Дүйсенбіде Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері артынша Египет пен Мальдивы және Ливия мен Йемен үкіметтері Катармен дипломатиялық байланыстарын үзетіндерін мәлімдеді. Доха терроризм мен діни алауыздықты қолдайды, сонымен бірге өздерінің ішкі ісіне араласады деп. Олар әуе, теңіз және құрлық байланыстарды тоқтатып, сондай-ақ, катарлық ақпарат құралдары, оның ішінде «Әл-Жәзира» телеарнасының таралуына тыйым салды. АҚШ-ң сол аймақтағы басты одақтастары Катар мен Сауд Арабиясының бұл текетіресі әлемдік қауымдастық үшін абыржитын жаңалық болды. Ресейлік РЕПАБЛИК басылымы қатаң санкциялар енгізген мемлекеттердің Катарға нақты бір айып тақпағанына назар аударады. Сөйтіп, мәселені «қопара» келе, Катар әмірі Тамим бин Хамадтың әскери академия түлектері алдында сөйлеген сөзіне тоқталады. Ол өздерінің мықты екенін санамалаған: АҚШ президенті Д.Трамптың Иранға қатысты саясатын сынап, керісінше, «Иран аймақтағы тұрақтылықтың маңызды факторы» дей келе, Израильмен жақсы қарым-қатынастарына мақтанып, сөйте тұра Израиль жек көретін ХАМАС ұйымын палестина халқының заңды өкілі, - деген-мыс. Мұны бәрі Сауд Арабиясы мен БАӘ үшін залымдық саналады. Иран Эр-Рияд үшін дұшпан. Араб елдері үшін Израильмен санасу дұрыс емес. Ал ХАМАС корольдік қолдайтын «Фатх» қозғалысының оппоненті. Бұл мәлімдемені Доха жоққа шығарған. Бірақ көршілері сенбеді. Жалпы, Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы текетірес Парсы шығанағындағы жетекші мемлекет болуға таластан бастау алады. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері кіп-кішкентай Катар ішкі жалпы өнімін 20 есеге арттырған. Экономикалық жағынан байыған ол, тиісінше, пропаганда және саясат жағынан да күшейе бастады. 1996 жылы құрылған «Әл-Жәзира» араб әлемінде ең танымал құралға, катар дипломатиясы Таяу Шығыстағы саясатты айқындайтын негізгі факторға айналды. Ол жаңа келтіргендей, жан-жақты саясат жүргізеді – АҚШ-ң сол аймақтағы ірі авиабазасы орналасқан, сонымен бірге тәлібтердің өкілдігі жұмыс істейді. Дохаға Израиль паспортымен баруға болады, сонымен бірге ХАМАС-ң саяси қанатының базасы бар. Сауд Арабиясының жобасы – Парсы шығанағы елдері ынтымақтағы кеңесіне мүше, сонымен бірге Иранмен қосылып, әлемдегі ірі газ кенішін зерттеп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Эр-Рияд үшін барлық араб елдері оның соңында жүруі керек. Доханың өзінің лидер болғысы келеді. Бар гәп осында сияқты. Сонымен бірге Иран президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Хамид Абуталеби былай депті: «Катарға жасалып отырған қысым, Трамптың қылышпен биінің бірінші нәтижесі». Трамптың Сауд Арабиясына жасаған сапарын еске алып. Жұмада Трамп ақыры үн қатты - Катар жоғары деңгейде терроризмді қаржыландырады. Бұны тоқтату керек.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Араб коалициясының, Саудия дейміз бе, Иемен дейміз бе, Кувейт-Бахрейн дейміз бе, олардың артында тұрған тағы бір ереуіл күш, ғаламдық тұрғыдағы ықпал иесі - АҚШ. Және жақында ғана, өздеріңіз білесіздер, Американың жаңадан тағайындалған президенті - Трамп, өзінің тұңғыш сапарын шетелге жасағанда, осы Сауд Арабиясынан бастады, Араб басшыларымен кездесті, көптеген уағдаластықтарға қол жетті, олардың кейбірі жасырын қалыпта ұсталуда. Бірақ белгілісі, әскери-техникалық ынтымақтастығы бойынша,120 млрд долларға бағаланатын, бұрын тарихта болып көрмеген көлемдегі келісімшартқа қол қойды. Бұның астарында әрине, маңызды саяси стратегиялық жақтары бар. Соның ішінде, ең негізгісі, Саудия мен АҚШ арасындағы саяси ықпалдастық, саяси серіктестік. Бұның ұшы алдымен Иранға бағытталып тұрғаны белгілі, екінші ұшы аймақтағы экстремистік ұйымдарға, «Жабхат ән нусра» сияқты немесе «ДАИШ» сияқты, ал үшіншісі оларға қолдау көрсетіп отырған аймақтағы күштерге, ең алдымен Қатарға. Себеб, белгілі болып отырғандай, Қатар Иранмен немесе Түркиямен жақындасып қоюы өз алдына, Араб мемлекеттерінің ішкі істеріне араласу тағы бар, жаңағы Сириядағы, Ливиядағы содыр күштерге, оның ішіндегі ДАИШ-қа астыртын қаржылық ұйымдастырушылық көмек көрсетіп отырғандығы. Әрине, бұның бәрі Американың да, Саудияның да мүддесіне де қарама-қайшы, бұлардың коалициясына төтеп бере алатын, Қатардың ондай мүмкіндігі жоқ. Әрине, Түркия қазір көмектесеміз деп отыр, кейбір азық-түлігін жеткізіп отыр. Бірақ ұзақ мерзімде, бұндай қысымға бәлкім, шыдауы неғайбыл.
Сауд Арабиясы Катарға жүк тасуға тыйым сала отырып, оның азық-түлік импортының 40 пайызын өзі арқылы алатынын есептеп отыр. Яғни күшті экономикалық қысым. Қазірдің өзінде Катар дүкендерінде азық-түлік тапшылығы болатынын ойлаған жұрт дүрбелеңге түскен. Сонымен Катар сауд вассалына айналуы керек. Әйтпесе... Бірақ Доханың оп-оңай беріле салмайтыны тағы түсінікті. Араб мемлекеттері басшыларының алауыздығынан зардап шегетін әрине, қарапайым арабтар. Бауырлардың қырық пышақ болуынан жаман нәрсе жоқ шығар. Жымиып отырған кім екенін айтудың қажеті жоқ........