Ақтөбедегі былтырғы терактілерден соң – террористер қару-жарақ сататын дүкендерге шабуылдап, мұздай қаруланған, қару-жарақ сататын дүкендерге талапты күшейтетін заң бекітілген. Орындауға бір жыл уақыт берілген. Келесі жылдан тексеріле бастайды. Орындай алмағандары жабылады. Бір маңызды сауал бар – талапқа сай еместерін жапса, олардағы қару-жарақ қайда кетеді? Дүкеншілердің өндірушілерге қайта өткізе алмайтындары шын. Ішкі істер департаменттерінде қару сақтайтын басы артық қойма бар дегенге илану да қиын. Дегенмен «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катнов, дүкендердегі қару-жарақтың «қара нарыққа» тарап кетуі мүмкін емес, себебі елге кіргізілген әр мылтық есепке алынып, оның сатылымы туралы ақпарат тиісті органдарда тіркеліп отырады, -дейді. Дегенмен. Заң диктатурасы орнамаған елде... Сонымен бірге психикалық жағынан қауіпті, аяқ астынан "түлен түртуі" мүмкіндердің кім екенін, қанша екенін ешкім білмейді. Мысалы, жақында Ресейде екі адам айдың, күннің аманында оншақты адамды аңды атқандай атып, жер жастандырды. Еліміздегі қару-жарақ дүкендеріне байланысты мәселені Ришат Асқарбекұлы баяндайды.
Былтыр Ақтөбедегі терактілерден кейін қару-жарақ сатуға байланысты заңды қатайтатын өзгерістер енгізіп, Ішкі істер министрлігі күзде Парламент қарауына ұсынған еді. Заң шығарушы орган өзгерістерді 2016-ның соңында бекітті – енді елдегі 100-ден астам қару-жарақ дүкені осы талаптарды орындауы тиіс. Демек тұрғын үйлер, қоғамдық орындар, мәдениет мекемелері және денсаулық сақтау орындарының жанында орналасқан дүкендер жабылады.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
Аңшыларға арналған қарудың сатылымына тыйым салынбайды. Бірақ күзет қызметтерінің жұмысына талап күшейтіледі. Сондай-ақ, қару жарақ орналасқан дүкендердің айналасын толықтай бейнекамерамен жабдықтауды міндеттеп отырмыз.
Жергілікті ішкі істер депаратаменттері заң талаптарының сақталуын 2018 жылдан қадағалап, орындамағандарға шара қолданып бастайды. Яғни дүкендерді заң талаптарына сәйкестендіруге жарты жыл қалды. Тиісті мерзімде істей алмаса, жабылады. «Қорамсақ» қару-жарақ сатушылар қауымдастығының өкілі Сергей Катнов Үкімет қойған талаптардың біршама қатаң екенін айтады. Қазақстанда 113 қару сату дүкені тіркелген. Қауымдастық оларды түгендей келе, 42 сауда орнының санамалаған талаптарға сай еместігін алын-ала анықтап қойыпты.
Сергей Катнов, «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті:
Бірақ жаңа орын тауып, оны сатып алу немесе жалға алуға бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Егер заңмен қысатын болса, Қазақстандағы мұндай дүкендердің 30-50 пайызына дейін жабылу қаупі бар. Яғни қазір нақты жұмыс жасап тұрған 103 дүкеннің 50-60-ы жұмысын тоқтатады. Олар аңшылық және балық аулауға қажетті аксессуарларды саудалау үшін ғана қала алады.
Атыс қаруларының саудасынан бірінші орында Алматы тұр. Және өзге аймақтарға қарағанда Алматыдағы қару саудалаушылар қаржылық жағдайы мығым, әрі әлемнің танымал маркаларын жеткізумен айналысады. Қалада азаматтық және қызметтік тапаншалар мен мылтықтарды сатуға лицензиясы бар 17 дүкен жұмыс істейді. Осылардың ішінде 8-і сауда, ойын-сауық орталықтары мен тұрғын үйлердің төменгі қабаттарына орналасқан.
Рүстем Қайдаров, генерал-майор:
Ондай дүкендер болуы керек. Егер жабатын болса, қару-жарақ алу ісі астыртын саудаға айналып кетеді. Жариялылық деген болмай қалады. Сосын олар иә, вокзал, стадион сияқты адам көп жиналатын жерден қашық болсын. Себебі ол азық-түлік алатын дүкен емес, керек адам өзі барып тауып алады.
Көп жылдық тәжірибесі бар кәсіпкерлер қоймаларындағы жүздеген қарудың құнын есептеп әлек. Миллиондарға бағаланатын тауарды қалай утилизацияға жібереді? Ғимараттары талапқа сай келмейтін қару саудагерлері аз уақыттың ішінде бұл тығырықтан қалай шығарын білмей отыр. Соңғы жылдардағы экономикалық дағдарыс пен аңшылық маусымына қатысты мараторий де оларды қыспаққа ала бастаған.
Сергей Бескровный, қару-жарақ дүкенінің иесі:
Заңда көптеген өзгерістер бар. Оны сақтау тәртібі, түнде жинап алу сияқты пункттер көп. Қосымша қондырғылар, түймелер, камералар қойып жатырмыз. Әрине, мұның барлығы қосымшы шығынды талап етеді. Біздің дүкен жеке өзі тұрғандықтан, оны басқа жаққа көшіру қажеттілігі жоқ, сондықтан бұл пунктке орай шығынымыз болмайды, әйтеуір.
Мамандар заң талаптарына сай тексеру басталғанда, ондаған дүкендердің жабылатына сенімді. Лицензиясынан айырылған фирмалар қару-жарақты көлеңкелі айналымға жіберуі мүмкін бе?- деген қорқыныш бар. Тәуелсіз сарапшылар мен әскери мамандарды осы жағы мазалайды.
Сергей Катнов, «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті:
Бұл сұрақ барлық тарапты ойландырады. Тіпті Ішкі істер министрлігі де бір жақты шешім қабылдай алмай отыр. Егер дүкендер жабылса, ондағы қарудың едәуір бөлігін өндірушілерге қайтарып беру мүмкін емес. Ал жергілікті полицияның арнайы қоймаларына сақтауға бола ма?- деген сұрақтарға жауап алған жоқпыз.
Бірақ Сергей Катнов дүкендердегі қару-жарақтың «қара нарыққа» тарап кетуі мүмкін емес,- дейді. Себебі елге кіргізілген әр мылтық есепке алынып, оның сатылымы туралы ақпарат тиісті органдарда тіркеліп отырады. Әр тоқсан сайын арнайы комиссия дүкендердегі қару-жарақты ұстау тәртібін тексереді.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қазір қазақстандықтардың қолында 284 мың дана қару бар. Салыстармалы түрде алғанда, бұл халықтың 2 пайызынан да аспайды. Қазір бір адамның аңшы қаруын 5-6 данадан артық сатып алуға құқығы жоқ. Өзін-өзі қорғайтын жеңіл қарулардың тек 2 данасын ғана ала алады. Олардың қатарына газды тапанша, электрлі қарулар мен түзу дүмбіл мылтықтар кіреді. Соңғысын тұрғындар тек үйдің ішінде ғана, жеке мүлікті қорғау үшін пайдалана алады.
Әйтсе де сенатор Серік Ақылбай қару- жарақ дүкендеріндегі күзет қызметінің әлсіздігін сынайды. Тараздағы, Ақтөбедегі және Алматы қаласында болған ланкестік оқиғалар қарудың көмегімен жасалды. Алғашқы екі жағдайда террористер қажетті қаруды дүкендерден еш кедергісіз алып шыққанын ұмытқан жоқпыз, дейді депутат.
Серік Ақылбай ҚР Сенатының депутаты:
Қай жерде қару болса, сол жерде қауіптің қайнар көзі жатыр. Ол орындар жоғары деңгейде күзетуді қажет етеді. Мәселе дүкендердегі қарулардың сақталуында ғана емес, қаншама әскери бөлімдерде оқ пен қару тоналып жатыр. Сол себепті қауіпсіздік пен күзетті күштейту арқылы ғана әлгіндегідей қылмыстардың жолын кесуге болады.
Асқар Қаймақов ұлттық мергендер қауымдастығының өкілі. Қоғамдық ұйымның атынан былтыр заңға енгізілген өзгерістерді талқылауға қатысқан. Бірақ үкіметтік емес ұйымдардың көптеген ұсыныстары заң жобасының соңғы редакциясынан түсіп қалыпты.
Асқар Қаймақов, ҚР Ұлттық мергендер қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Қоғамдық ұйымдар тарапынан талқылауда көптеген ұсыныстар бергенбіз. Соның ішінде адам басына шаққанда қару- жарақ санының шектеуіне біз қарсы болдық. Менің жеке басымда 11 мылтық бар. Бәрін заңды түрде ұстап отырмын. Олай болса, пышақ, балға, айыр, балта сияқты құралдардың санына да тыйым салу керек еді. Олар да суық қаруға жатады ғой. Мысалы, жақында Лондондағы теракт пышақпен жасалды емес пе?!
Жаңа заңның тағы бір ерекшелігі – саудаға шығарылатын барлық қарулар түнгі уақытта сөрелерден алынып тасталады. Олар арнайы дабылдамасы мен бейнебақылауы бар бөлмеде сақталуы тиіс. Бұл талаптар 2011 жылғы Тараздағы терактіден соң көтерілген болатын. Алайда аталған бастаманы сауда орындары қолдай қоймаған. Араға 5 жыл салып қайталанған Ақтөбе оқиғасы бұл қағидаларды заңмен шектеуге итермеледі.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Қару-жарақ дүкендерін елсіз жерге апарып тастау мүмкін емес екенін заң шығарушы да, сатушы да түсініп отыр. Бірақ қауіпсіздік үшін басқа амал жоқ. Кәсіпкерлер дүкеннің адам көп жүретін жерде болуы керек емес пе, деген экономикалық қағиданы алдыға таруы да заңдылық. Сондықтан олар соңғы техникалық мүмкіндіктермен айналаның қауіпсіздігін сақтауға талпынғаннан басқа амалдары жоқ.
Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».