Депутаттар денсаулық сақтау министріне сабыр тіледі

«МӘМС - халықтан пайда табатын емес, пайда беретін жоба болуы тиіс». Қайта-қайта талқылансада түйіткілі тарқамайтын тақырып Мәжілісте қайта қаралды. Дүрсе қоятын депутаттарға денсаулық сақтау министрі бұл жолы біраз өзгеріспен келген. Бұдан былай табысы жоғары тұрғындар жарнаны көбірек төлеуі мүмкін. Қазіргінің өзін көпсініп, ақшамыз ақталамайды деп наразы болғандар ендігі талапқа не дер екен? Жыр болған жүйе қашан жүйеленеді? Жауаптылар тым болмағанда бүгін бір шешімге келген болар. Аружан Задабек толығырақ түсіндіреді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

МӘМС пе, майшелпек пе? Өзіміз де ажыратудан қалдық. Бітпейтін проблема, тоқтауы жоқ дау. Салаға қатысты тоқетер шешімнің қашан болғаны есте де жоқ. Басталғалы береке қашты. Теңге берсек те тегін қарала алмаймыз деп жұрт жылады. Тиімсіз деді қысқасы. Соған қарамай жүйені енгіздік. Енді келіп депутаттар таң енді атқандай саланы қайта-қайта сынап әлек. Сол кезде неге айтпады екен дейсің мұндайда. Депутаттар деймін-ау, Әлназарованың өзі сенатор кезінде бұйрықты бір емес, бірнеше рет бетін басып, масқараға тенеген. Енді өзі министр болып іске келді, өзгертеді деп үміттендік. Сол қиялмен әлі жүрміз.  


БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Сіз бұл бағытта министр болып келгелі ештеңе істеген жоқсыз. 2017 жылғы заңға қайшы бұйрықтың күшін жойған жоқсыз. Екіншіден, сіздің алдыңызда – МӘМС-тегі жемқорлық көзі тұр. Бұл 2020 жылғы бұйрық. Ол бұйрық жемқорлық қаупін туғызады. Сіз министр болып келген кезде осы бұйрықты неге өзгертпедіңіз? Осыны сенатор ретінде көп сынаған едіңіз.


АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Қарға баласын аппағым дер» деген осы шығар. Министр боп келгелі мін жұқтырмайды, әйтеуір. Бірақ шын туайтына келгенде бұл бұйрықты қабылдаған Әлназарова емес. Басшы тек өткеннің жыртығын жамап әлек. Мұның артында бүтін бір міндетті медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшысы тұр. Жүйені жемқорлыққа айналдырған  да –сол  дейді депуттар. Бірақ, қызығы экс-қызметкер әлі күнге дейін жауапкершілікке тартылмапты.


МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біреу заң бұзса, ақшасын қайтарып береді, екіншілері қайтармайды. Бұл қалай? Басқа салада мұндай әрекеттер ұрлық, қылмыс болып есептеледі. Неліктен осындай фактілерге жол бергендер әлі қамауға алынбаған, емханалар неге әлі қызмет көрсетіп отыр?


АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:


Ай сайын өзіміз әрең жететін айлықтан ақша жырып, бірақ дәрігердің қабылдауын айлап күтетініміз жасырын емес. Осы тұста қашан теңгемізге сай тегін қызмет аламыз деп «ах» ұрамыз. Сөйтсек заң жобасында науқастың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана шұғыл, тез тегін көмек ала алатынымыз жазылған екен. Бірақ, туралып келсе, адам тұмаудан да өліп кетуі мүмін емес пе? Оның үстіне біз диагнозды дәл қоятын дәрігер көп деп мақтана алмаймыз. Тіпті, кей өңірлер статистиканы бұзбау үшін шын ауруды тіркемейді.


АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Шұғыл жағдайда ғана көмек көрсетіледі деген мәселені жіктеп айтып өтейін. Жедел жәрдем қызметіне оның ешқандай қатысы жоқ. Жедел жәрдем қызметі категория бойынша қалай көрсетілді, солай қалады. Ол барлығына қолжетімді болады.


АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:


Былтыр Еуропаға барып екі рет емделген Ермұрат Бапи шетелге барып Қазақстанның қадірін түсінгенін айтты. Депутат өзге елде «МРТ-ға түсіп, біздегі бағаға шүкір дедім» дейді.


ЕРМҰРАТ БАПИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Сол кезде МРТ бағасы 870 еуро, КТ бағасы 750 еуро болған кезде мен Қазақстанға бағаға құдайға шүкір деп ойладым.


АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қысқасы, енді табысы жоғары тұрғындар жарнаны көбірек төлеуі мүмкін. Ал жұмыссыз жүргендер мен әлеуметтік осал топтар үшін жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді. Осылайша келер жылға дейін 1 миллион аса адам МӘМС-пен қамтылмақ. 2 сағат бойы депуттардан сөз естіген министр қалған кемшіліктерді бірлесіп шешеміз деп  уәде берді. Не дейміз енді, «уәде – Құдай сөзі». Әйтеуір бір өзгерер деп тағы сенейік. Ал әзірге Әлназароваға тілеріміз – мынау.