Қазақстан зейнетақы бойынша әлемдік рейтингте Сингапурды, Қытайды, Испания мен Түркияны басып озды

Былтыр дертіне дауа іздеген 80 мың адам елімізе келім ем алған. Отандастарымыздың дені шекара асып шипа тауып жүргенде, сонау Германия, Қытай, Австрия сынды алпауыт мемлекеттерден адамдар ағылып келуде. Ем іздеген туристерді медицинаның қай саласы қызықтырып отыр? Толығырақ "Экономика" топтамасында.

Қайырлы кеш! Эфирде "Экономика". Студияда мен Сүндет Оралбек.

Дертіне дауа іздеп елге келетін туристер саны жыл санап артып жатыр. Былтыр 45 мемлекеттен 80 мың адам шипа табу үшін шекара асып келді. Туристердің 90 проценті ТМД елдерінен келген. Басым бөлігі тісін емдетіп, жүрек пен буындарына операция жасатқан. Одан бөлек, көздің мөлдір қабығын транспланттауға да сұраныс жоғары. Қазір бізде 10 шақты медицина ұйымы ғана халықаралық нарыққа қызмет көрсетеді. Көбісі әлемдік деңгейде ем-дом жасауға құлық танытпай отыр. Себебі, медициналық агенттерге комиссия төлеуден қашқақтайды. Бірақ, Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония сынды елдер туризмнің дәл осы түрі арқылы қазынасын толтырып отыр.

Өткен айда отандастарымыздың алған несиесі біршама артты. Наурызбен салыстырғанда 13 процент көбейген. Басым бөлігі ипотекалық несие рәсімдеген. Олардың саны 13 мыңға жуықтайды. Ал қарыз көлемі 247 млрд теңге. Адам басына шаққандағы несие соммасы 19 млн теңге. Сондай-ақ, сәуірде 25 мыңға жуық азамат көлікті кредитке алған. Олардың қарызы 238 млрд теңгеден асады. Тұтынушылық несиелеуде өсім баяу. Ал кәсіпорындардың банктен алған берешегі жетерлік. Кәсіпкерлер бір айда 2 трлн теңге қарыз алған. Бұл наурызбен салыстырғанда 35, өткен жылмен салыстырғанда 29 процент көп.

Қазақстан зейнетақы бойынша әлемдік рейтингте Сингапурды, Қытайды, Испания мен Түркияны басып озды. Allianz сақтандыру компаниясының жасаған статистикасында 71 мемлекеттің ішінде еліміз 26 орынға табан тіреді. Сарапшылар демографиялық өзгерістердің қарқыны, өмір сүру деңгейі, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы және қартайған шақта қолына алатын қаржысы қаншалықты жеткілікті екеніне зерттеу жүргізген. Көш басына Дания, Нидерланды мен Швеция жайғасқан. Ал Лаос, Малайзия мен Шри-Ланка рейтингті түйіндеп тұр.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 511 теңгеден саудалануда. Еуро 580, Ресей рублі 6,42 теңге болды.

Мендегі бар ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!