Русский Сайттың толық нұсқасы

ЭКСПО көрмесі кезінде 170 билеттің жалған екені анықталған

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2017
  • 2645

ЭКСПО көрмесі кезінде 170 билеттің жалған екені анықталған. Бұл туралы көрменің алғашқы аптасы қорытындыланған жиында айтылды.  Электронды билет көшірмесінің 100 данасы алғашқы күні-ақ анықталған. Кейін мұндай тағы 70 дерек тіркелген. Коммерциялау департаменті директорының айтуынша, билеттің электронды нұсқасы қағазға бірнеше рет басылып, көшірілген. Жымысқы әрекет бірден анықталған. Өйткені әр билет ерекше, әрқайсысының нөмірі бар.

Дәулет Еркімбаев, "Астана ЭКСПО-2017" ҰК АҚ коммерциялау департаментінің директоры:

Біз бұл билеттердің қайдан сатылғанын білеміз. Билеттердің алғашқысы Шымкенттен сатып алынған. Көрмеге жалған билетпен келген адамдар бұдан хабардар болуы мүмкін. Өйткені олар ешқандай наразылық білдірмеген. Билет сатқан адам белгілі. Қазір мән-жайды анықтап жатырмыз.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясының өкілдері шетелдік журналистің сыни материалына қатысты да жауап қатты. Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Қуяновтың айтуынша, Джеймс Палмер есімді журналист көрмеге келмеген, тіркелмеген. Тіпті Қазақстан аумағына кірмеген. Ал көрме құрылысына, шетелдік журналист жазғандай, 5 миллиард емес, 1,3 миллиард доллар бөлінгенін айтты. 

ЭКСПО басталғалы көрмені қызықтауға 205 мың 561 адам келген. Оның 13 пайызы, яғни 26 мыңы - шетелдік турист. Күнделікті келушілер саны 10 мыңнан 34 мың адамға дейін өскен. Халықтың қызығушылығын тудырған павильондар да белгілі болды. Олар Қытай, Сауд Арабия, Үндістан, Малайзия, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Таиланд пен Жапония. Қытай павильонына 33 мың, Ресей павильонына 21 мың адам кірген. «Бірақ бұл ең қызықты павильон екенін білдірмейді», - дейді көрме ұйымдастырушылары. ЭКСПО басталғалы, «Нұр әлем» - Қазақстан павильонын 86 мың 500 адам аралаған.