Русский Сайттың толық нұсқасы

Психологиялық қолдау орталықтарына келушілердің саны 20 мыңға жуықтады

  • 15 мамыр 2025
  • 174

Жыл басынан бері 200-ге жуық кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсады. Зерттеулерге сәйкес, мұндай қадамға баруға отбасындағы қиындықтар мен қатарластар арасындағы әлімжеттік ықпал еткен. Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында былтыр еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Бүгінде мұнда келушілердің саны 20 мыңға жуықтады. «Басым көпшілігі – жасөспірімдер»,- дейді мамандар.  

ЖІБЕК НҰРЖАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Орталықтарды ашудағы мақсат - балалардың, ата-аналардың кеңес ала алуына жағдай жасау. Ақысыз түрде психологтің көмегі беріледі. Осы бағытта қазір жұмыс күшейтіліп отыр. Кәмелет жасқа толмаған балалармен ата-анасының рұқсатымен жұмыс жүргізіледі.


Сондай-ақ биылғы оқу жылы буллингке қарсы екі пилоттық жоба аяқталмақ. Сарапшылар оң қорытынды беріп, нәтижелер байқалған жағдайда бағдарламалар барлық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Нәтижесін бермей жатыр деп те айтуға болмайды. Әрине, бұл бағытта мемлекет өзінің барлық мүмкіндіктерін жасап жатыр. Мұнымен күресте әлемдегі дамыған мемлекеттердің функцияларын алу қажет, үйрену қажет. Оның барлығы бір комплекстік жұмысты талап етеді.