Русский Сайттың толық нұсқасы

Құрылыс саласындағы талаптар қатаңдатылды

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2016
  • 1859

Бұдан былай құрылыстың қыр-сырын білмейтіндер тендерге қатыса алмайды. Мұндай шектеуді құрылыс саласына қатысты  заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар қойып отыр. Өскеменде өткен баспасөз мәслихатында өңірдің бас құрылысшысы Мәди Отарбаев ережелердің биылдан бастап күшейтілгенін жеткізді. Айтуынша, бұған дейін үстел, қалам және мөрі арқылы тендер ұтып келгендердің жолы кесіледі. Ендігі талап қандай? Тілші тарқатады. 

Құрылыс саласында қатаң талаптардың қажеттігі көптен бері айтылып келеді. Мектептер, тұрғын үйлер мен ауруханалардың ғимараттары мықты әрі қауіпсіз болу қажет. Алайда, біліктілігі төмен компаниялардың тендерді ұтып, құрылысты сапасыз жүргізгені жайлы талай мысал бар. Шенеуніктердің пікірінше, бұдан былай мұндай жауапсыздыққа жол жоқ.

Мәди Отарбаев, ШҚО «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы» МК басшысы: 

Құрылыс фирмасының кем дегенде 5 жылдық жұмыс тәжрибесі және 2-ші дәрежесі болу керек. Ал, егер нысан жоғары деңгейлі жауапкершілікті талап етсе, жұмыс өтілі 10 жыл, ал дәрежесі 1-ші деңгейде болуы шарт. 

Тәжрибелі құрылысшы Ширин Алиев жаңашылдықтың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, оның жобаларға қатыстылығы да қуантқан. Айтуынша, көп кезекте құрылыстың бас құжатында жобалаушылар ескі материалдарды көрсетіп жатады. Мысалы, 1975 жылы өндірілген, алайда қазір Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде сатылмайтын тетіктер. Ал, жобадағы әр өзгертудің қосымша қаражат сұрайтынын ескертсек, бұл қыруар шығын. Енді кез келген жоба құрылысшылардың келісімімен қабылданбақ.

Ширин Алиев, құрылыс фирмасының өкілі:

Типтік стандарттар жоқ қазір. Сапаны жақсарту үшін жаңа жобалар, жаңа материалдар қолданылады. Жоболаушы ұйымдармен бірге жұмыс жүргізу маңызды деп ойлаймын. Әсіресе, кеткен кемістіктерді реттеу бағытында. Бұған дейін кедергі болған дүниелер жойылып, жаңартылады.

Құрылысшылардың пікірінше, байқауларға қойылатын жаңа талаптар көп түйткілді шешуге жол ашады. Жобалау кезеңіне үңілу арқылы құрылыс жұмыстарының сапасы жақсарады. Сондай-ақ, нысанды тапсыру мерзімі де уақытында жүргізілмек. Облыстық шағын және орта бизнес өкілдері кәсіподағының төрағасы Галина Казанцеванің сөзінше, соңғы жылдары заңға өзгеріс енгізуді құрылысшылардың өздері сұраған. Жаңашылдық қабылданды. Бірақ қуанғандар санаулы. Өйткені білікті құрылыс компаниялардың дені Ресейге жұмыс істеуге кетсе, көбі жабылып қалған. 

Галина Казанцева, ШҚО шағын және орта бизнесі кәсіподағы кеңесінің төрағасы: 

Ақша болған кезде, біз бұл талаптарды талай рет сұрап едік, ештеңе шешілмеді. Енді қаржы жоқ, уақытта оны қабылдап отыр. Меніңше, оны ертерек қабылдап, жағдайды жақсарту керек болатын. Ал қазір ауқымды жұмыс та жоқ.

Десе де, жаңа заң бұл салаға нақты өзгерістер әкеледі,- деп сенеді құрылысшылар. Сөйтіп, аталған бағытқа «адасқандар» жолай қоймайды. Демек, болашақта Қарағандыдағы  атышулы «Бесоба» оқиғасы немесе Глобокое елді мекеніндегі қабырғасы қақыраған аурухана сынды келеңсіздіктер келмеске кетпек. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ