Русский Сайттың толық нұсқасы

Зымыран тасығыш бөлшектері жануынан зардап жеккен адамның жағдайы әлі ауыр

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2017
  • 3431

Байқоңырдан ұшырылып, бөлшектері Жезқазған аумағында құлаған «Союз -2.1» зымыран тасығышы келтірген шығынды Ресей ғарыш айлағына тиесілі «Машинажасау» кәсіпорны өтеуі тиіс. "Астана" телеарнасына сұқбат берген «Ғарыш - Экология» ғылыми зерттеу орталығының бас директоры Жайлаубай Жұбатов осылай деді.

Жайлаубай Жұбатов, «Ғарыш - Экология» ғылыми зерттеу орталығының бас директоры: 

Енді бұл сол кәсіпорын НПО МАШ-тың жұмысшылары. Сондықтан компенсацияны солар төлеуі керек шынына келгенде. Бірақ олардың қандай мөлшерде төлейтінінде хабарым жоқ.

Бас директордың айтуынша, ғылыми зерттеу орталығынан арнайы бригада оқиға орнында ауа мен топырақтан сынама алған. Ал зымыран тасығыштың қалдықтарынан шыққан өртте жапа жеккен адамның жағдайы әлі ауыр. 49 жастағы науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер денесінің 45 пайызын күйік шалса, оның 40 пайызы терең жарақаттан тұратынын айтты.

Айжан Иса, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Науқастың жағдайы ауыр. Дəрігерлер тиісті көмек көрсетіп жатыр. Дəрі-дəрмек жеткілікті. Əзір оның денсаулығына қатысты қандай бір болжам айтуға ерте.

Ресейлік «Машинажасау ғылыми өндірістік бірлестігі» зымырандар ұшқаннан кейін оның қалдықтарын жинау қызметін көрсетеді. Науқас осы мекеменің дәнекерлеушісі болған. Оны емдеуге кеткен шығынды компания мойнына алды. Сондай-ақ, "Роскосмос" жапа шеккендерге материалдық көмек көрсететінін жеткізген. Бұл туралы қорғаныс жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мəлімдеді. Алайда, Ресей тарабы көмектің көлемін нақтыламады.

Еске салсақ, 15 маусым күні Байқоңырдан ұшқан «Союз-2.1а» зымыран тасығышының жерге түскен сынықтары өртеніп, 10 мың гектар алқап өртке оранды. Салдарынан  бір адам қаза тауып, тағы бірі ауруханаға түскен.