Русский Сайттың толық нұсқасы

20-дан астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорыны жұмысын тоқтатқан - Қауымдастық президенті

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2017
  • 2262

Ал жеңіл өнеркәсіп орындары қауымдастығының президенті Любовь Худова биыл 20-дан аса кәсіпорын жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.  Оған мемлекеттік тапсырыстың бір қолға өтіп кетуі себеп дейді. Өткен жылы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы Қорғаныс министрлігінің арнайы киімдеріне ірі тапсырыс берген. Оны иеленген «Жасампаз» консорциумы ешқандай тендерсіз 5 жылға келісімге отырған көрінеді. Құрамындағы 5 кәсіпорынға 46 миллиард теңге көлемінде қаржы тиген.Өзге 15 кәсіпорынның жұмысы тұралап, өлместің күнін кешіп келеді. Қауымдастық өкілдері бас прокуратураға өтініш жолдады. Олар мемлекеттік тапсырыспен арнайы киім тігу барлық кәсіпорынға қолжетімді болуы керек дейді.

Любовь Худова, ҚР жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті: 

Жалпы ішкі өнімнің 15,8 пайызын жеңіл өнеркәсіп құрап, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бір бөлігі осы саланың есебінен толықтырылды. 220 мың адам жұмыспен қамтылған еді. Бүгінде соның 13 мыңы қалды. Егер мемлекеттік тапсырыспен тігілетін арнайы киімдерді бір қолға өткізе берсек, 2017 жылы кәсіпорындардың да, жұмысшылардың да қатары сейіледі. Үкіметтің назарын осы мәселеге аударғымыз келеді. 

«Жасампаз» консорциумы атқарушы кеңесінің төрайымы мұнымен келіспейді. Гүлмира Уахитованың айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен арнайы киімдер тігуге кіріскендер саны 5 еуден көп.

Гүлмира Уахитова,  «Жасампаз» консорциумы атқарушы кеңесінің төрайымы:

Бұл жалған ақпарат. Шындыққа жанаспайды деп айтар едім.  Бізде қазір 40 компания жұмыс істеп жатыр. Оның он алтысы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының компаниялары. Қауымдастықтың бізді қаралағаны үшін адвокат көмегіне жүгінетін боламыз.