Бүгін Қазақстан қор биржасындағы саудадан соң теңгенің біршама нығайғаны байқалды. АҚШ ақшасын сату шегі 335 теңге 60 тиын болып белгіленді. Ал жекелеген айырбастау орындарында шетелдік валютаны сатып алу 330 теңгеге дейін түсті. Ұлттық валютаның бұлай нығаюына қатысты сарапшылар да түрлі пікір білдірді.
Экономист Айвар Байкенов, "теңгенің қымбаттауына сыртқы факторлар әсер етті", дейді. Соңғы күндері мұнайдың құны біршама артты. Өткен аптадан бері қара алтынның орташа бағасы 11-13 пайызға өскен. Бұл, тиісінше, елде көк қағаз құнының әлсіреуіне түрткі болған. Сарапшының пайымдауынша, АҚШ валютасының бір күнде 5 теңгеге арзандауынан соң, қысқа мерзімді болжамдар жасауға мүмкіндік туған.
Айвар Байкенов, экономист:
Әрі қарай да теңгенің нығаюна негіз бар деп күтеміз. Мұнай бағасы барреліне 45-50 АҚШ валютасы дәлізінде тұрақтаса, Қазақстанда Америка ақшасының әр бірлігі 315-320 теңгеге дейін арзандау мүмкіндігі жоғары. Бірақ бұл да Ұлттық банктің саясатына байланысты болмақ. Себебі одан ары құлдырату да дәл қазір ел экономикасына тиімсіз. Себебі Үкімет те жақында бюджетті әр доллар үшін 360 теңге мөлшерінде бекітіп, сол бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Ал экономист Меруерт Махмұтова мұнайдың баррелі 40 доллардан жоғары болмайды деп болжайды. Ал Ұлттық банк үшін доллардың күрт әлсіреуі тиімсіз деген пікір айтты.
Меруерт Махмұтова, экономист:
Байқап отырсам, біздің Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев мырзаның жақында «Рейтерс» агенттігіне берген сұқбатына қарағанда, теңгенің қатты күшеюіне қарсы болып отыр. Өткен наурыз айында ҰБ валюта нарығында доллардың едәуір бөлігін сатып алған. Теңге күшеймес үшін. Сондықтан қысқа мерзімде, болжам бойынша, мамыр айына дейін доллар деңгейі 310-ға ғана барады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ