Ақтөбеге экологиялық аймақтардан келіп жұмыс істеп жүрген 350-ге жуық жұмысшы өздеріне төленетін қосымша ақыларының 30 пайызынан қағылған. Бүгін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Октябрь» кен орнының бір топ жұмысшысы осылай деп наразылық білдірді. Олар «еңбек заңдылығын сақтауды сұрап, мекеме басшылығы мен прокуратураға шағымдандық, алайда әзірге еш нәтиже болмай тұр» дейді. Мұнайшылар талабы қаншалықты заңды? Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Өткен жылдың соңына дейін Ақтөбенің Шалқар ауданы мен Қызылордадан келіп жұмыс істейтіндерге, қосымша төленетін ақы, жалақыларының 50 пайызын құраған. Дегенмен, қазір оның 20 пайызын ғана алып отыр.
Бұрын жұмысшылар орташа 150 мың теңге алып келсе, қазір еңбекақылары 100-110 мың көлемінде ғана. Енді олар "50 пайыздық жеңілдікті қайтарсын, немесе айлығымызды көтерсін" деп талап қойып отыр.
Шамиль Тухватуллин, мұнайшы:
Совет үкіметінен бастап сол жеңілдіктер берілуі тиіс. Заң бар. Енді генеральный директор келіп біздің, СНПС-дің, бұйрық шығарған, заңды өзгертіп тастады. Бізге қазір 50 пайыз төлемейді, 20-ақ пайыз төлейді. Талап ететініміз ҚР заңы бар, сол заңды қолдансын, Арал регионында тұратындарға заң бар. Министрдің заңы Ата заңға қайшы болмау керек.
Ал компания басшылығы бұл Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен келісілген, барлығы заңға сай деп отыр.
Махамбет Санжаров, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары:
Еңбек кодексі шыққаннан кейін біздің компания министерствоға хат жазды. Осындай заң шықты, түсіндіру жағдайын. Манағы айтып жүргендер, олар экологиялық қауіпті жағдайда тұрған адамдар. Олар алдында 50 пайыз алса, қазір 20 пайыз, аз алатын болды.
Осы уақытқа дейін экологиялық аумаққа Ақтөбе облысында Шалқар ауданының тұрғындары жатқызылды. Енді Темір, Байғанин, Мұғалжар ауданы да қауіп алдындағы аймаққа енгіліген. Демек, олардың жалақысына да 20 пайыз төлем қосылады. Сондықтан мұндай жұмысшылар саны артқан. Оның үстіне экологиялық аймақтарға тіркеліп, заңсыз ақы алып келген фактілер де болыпты.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Енді 2 мыңнан астам мұнайшы 20 пайыздық қосымша ақы алады. Бұл жеңілдік қызметкерлердің мекенжайына емес, жұмыс орнына байланысты беріледі.
Жақсыбек КЕМАЛ