Русский Сайттың толық нұсқасы

Астаналық қариялар сахнада өнер көрсетті

  • 19 мамыр 2025
  • 255

Астаналық ардагерлер сахнаға шықты. "Ардагерлер көктемі" атты фестивальге қатысқан қариялар түрлі жанрда өнер көрсетті. Мәдени шара Жеңістің 80 және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Өнер фестивалінің өтуіне Астана қаласының әкімдігі мұрындық болды.

200-ге тарта зейнеткер өнер көрсеткен фестиваль шығармашылық ұжымдардың шеберліктерін жетілдіруге арналды. Шара арқылы аға буын өкілдері жастарға белсенді өмірді насихаттады.  

САНСЫЗБАЙ ЕСІЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл фестивальді біз 80 жылдық Ұлы Жеңіс мерейтойына арнадық. Фестивальдің сол бағдарламасында да Жеңіске арналған нөмірлер бар. Сондықтан бүгін бір сәтті күн болып отыр.


Қариялардың сахналаған шығармалары бір-біріне ұқсамады. Әр топтың өзіндік ерекшелігі болды.

МЕЙІРКҮЛ ӘБДІРАХЫМҚЫЗЫ, «ДАЙДИДАУ» ЭТНО-АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ:
 

Қазір бізде «Қара кемпір» әнін жоқтау жанрына түсіріп, соны театрлап, сол бетінде көрсетуге тырысамыз. Жоқтау жанрына түсіріп «Қара кемпір» әнін ешкім әлі айтқан емес. Біз бүгін бірінші рет айтамыз.


ШӘРБАТ ҚҰРМАНОВА, «САҒЫНЫШ САЗЫ» АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Өте көңілді күймен келіп жатырмыз. Өмірімізді, жастығымызды жалғастыруға осындай шаралар өте керек деп ойлаймын. Өмір деген тез өтеді. Жаспыз деп жүргенбіз, міне зейнет жасына да келіп қалдық.


Қалың көрерменге өнерін паш еткен зейнеткерлердің ешқайсысы марапатсыз қалмады. Барлық шығармашылық ұжым түрлі номинацияларға ие болды.