Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ киносы: Сапа мен идеология мәселесі

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2025
  • 282

Былтыр қазақстандық мамандар 94 фильм түсіріп, көрерменге ұсынды. Бірақ, оның сапасына қатысты қоғамда сын көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кино мен мультфильм өндірісіндегі басты түйткілдерді де атап өтті.  Бұл бағытта ең алдымен сапаға назар аудару керек екенін айтты.

Соңғы жылдары отандық киноиндустрияда комедия жанры басым түсіп, көрерменнің көңілін көтеруге бағытталған жеңіл туынды көбейіп кетті. Алайда, бұл фильмдердің көбі қоғамдағы өзекті мәселелерді ашып көрсетпейді, тәрбиелік мәні аз. Ең алаңдатарлығы — кейбір туындылар зорлық-зомбылық пен қатыгездікті көрсетіп, теріс құндылықтарды насихаттауға айналды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн.


Талғамы биік көрермен де сапалы кино мен тағылымы терең туындыларға зәру екенін жасырмайды.

БЛИЦ:

- Көбінесе комедия и барлығы бір типтік па, барлығы қайталанады әзілдері, актерлері қайталанады. Сол ондай қызығушылық шығармайды қарауға.
- Біз бала - шағамызбен көп барамыз киноларға. Сол балаларға тәрбие болатындай туындылар болса екен деп ойлаймын.
- Бұрында маған Қазақстанның кинолары ұнамайтын. Себебі қалай айтсам болады ата ене келін туралы түсіре береді да. Ал қазір уже тарихи көбіректеу и тәрбиелі заттар көбіректеу.


Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн. Мұны Президент келелі жиында қадап айтты. Кинотанушылар да арнайы көркемдік кеңес құрылуы керек деген пікірде.

ДАНА ӘМІРБЕК, КИНОТАНУШЫ:

Арнайы көркемдік кеңестің құрылғаны дұрыс. Бірақ та ол көркемдік кеңесте кімдер мүше болады? Соған байланысты. Ол жерде кәсіби білікті өнертанушылар, кинотанушылар, кинорежиссерлер болады ма? Және де ол комиссияның мүшелігінде міндетті түрде киноның көркемдік тәсілдерін, киноның табиғатын киноның өзіндік ерекшеліктерін сезінетін білетін теориясын білетін мамандар отыруы керек деп есептеймін.  


Сын түзелмей, мін түзелмейді. Қазір елде білікті киносыншы жоқтың қасы. "Бұл да қазақ киносының сапасына кері әсерін тигізіп отыр" дейді мамандар.

ГҮЛЗАТ МЕКЕБАЕВА, АНИМАЦИЯЛЫҚ КИНО РЕДАКТОРЫ:

Қазір елімізде киносыншылар мен кинотанушыларды оқытатын екі жоғары оқу орны бар. Оның бірі Астанада, екіншісі біздің Жүргенов атындағы өнер академиясы. Жылына мысалы 10-15 маман бітіріп жатса, олардың көбі өзінің мамандығымен жұмыс атқармағаннан кейін көбісі басқа салаға кетіп жатады. Сондықтан қазіргі фильмдерде сын жоқ деп айтуға болады.


Елімізде   кинопрокат нарығын реттеудегі заңнамаларды жетілдіру   жұмыстары басталды.  Прокатқа шығатын киноларды қадағалайтын арнайы комиссия құрылып, прокат куәлігін беру мерзімін ұзарту көзделіп отыр.  

АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Кино туралы заңға төмендегідей өзгерістер енгізу жоспарлануда.  Фильмдерді алдын ала қарау және прокатқа дейінгі сараптама үшін комиисия құру. Прокат куәлігін беру мерзімін 7 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне дейін ұзарту. Кинотеатрда көрсететін фильмдердің толық түпнұсқасын ұсынуды міндеттеу.


Кино — бұл өнер ғана емес, идеология құралы. Отандық фильмдер тәрбиелік мәнімен, жоғары сапасымен ерекшеленуі тиіс. Сонда ғана қазақ киносы әлемдік деңгейде лайықты орынға ие болмақ.