Шымкентте құрылысшылар жарты жыл жалақы алмаған

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2017
  • 3526

Шымкентте көпқабатты  пәтер салып жатқан жүздеген құрылысшы жарты жылдан бері жалақы алмаған. «Адия» тұрғын үй кешенінде құрылыс жүргізіп жатырмыз деген жұмысшылар соңғы рет ақшаны өткен жылдың қыркүйегінде берген еді дейді. Ал одан бергі жарты жылда  қолдарына бір тиын да тимепті. Жалақы дауын әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Табан ақы, маңдай терін талап етіп жүрген «КазHiTechEuroBuilding» құрылыс компаниясының  жұмысшылары. Ұзын саны жүзден астам адамның қатарында қарапайым жүргізуші,дәнекерлеушілерден бөлек білдей прорабтар да бар.

Бұл жұмысшылар Шымкенттегі Тұран шағын ауданында 1,5 жылдан бері көп қабатты үй тұрғызуға атсалысып жүр. Былтыр күзден бері жалақы көрмедік дейді.

Әбдіхалық Тұрарбеков,  прораб:

Октябрь айынан бастап айлық алмаған кісілер бар арамызда. Жұмысшылар да сондай жағдайда, шоферлар да сондай жағдайда. Бірінші кезде март айынан бастап «ойбай, расчетный шот жабық- деді. Ашамыз, ашқаннан кейін он күннің ішінде төлеп береміз»,- деген. Бұл март айында болған әңгіме. Сол әңгіме сол әңгіме күйінде.

Алмас Базарбаев, жүргізуші:

Кредиттерімізді төлей алмай жатырмыз. Су, жарық, коммунальный ештеме төленбей жатыр үйде, газ қырқылған. Бала-шаға бар, садикке де ақшасын төлей алмай жатырмыз.

Құрылысшылардың кейбірі алашағымыз 1,5 млн теңгеге жуықтайды деп отыр.Ал ең аз дегенінің өзі 400 мың теңгесін даулап жүр.  2016 жылы компанияда қаржылық қиындықтар туындап, біраз адам ақысыз еңбек демалысына жіберілген екен. Ал сәуірде жұмыс беруші ауысыпты. Жалақы аламыз деген үміттен гөрі үрей басым дейді ашынған құрылысшылар. 

Полат Фазилов:

«Береміз,береміз» деген сөздер болатын осы уақытқа дейін. Бүгін «біз білмейміз, анадан сұраңдар» -деп жатыр, Дәуірбаевтан. Дәуірбаевқа барсаң «менде жұмыс істедіңдер ма, дейді Дәуірбаев. Менімен жұмыс істеген жоқсыңдар ғой, мен сәуірде алдым фирманы. Не деп менен  айлық сұрап жатсың деп жатыр да ол.

Аталған компания басшыларынан жауап алу мүмкін болмады. Осы серіктестіктің өкілі болған Ахметжан Сәбденов есімді азамат телефон арқылы негізгі мәселе шоттардың бұғатталғанында деп түсіндірді.

Ахметжан Сәбденов, құрылыс компаниясы бастығының бұрынғы орынбасары:

Бас мердігер шоты арест болғаннан кейін басқа ген подрядчикті қойып, сонымен жұмыс жүріп жатыр. Ал мынау жұмысшылар сол КазХайТЕК-тен ақшаларын шот ашылғаннан кейін алады.Самұрыққа байланысты,сол жақта ақшасы ауысып, проектісі ауысып сөйтіп жатыр. Сонымен, қашан ашылады шот сол уақытта алады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Экс-өкілдің сөзіне сүйенсек, жұмысшылар маусым айының ортасына таман жалақы ала бастайды. Қазір барлық қиындық алынып, жалақы төлеу жұмыстары басталған. Дейтұрғанмен құрылысшылар уәде орындалмаған жағдайда құзырлы орындарға арыздануға әзір отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ