігін мәлімдеді.