Сайлауға таңмен таласа сарбаздар да келді. Қарағандылық отан қорғаушылар бүгін алғашқылардың бірі болып өз таңдауларын жасады. 6505 әскери бөліміндегі сайлау учаскесі ашыла сала, 400-ден астам қатардағы жауынгер дауыс беруге саппен келді. Бүгін демалыс болса да, сарбаздар әскери тәртіпті сақтап, саяси науқанға үн қосты. Жалпы, Қарағанды облысының 5 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан 4 мыңнан астам жауынгер өз таңдауын жасамақ. Олардың көбі науқанға бірінші рет қатысып отыр.
Әділет Сыдығалиев, Қарағанды қаласы №6505 әскери бөлімінің сарбазы:
Бүгін мен үшін үлкен мақтаныш, үлкен абырой. Себебі ҚР Ұлттық ұлан сабында қызмет атқара жүріп, бірінші рет дауыс бердім. Бұл Қазақстанның болашағын шешу үшін деп ойлаймын. Сондықтан өз даусымды өзім қалаған партияға бердім.
Данияр Кішкенбаев, Қарағанды қаласы №6505 әскери бөлімі атқыштар взводының командирі:
Әскери қызметкерлер әскери бөлімде болғаннан кейін тәртіп те жоғары. Белсенділік те жоғары. Әр сарбаз өздері таңдаған кандидатқа дауыс беріп жатыр.
Еске салайық, Қарағанды облысында саяси науқанға 841 мың сайлаушы бар. Оларға 788 сайлау учаскесі қызмет көрсетеді. Жергілікті мәслихаттар депутаттығына үміткер саны - 860. Оның 121-і облыстық, ал қалғандары қалалық және аудандық мәслихат кандидаттары. Депутаттық мандатқа 3 адам таласып отыр. Ал облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттарға 298 орын бар.
Айжан ҚУАШ