Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің екінші раунды аяқталды. Тараптардың осы жолғы уағдалары да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Ашуланған Зеленский, кім болса соны жіберуді доғарыңдар, - деп, Ресейге шарт қойды. Ал, Израиль әскері Газа халқын кезекті рет тұзаққа түсірді. Азық-түлік алуға келген тұрғындарды атып, 32 адам мерт болды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Ресей өзі жасаған меморандумды ақыры Украинаға берді. Әне-міне береміз, - деп Ресей делегациясының басшысы 14-і мамырда айтқан еді. Нәтижесінде, тек жарты айдан кейін табыстады. Дегенмен, тараптар, тұтқында жатқан 6000 сарбаздан айырбастауға келіскен.
РҮСТЕМ УМЕРОВ, УКРАИНА ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Бұл келіссөздердің басты тақырыбы шешімін таппады. Біздің басты мақсатымыз – ұрыс қимылдарын және адамдардың өлімін тоқтату. Бірақ, ауыр жараланған сарбаздарды алмасуға шешім қабылдадық. Сонымен қатар, бұдан да жоғары деңгейде келіссөз жүргізуге ұсыныс жасадық. Алайда, Ресейдің оны қабылдайтын түрі жоқ.
Украина Президенті Владимир Зеленский мүлдем ашуына мінді. Тараптар келіскен тағы бір мәселе – өлген жауынгерлердің мәйіттерін алмасу. Бірақ, Зеленскийдің бұған да көңілі толмады.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресейден соғысты тоқтатуды сұраудан бұрын, келіссөздерге топас адамдарды жіберуді тоқтатыңдар дегім келеді. Өлгендердің денесін командирлер онсыз да алмастыруда. Осыны да нәтиже деп, қалай айтуға ауыздары барады екен?
Израиль Газа тұрғындарын өлтірудің жаңа әдісін ойлап тапты. АҚШ ұйымдастырған гуманитарлық миссия бойынша ашыққан халыққа азық-түлік тарату кезінде оқ жаудырып жатыр. Осымен бұндай жағдай үшінші рет қайталанды. Алғашында 2 адам оққа ұшса, бүгін 32 адам мерт болды.
КАМЕЛ АГА, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
Осы жолы қауіпсіз болады ма деп барған едік. Израиль әскері адамдардың көп жиналғанын күтіп тұрды да, аяқ-асты оқ жаудыра бастады. Онсыз да әкелері жоқ балалар, осы оқиғадан кейін аналарынан да айырылды. Олардың күні енді не болады?
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымы Израиль келе жатқан Құрбан Айт кезінде шабуылыне үдете түседі ме, - деп қауіптеніп отыр. Оның алдын алу үшін өңірге гуманитарлық миссияға көмек жіберу қарастырылуда.