Елімізде 2 мыңнан астам педагог жетіспейді. Әсіресе ауылдық жерлерде сұраныс жоғары. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. Ал, жас мамандар жұмысқа орналасайын десек, талап жоғары дейді. Мәселе қалай шешілмек? Тілшіміз Дәрібек Бахытбек зерттеп көрді.
Саят Тұрғара- информатика пәнінің мұғалімі. Жұмыс іздеп талай сандалған, көп мектептің табалдырығын тоздырыпты. Қайда барса да еңбек өтілі және біліктілігің жоқ деп кері қайтарған. Амалы таусылған соң қала әкімдігіне жүгініпті.
САЯТ ТҰРҒАРА, ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Қалалық әкімдік грантқа қатысып осы жайлы мектепке жұмысқа кірдік. Біздерді қабылдамас бұрын қабылдау комиссиясы онлайн сұқбаттасуға шақырды. Одан кейін бізді осы мектепке бетпе-бет жүздесуге шақырды. Құжаттарымды тапсырып кеттім. Яғни бір-екі күн өткеннен соң маған хабарлама келді менің осы мектепке мұғалім болып жұмысқа кіргенім туралы.
Мектеп басшылығы кімді жұмысқа алатының өзі шешеді. Тек заңға сәйкес конкурстан өтсе болғаны. Қаладағы №102 мектепте маман жетіспейді. Бос орынға адам табу қиын екенін айтады.
КҮЛАШ САРГЕЛТАЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізге қажет боп тұрса ол мамандық қабылдаймыз. Қазір математика, орыс тілі жетіспейді. Ондай кездерде біз енді ол критерийлердің барлығына қарап отырмаймыз. Алдымызға келіп тұрған маманды қабылдаймыз. Стажына да қарамаймыз.
Ал, оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагогтар үшін екі мыңнан астам бос ваканция бар. Яғни, математика, физика, ағылшын, орыс тілі пәндерінен бөлек, бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Ал, жас мамандарды жұмысқа қабылдау үшін олар арнайы тестілеуден өту қажет дейді.
ЖҰЛДЫЗ ИЛЮБАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Бұйрыққа сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысы және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы бойынша бітірген тұлғаларға GPA 3,33 балдан төмен емес болса, олар аттестаттау туралы куәлігі болған жағдайда конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданады. Ал, жұмыс тәжірибесі жоқ үміткерлер үшін конкурсқа қатысу үшін жеке бағалау парағы әзірленді. Аттестаттау Ұлттық тестілеу орталығының базасында жүргізіледі.
Соңғы бес жылда педагогикалық мамандықтар бойынша 50 мың студент түлеп ұшады. Тіпті жыл сайын оларға бөлінер грант саны да едеуір артып келеді. Мәселен, былтыр 15 973 грант бөлінсе, "Алтын белгі" иегерлері үшін 1 797 грант беріліпті. Айта кетейік, қазір елімізде 400 мыңға жуық педагог бар.
Д. Бахытбек