Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Бұл Қазақстан үшін маңызды төрт басымдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда осылай деді. Ұлтты ұйыстырған жиында "Қазақстан балалары" атты біртұтас бағдарлама әзірленетіні, идеологияны қалыптастыруға бағытталған бастамалар қолға алынатыны айтылды. Елдің зиялылары бас қосқан шарада 80-ге жуық мәселе көтерілді. Қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалды. Сүндет Оралбек рет-ретімен баяндайды.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Ұлттық құрылтайдың Ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алып, тарих төрі Түркістанда, айшықты Атырауда өткен алқалы жиынның Абылай ханның алтын төрінде жалғасын табуы жәй емес. Себебі бұл аймақтар төл шежіремізде айрықша орын алады. Қоғамдағы көкейкесті мәселелердің шешу жолы қарастырылатын алаңның бүгінде шоқтығы биік. Жыл өткен сайын кеңес мүшелерінің де белсенділігі артуда. Мәселен, Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42 ғана пікір айтылған. Түркістанда 106, Атырауда 149 ұсыныс түсті. Бұл құрылтайдың мәні мен маңызының асқақтап жатқанын айғақтайды.
Құрылтай бастау алған 3 жылда Қазақстан тұрпатты ел болды. Саяси реформалардың арқасында жан жақты дамыды. Ата заңға өзгеріс енді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Олардың үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Ел ішіндегі осындай өзгерістерге кеңес мүшелерінің қосқан үлесі зор.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды. Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты.
Қазір салық реформасы қоғамда қызу талқылануда. Мемлекет басшысы бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Қаржыгерлер мен экономистерге салық саясатының мәнін халыққа егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды. Батыл шараларды қабылдамасақ, кейін жағдай тіптен ушығуы мүмкін екенін баса айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген.
Елімізде уақыт белдеуі өзгеріссіз қалады. Арнайы зерттеулер нәтижесінде қоғам белсенділерінің қаупі расталған жоқ. Кең-байтақ жерімізді, халық санының салыстырмалы түрде ескерсек, біріңғай уақыт белдеуі біз үшін өте тиімді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ.
Қазір ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттердің жиілегені жасырын емес. Теріс пиғылдылар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке пайдасына жаратады. Интернет алаяқтық салдарынан бармақ тістеп жатқандар да аз емес. Жұртқа ақыл айтып ақша табатын коучтарда көбейді. Мемлекет басшысы жауапты органдарға мәселені тез арада назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев отандық киноиндустрия саласына ерекше тоқталды. Себебі, фильмдерге қатысты сын көп. Президент Санға емес, сапаға жұмыс істеуге шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек.
Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен, адамгершілік құндылықтарын басшылыққа алып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарау керек. Мемлекет басшысы депутаттармен заңгерлерге осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуді тапсырды. Президент атаған мәселе бұл ғана емес. Жастар тәрбиесіне ден қойған Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан балалары» бағдарламасын қабылдауды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды.
Қазір көшелер мен елдімекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту кезінде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жібереді. Өз ата-бабасының атына көше берген басшыларды көз көрді, құлақ естіді. Мемлекет басшысы ономастиканы тарихи еңбегі ешқандай құжаттармен расталмаған тұллғаларды ұлықтау құралы етуге болмайтынын шегелеп айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы бұл жұмысты ретке келтіру керек.
Қоғамда ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.
Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Amanat партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырамын.
Биыл 8 өңірді су басуы мүмкін. Президент өткеннен үлгі алуды бұйырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те тиісті қорытынды жасады деп ақпарат алып отырмын. Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Табиғат апаттарының алдын алу, сақтану шаралары үнемі назарда болуы керек.
Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп жобасы мен «ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын назардан тыс қалдырмады. Биыл да бұл бағдарламалар өз жемісін береді. Сонымен қатар, футбол спортын да тілге тиек етті. Себебі, Балалар мен жасөспірімдерді спорттың осы түріне қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады.
Еліміз бардлық салада оза шабуы қиын. Сол үшін қолдан келетін, нақты секторлармен жұмыс істеген абзал. Президент Қазақстанның 4 салада орасан зор мүмкіндігі барын айтты. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Бұл ...
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады.
Елімізде бір емес, үш атом электр станциясы соғылады. Бұл ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Жалпы Бурабай баурайындағы құрылтайда 80-ге жуық мәселе қозғалды. Ел дамуына ерекше үлес қосатын бірнеше ұсыныс айтылды. Осы ретте, Мемлекет басшысы Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.