«Қасиетті Қазақстан» - тізім жасалып жатыр!

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2017

«Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлымен сұхбаттасқанбыз, қасиетті орындардың атласы қалай дайындалып жатыр, қашан дайын болады? – деген сияқты сауалдарға жауап сұрап.

Берік Әбдіғалиұлы, «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі:

Бұл таза ғылыми жоба емес, діни де жоба емес, халық әр түрлі ұғыммен түсініп жатыр. Бұл ең алдымен Қазақстан, қазақ тарихындағы елеулі орын алатын тарихи тұлғалар мен жерлерге байланысты ескерткіштер мен орындар. Оның ішінде мысалы, тас дәуіріндегі петроглифтер – Таңбалы тас сияқты, басқа да көне – сақ заманындағы Берел сияқты жерлер де қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, Әзірет сұлтан, Арыстан баб, Бекет ата. Әрбір аймақтағы жалпыұлттық деңгейдегі елдің тағзым ететін, ғибадат ететін жерлері, орындары, ескерткіштері кіреді. Сонымен қатар Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғаларға да байланысты – мына, «қалмақ қырған» дейміз, немесе Ордабасы дейміз, Алматыдағы Тәуелсіздік алаңы, Желтоқсан-86-ға арналған ескерткіш, ол да кіреді. Тізім анықталып жатыр, жобасы бар. Оны анықтайтын халық, аймақтағы ғалымдар, ақсақалдар, өлкетанушылар бірігіп, бізге тізім ұсынып жатыр. Сол тізім бойынша біз жаздың ортасынан бастап, өкімет қаражат бөлсе, әрбір аймаққа ғылыми, этно-мәдени экспедициялар жібереміз. Онда ғалымдар, аймақтардағы ғалымдар, өлкетанушылармен қарастырады. Ең бастысы, бізге халықтың бұрыннан бері барып жүрген, тағзым ететін жерлері. Ол ескерткіштердің халыққа ықпалы. Адамның сол жерлерге, ескерткіштерге бір қатынасы. Көбісі ойлайды, бұл жобаның мақсаты ескерткіштерді қалпына келтіру, жөндеу деп. Жоқ, бастысы – Адам. Адамның мүддесі және мемлекеттің мүддесі.

 Сол орындардың халыққа ықпалы зор. Археологиялық, архитектуралық келбет ғана емес, соған байланысты аңыздар. Ондай жерлерге неге барады, халық? Мысалы, бізде тұлғалар ғана емес, табиғи ландшафттар да бар, тағзым ететін. Үңгірлер, талдар, көл, тастарға дейін. Баянауылда, шығыста қоңыр әулие деген бар. Бала көтере алмай жүрген әйелдер барып, сол жерде Алладан сұрап, сол қабыл болып жатқан мысалдар бар. Оңтүстікте әулиелерге барса, ол жерде адам да жатқан жоқ, ол үңгір. Мысалы, Ұлытауға да барып, тілек тілеп, тағзым етіп жатқандар көп.

Тізім бекітілді, атлас жасалды, әрі қарай?

Бұл бағдарлама 5 жылға арналған. Тізімдегілер бойынша зерттеулер, кітап-альбомдар шығарып, фильм түсіріп, насихаттау. Өйткені олар қазақ үшін, Қазақстан үшін, азаматтар үшін елеулі әсері бар ескерткіштер. Сол жерлердегі аңыздар, сол жерлерде жатқан тұлғалардың өмірбаяндары бойынша толыққанды ұлттық сана-сезімді тәрбиелеу. Қасіретті жерлер де бар. Ашаршылық құрбандары, 37-ші жылғы АЛЖИР сияқты сондай жерлер де қарастырып жатыр. Қазақ жерінің кеңдігі мен тарихынына тереңдігіне байланысты біртұтас етіп қарастыру. Елбасының да мақсат қойып отырғаны, бізге жат, басқа құбылыстарға төтеп беру. Қалқан болсын деп, осы ескерткіштеріміз бен киелі жерлеріміз. Өкінішке қарай, алаңдататын іс-қимылдар көбейіп кетті.

Бізде дүние қуып кетті, ойлайтыны байлық. Дерттері шығып жатыр. Бұл бағдарламаның мақсаты сондықтан рухани жаңғыру. Алда экономика емес, рухани құндылықтар жүруі керек. Экономика сол рухани құндылықтарға қызмет етуі керек.

Қасиетті жерлердің 3 д картасын жасап, тек ғана ескерткіш туралы ғана емес, оған байланысты аңыздар, оқиғалар, қызықты тарихы, соның бәрін шығару жоспарланып отыр. Мақтаныш сезімін оятып, ұлттық мінез қалыптастыруға септігін тигізеді деген үміт бар.

Енді тіршілік көріністеріне ойыссақ. «Сайрамда бар сансыз бап» деп текке айтылмаған. Сайрам өңірінде тарихи, киелі орындар, кесенелер өте көп. Былтыр Түркістанға жаяу сапарлаған, биыл да 25 шақырымдық жолға жаяу шығып, Сайрамға келген Ақсукент елді-мекенінің тұрғынын біздің тілшіміз сөзге тартқан.

Мұратәлі Қажыбеков, Ақсукент елді-мекенінің тұрғыны:

Көп халықпен сөйлесесің, көп жерлерді көресің, машинамен зу етіп өтіп кеткен ол басқа, демалып, табиғатта болып, жақсы жерлерді көріп, аралап жүргенге ешнәрсе жетпейді. Екіншіден денсаулыққа жақсы. Физикалық тұрғыдан жаттығамыз.

Авазхан Қадиров, Қарашаш ана кесенесінің шырақшысы:

Бізге көрініп тұрған Қарашаш ананың кесенесі. Ол 14-ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен көтерілген. Бұл анамыздың нағыз аты Айша ана. Өте білімді әйел болған. Медресе ашып, қыз-келіншектерді жинаған, оларға ілім-білім берген анамыз болған. Құранды араб тілінен түркі тіліне аударып берген кісі. Аласа болғанымен, толқынды ұзын қара шашы болғаны үшін, халық Қарашаш деп, Қарашаш ана атанып кеткен дейді. Бала сүйе алмай жүрген келіншектерді уақалау жолымен емдеп, бала көруіне себепші болған анамыз болады. 

Той-томалақтарда адам ұялатын қимыл жасап, әдепсіз билегендер бейнеленген видеоларға ыржалақтап күліп, басқаларға жіберудің орнына қасиетті туған жердің киелі мекендерін аралап, солардың көрінісін таратсақ!