«Ғылымсыз дін үрейлендіреді, «батырады» – теолог-ғалым.

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2017

Қазақстан түрмелерінде «арнайы контингентпен айықтыру және теологиялық жұмыстарды жүргізетін» штаттағы маман қызметі енгізілді, -деп хабарлады қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.Ақпаратқа қарағанда, теолог-маман түрмелерде діни экстремизм мен терроризмнің таралмауы үшін енгізілген. Ал еліміздің  түрмелерінде экстремистік және террористік қылмыстарға қатысты 500-ден астам тұтқын жазасын өтеп жатыр. Жалпы, қазіргі діни ахуалға орай көзі ашық адамдардың өздері абдырап қалған. Қалың көпшілікті былай қойғанда. Мәселені тәптіштеп, кірпіш қалағандай етіп түсіндіріп беретін маман өте аз. Жат ағымдарды санадан ығыстыру үшін қатаң тыйымдар салу қажет емес. Оның орнына мемлекет пен қоғам арасындағы сұхбатты дамыту керек, ол үшін ортақ институттар құру керек, -деп жүрген белгілі теолог-ғалым Досай Кенжетаймен әріптесім Гүлбарам Меңдеева сұхбаттасқан.

-Досай Тұрсынбайұлы, соңғы кезде қазақтар дінді дұрыс түсінбей келген, тіпті діни тарихы болмаған деген пікір айтылып жүр. Бізде дін қашан келді, оның тарихына қысқаша тоқталсаңыз.

Досай Кенжетай, теолог:

-Біздің қазақ топырағына 710 жылдан бастап Ислам өзінің іздерін сала бастады. Әсіресе, соңғы 50 жылдан кейін Атлах дейді, Талас облысында арабтар мен түркештер тізе қосып, Қытай империясы Тан династиясына қарсы шыққан кезде үлкен бір белес болды. Сол ғасырдан, 8-ғасырдан бері қарай қазақ даласы ислам мәдениетінің, ислам өркениетінің, ислам дінінің негізгі топырағы болып есептелінеді. Онда да көптеген процесстер бар. Қанша мектептер, имам ағзам Әбу Ханифаның Фыкх мектептері, Келям Матруидия мектептері, оның ішінде суфизм мектептерінің рөлі өте жоғары. «Діни тәжірибе болмаған, дін болмаған» деп жүргендер ол кешегі жаһанданумен бірге келген сәләфилік, уахабилік тенденциядағы көзқарастар. Бірақ мұндай көзқарастардың негізі Совет үкіметі кезінде, патшалық Ресей кезінде де жүргізілген саясат. Себебі қазақтарды ұлт ретінде көргісі келмеген. Мемлекеттілігі бар ел, халық ретінде көргісі келмеген. Міне, осындай саясаттардың сөйлемдері ғой бұлар. Әрбір сөйлем, әрбір тіркестердің артында үлкен идеялар жатыр. Өте сақ болуымыз керек.

-Тіліміз тұнып тұрған дін екенін айттыңыз. Мысалы, қуанғанда айтылатын «алақай» сөзінің мағынасы «Алла тірі» екенін жұрт біле бермейді. Сол сияқты дін тілімізге қатысты қандай ақпараттар, қандай қызықты мысалдар келтірер едіңіз?

«Астана» сөзі сопылық ұғым арқылы келген. Астана қандай ұғым десеңіз «ақиқатқа ашылған қақпа» деп аударылады. Қожахмет Яссауи сияқты әулиелердің жерленген жерін біз «астана» дейтін болғанбыз. Себебі әулиелердің жатқан жері Алла мен қоғам арасында көпір ретінде қараған. Кейін бұл ұғым елдің орталығы деген мағынада болған. Елбасының аузынан шығып, қаламыздың атын Астана деп қоюы біздің тарихи сананың, діни сананың жаңғырығы деп қараймын.

-Сәләфилік бұрын да болды ғой. Бірақ қазақтар сол кезде сол ағымға неге ермеді?

-Уахабилік біздің Орта Азияда 19-ғасырларда ізін көрсете бастады. Діни тәжірибеміз, жігеріміз мықты болғандықтан, бізге келген сәләфи, уахабилік тенденцияларды біз қабылдамадық.

Демек, діни сауаттары мықты болған ғой?

–Діни сауаты да, жігер-сенімі де мықты болған. Өзін қорғау иммунитеті күшті болған кезде бізге ешкім ықпал ете алмады. Совет үкіметі кезінде тапталдық, Алланы жоққа шығардық, дінді жоққа шығардық. «Суға кеткен тал қармайды», бізде тал да қалмаған. Қазақ бір-біріне сенуден қалған. Тек тіліміз қалған кезде біз тәуелсіздік алдық. Дінімізді, мәдени құндылықтарымызды, тарихымызды жаңғыртамыз деп жатқанда «жұт жеті ағайынды» салафилік келеді. Осындай күрестің ішіндеміз біз. Тарихтың қайнап жатқан қазанының ішіндеміз. Құшағымыздағы баланы біреу былай тартқысы келеді, біреу былай тартқысы келеді. Бие болады ғой құлынын қорғап жүрген, жанында бөрілер, бие сияқты қазір шыр айналып жүрміз, қалай да ана құлынды жетілдіру керек.

-Осы құндылықтарымызды сақтап қалу үшін не керек, не істеу керек?

- Әрине, бұған ең бірінші, саясат керек. Ол саясат ұлттық құндылықтарға арналу керек. Бұл саясат Елбасымыздың аузынан шықты тұңғыш рет, «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» деген мәселе. Ол жерде ұлттық кодымыз, жүріп өткен тарихи санамыз, діни тәжірибеміз, киелі орындарымыз, Отан, туған жер деген әтүрлі ұғымдармен беріліп жатыр. Бұл - кеңістік пен уақыт. Тікелей діни санамен қатысты. Діни тәжірибе, діни сенім, діни таным, барлығы осы концепцияда. Оны ғылыми тұрғыда жүйелеу керек. Одан кейін саясат бағыттау керек. Бұл қазақ тарихына, ол қазақ болмысына бағыт болу керек.

-Ғылыми институттар құру керек деп жүрсіз? Ол қалай іске асу керек?

Ол ғылыми институт болмаса, біз ештеңені жүйелі орындай алмаймыз. Елбасының айтқан бағдары, ұлтттық код, руханият, оқулық, тарихи салыстырулар, оның орталығында ғылым болу керек. Қазір Мәдениет министрлігі де, Білім министрлігі де үзіп-жұлып, кейбір жерлері байланысады, кейбір жерлері байланыспайды, бөлек-бөлек шапқылап жүр. Бұл - трагедия, бұл - катастрофа. Бөлшектемей, тұтастандыру үшін жеке Ғылым министрлігі керек. Сол кезде ғана тәуелсіздік 25 жылдық тарихында жаңа белеске шықтық, бағытымызды түзедік, сөзімізді түзедік деп айта аламыз. Дәл бүгінгі науқаншылықпен ештеңе айта алмаймыз. Барлығы у-шу, ертең басылады, қалады. Дін - өте нәзік мәселе. Оған ғылыммен қарамасаңыз болашағыңызды ешқашан көре алмайсыз. Ол не деген сөз? Сіз діннен әрдайым үрейде боласыз. Діннің өзі саған террордың көзі сияқты болып көрінеді, мемлекетімізге. Ғылым кез келген адасушылықты талдап, орнына қоятын құрал. Дінге деген саясатты өзгерту керек. Дінді реалды құбылыс ретінде қабылдауымыз керек. Баяғы совет үкіметі кезінде діннен үркіп, қорқып, «фанат болып кетеміз» деп жүретін болсаңыз, дінді меңгере алмайсыз. Мен қазіргі жастарымыздың құлшынысына оң баға беремін. Жастардың адресі ислам болып тұр, қазір. Ол қазақтың болашағы бар дегенді білдіреді. Ендігі қалған мәселе - қоғам болып, ел болып, соларға дұрыс бағыт беру, бағыттау керек. Бітті.

-Досай Тұрсынбайұлы, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!