Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент қаза болған кеншілердің жақындарына көңіл айтты

  • 18 ақпан 2025
  • 362

Ұлытау облысындағы шахта апатынан 7 адам көз жұмды. Кеніштегі жарылысқа нақты не себеп болғаны белгісіз. Әзірге метан газының толуынан болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Мемлекет басшысы қаза болған қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Марқұмдардың отбасына барлық көмек берілсін деп тапсырма берді.

Қайғылы оқиға кеше кешке орын алды. Апаттан шахта астында 7 кенші қалып қойған. Сол сәтте жерасты кабель үзіліп, жұмысшылармен байланысу мүмкін болмапты. Құтқарушылар түнде аумаққа жетті. Бірақ жеті қызметкерді де аман алып қала алмады. Тек сүйігін алып шықты. Сот медициналық сараптама жасау үшін жұмысшылардың денесі полицияға тапсырылды. Қазір ол жақта арнайы штаб жұмыс істеп жатыр. Аумаққа 85 адам мен 17 техника, 2 кинологиялық есептоп тартылған.

БЕКСҰЛТАН-АЛИ РАХЫМБАЕВ, ҚР ТЖМ ТЖ АЛДЫН АЛУ КОМИТЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Кеніштегі төтенше жағдай салдарын жоюға көмек көрсету үшін қосымша АСС серіктес ЖШС құтқарушылар тобы жіберілді. Төтенше жағдай министрлігі командалық орталығының Ұлытау облысы ТЖД базасында және оқиға орнында жедел штаб жұмыс істейді. Ақпарат алу үшін жедел желі ұйымдастырылды.

Шахтадағы апатқа байланысты үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды. Комиссия құрамында Ұлытау облысының әкімі, Төтенше жағдай министрі және өзге де министрлік өкілдері бар. Олар оқиға орнына жедел жетіп, тергеу барысымен танысты. Штаб отырысын өткізіп, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті. Қаза тапқан 7 кеншінің ең жасы – 27-де ғана.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір біздің алдымызда тұрған міндет - Мемлекет басшысы айтқандай мұқият зерттеу жүргізу. Құқық қорғаушылар тарапынан тиісті сараптамалар жүргізілуі тиіс, ал өндірістік қауіпсіздіктің сақталуы бойынша еңбек инспекторларын тарта отырып тергеу жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша нақты шешім қабылдайтын боламыз.

Ұлытау облысы әкімдігі қаза тапқан кеншілердің отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты. «Қазақмыс» компаниясы да марқұмдардың отбасына жәрдемдесетіндерін жеткізді. Жұмысшының орташа жалақысының 10 еселенген мөлшерін төлейміз дейді. Одан бөлек, жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін 2 миллион теңгеден аса ақша берілмек. Ай сайынғы төлем, балалардың оқу ақысын қамту, қаза тапқан жұмысшылардың несиесін жабу да көзделген. Егер отбасы мүшелері өзге де өтініш айтса қол ұшын созуға дайын. Қазір апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары басталып кеткен.

ЕРБОЛ ҚАЙЫРБЕКОВ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

Марқұмдардың отбасына Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен «AMANAT» партиясы көңіл айтты.

Ерлан Қошанов өзінің әлеуметтік желісіне бұл оқиға бәріміз үшін ауыр сынақ болғанын жазды. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы қаза тапқандардың жақындарына қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың себептерін мұқият тергеуді тапсырды. Тиісті мемлекеттік органдар мен өңір әкімдігіне қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсету міндеттелді.

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында орналасқан «Жомарт» кеніші 2006 жылы пайдалануға берілді. Мұнда 130 мың тоннадан аса кен шығарылады. Шахтада 1800-ге жуық адам жұмыс істейді.